Ұстаз дегенде көз алдымызға ғылыми жетекшіміз, ақ жүректі Галина Сафағазықызының жылы жүзі келеді. С.Киров атындағы университеттің химия факультетіне алғаш оқуға түскенде алдымен куратор, содан кейін ғылыми жетекші болған Галина Қуанышева еді.
Ұстазымыз 1942 жылы Ақтөбе облысының Қобда ауданына қарасты Ново-Алексеевка селосында қызметкер жанұясында дүниеге келген. 1964 жылы университеттің «Үлкен химия» аталған бейорганикалық химия кафедрасын ойдағыдай аяқтап, кафедра меңгерушісі Б.Бірімжановтың шақыруымен жұмысқа қалды. Еңбек жолын студент кезден (1963 жылы) бастаған ол лаборант, аға лаборант, одан кейін «Химия және табиғи тұздар мен тыңайтқыштардың химиялық технологиясы» зертханасында аға инженер болып жалғастырды. Алғашқы күннен бастап профессор Б.Бірімжановтың жетекшілігімен «Магнезиалды фосфаттарды алудың физико-химиялық негіздері» атты ғылыми тақырыпты әрі қарай қаузады.
1971 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, сол жылы (1971 ж.) Бейорганикалық химия кафедрасына аға оқытушылыққа орналасып, 1975 жылы доцент болды. 1991 жылы докторлық диссертациясын қорғаса, 1993 жылы Бейорганикалық химия кафедрасында профессор болып қызмет атқарды.
Білім министрлігі мен Қазақстан Республикасының ғылыми бағдарламасына кіретін «Әртүрлі күкірт, кремний, магний, фосфор бар қосылыстарды синтездеу» тақырыбы бойынша іргелі ғылыми-зерттеу аймағында, фосфаттар химиясына арналған және олардың негізінде бейорганикалық материалдар мен заттар алу бағытындағы ғылыми жобалардың жетекшісі. Табиғи фосфат минералдар мен полимер фосфаттар үшін өңделген методологияның, фосфор кендерінен пайдалы компоненттерді, фосфоры бар полимерлі материалдарды өңдеудің практикалық маңызы өте зор екенін дәлелдеген айтулы ғалымның бүгінде 400-ге жуық ғылыми және әдістемелік еңбектері жарық көрді. Оның ішінде бір монография, 12 оқу-әдістемелік құрал, үш автор куәлігі бар. Галина Сафағазықызының есімі тек елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де танымал.
Көрнекті ғалым халықаралық, одақтық, республикалық симпозиумдар мен конференцияларға қатысып (Варна, Болгария), Киев (Украина), Мәскеу, Санкт-Петербор, Иркутск, Куйбышев, Пермь, Красноярск, Грозный (Ресей), Лондон (Англия), Ченай (Үндістан), Ташкент (Өзбекстан), Фрунзе (Қырғызстан), Ашхабад (Түрікменстан), сонымен қатар еліміздегі Қарағанды, Алматы, Тараз, Атырау, Павлодар қалаларындағы ғылыми басқосуларда маңызы зор көптеген баяндама жасады.
Галина Сафағазықызы 2009 жылы «Химия факультетінің үздік оқытушысы», 2010 жылы Білім және ғылым министрлігі грантының иегері атанды.
Жоғары білімді кадрлар даярлауда профессор Г.Қуанышева ерекше үлес қосты. Оның жетекшілігімен үш докторлық, сегіз кандидаттық диссертация қорғалды. Шәкірттері республикамыздың көптеген аймақтарында жемісті еңбек етіп жүр.
Профессор 1992 жылы ғылыми-педагогикалық еңбектері үшін «Халықтық оқу-ағарту үздігі», 1994 жылы Нью-Йорк ғылымдар академиясының мүшесі деген құрметті атақтарға ие болды.
2017 жылдың шілде айында химия ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, фосфат шикізатының және басқа да химия, сондай-ақ экология саласының ірі ғалымы, талантты педагог Галина Қуанышева өмірден озды.
Бар ғұмырын елінің игілігі мен ортақ мақсаты жолында ғылымның жетекші әрі күрделі химия саласына арнаған айтулы ғалым, жүздеген маман тәрбиелеген парасатты ұстаз Галина Сафағазықызы шәкірттерінің есінде мәңгі қалады.
Бейқұт БАЛҒЫШЕВА,
х.ғ.д., доцент
Назгүл ДАЛАБАЕВА,
х.ғ.к., аға оқытушы
химия және химиялық технология факультеті