ҚазҰУ дәстүрлі Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз тойын биыл тағы да дүркіретіп өткізді.
Ырыс пен ынтымақтың, татулық пен бірліктің символына айналған мерекені асыға күтетін болдық. Тіпті өзге ұлт өкілдерінің алтыбақан теуіп, ұлттық сусыннан дәм татып жатқандарын көргенде, көп ұлтты, пейілі кең, көңілі дархан еліміз жиған-тергенін тек тойға беретін текті халықтың ұрпағы екенімізді тағы да бір дәлелдей түстік деуге болады. Тамыры терең кенен тарихы бар егемен еліміздің белді оқу ордасы жасампаз мерекені ұлан-асыр той жасап қарсы алды. Мерекелік кеш шымылдығын университетіміздің оркестрі ашты. Олар «Сарыарқа» және «Адай» күйлерін орындап, дүйім жұрттың қошеметіне бөленді.
Жиында сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Бүгін еліміздегі ең үлкен дәстүрлі мейрам ұлыстың ұлы күні әз-Наурызды атап өтіп отырмыз. Тарих қойнауынан бастау алған ұлық мерекені табиғаттың бізге берген үлкен сыйы деп білемін. Күн мен түн теңесіп, жарқын болашаққа қадам бастыратын көктемнің алғашқы күні де келіп жетті. Оның маңыздылығын, тарихын, көлемділін ескере отырып, қазіргі таңда ЮНЕСКО әлемдік деңгейдегі мейрамдардың қатарына қосқаны біз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан да, наурыз мейрамын болашақтың мейрамы деп қабылдауымыз керек. Биылғы жылдың ерекшелігі Қазақ хандығының 550 жылдығы, сонымен қатар тәуелсіз еліміздің конституциясы мен Елбасы құрған Қазақстан Халықтар ассамблеясына 20жыл, Ұлы Жеңіске 70 жыл, әлемдегі екінші ұстаз атанған әл-Фараби бабамызға 1145 жыл толуымен барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын. Сонымен қатар университетіміздің жыл сайынғы жетістігі де баршамызды қуантады. Бір кісідей жұмылып, кештің өтуіне атсалысып жатқан әріптестеріме де алғыс білдіремін. Наурыздан наурызға жете берейік, наурыз мәңгілік болсын!» деп игі тілек тілесе, бостандық ауданыны әкімі Торғаев Бекқали Нұрғалиұлы ұлыс оң, ақ мол болсын. Бірлігіміз мен елдігіміз берік болсын деген ақ ниетін білдірді.
Ұлыстың ұлы күні келгенде, ағаштан – бал, шөптен – сүт тамсын! деп әр сөзін діттеген нысанына дәл көздейтін ҚазҰУ қалашығының тұрғындары мен студенттері қазақы салт-дәстүрдің барлығын сақтап, бұта ағаштарды отырғызуды да ұмытпады.
ҚазҰУ қалашығында Алматы қаласы әкімдігі, ҚазҰУ басшылығы, дипломатиялық корпус өкілдері қолдарына күрек алып, ағаш отырғызу рәсіміне жұмыла қатысты. Жыл басында тал егу ырымы бұл мерекеде де тыс қалмады. Халықаралық ұйым өкілдері және АҚШ, Венгрия, Ресей Федерациясы, ҚХР, Ауғанстан, Моңғолия елдерінің бас консулдары және мәдени орталықтардың өкілдері қатысып, жаңа баққа «Достық аллеясы» атауы берілді. Жасыл бақ ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасы мен Спорт кешенінің аралығына отырғызылды.
Халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен көне салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан көріністер қойылып, кішкентай Ғалымқайыр есімді сәбидің тұсауын ректор өзі кесті. Сақтың салты, ғұнның ғұрпы, қазақтың ырым-тыйымдары бойынша ешкімнің ала жібін аттамасын, ғалым болсын деген ақ тілектер айтылды.
Ал мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Тазалық апталығы» байқауында «Үздік оқу ғимараты» номинациясы бойынша I орынды әскери кафедра, II орынды механика және математика факультеті, III орынды халықаралық қатынастар факультеті өзара бөлісті.
Сондай-ақ кәріс, ауған, түрік сынды этно-мәдени орталықтары ұйымдастырған көрме де мерекеге өзіндік көрік сыйлады. Домбыра шанағынан күй төгіліп, қыздар мың бұрала би билесе, сал-серілік қырынан танылған жігіттер қауымы әуелетіп әуезді ән шырқады, қол күрестіріп білек күштерін сынасты.
Көк қылаулап, бәйшешек бүр жаратын жаңару күнінде бір-бірімізге тек игі тілеп, алдағы атар күнімізден тек жақсылықты күтейік. Бақуатты еліміздің бірлігі мен тірлігін көрсете білген ҚазҰУ міне осындай ұлан асыр той жасады.