ҚазҰУ-да мегагранттың алғашқы нәтижелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да мегагрантты іске асырудың бірінші жылының нәтижелеріне арналған консорциум мүшелерінің алғашқы жұмыс кеңесі өтті.
Аталған грантты ҚазҰУ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламалар конкурсында жеңіп алған болатын. Грант көлемі 4 млрд теңгені құрайды. Бағдарлама «Жасыл өсу» контексінде Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерін орнықты дамыту: кешенді талдау, тұжырымдама, болжамды бағалау және сценарийлер» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (БНҚ) шеңберінде іске асырылады.
Жиында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова мегажобаны іске асырып отырған консорциум мүшелеріне алғыс білдірді.
Ғылыми жобаға «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ, У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты, Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты, Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Ботаника және фитоинтродукция институты мен Экономика институты атсалысуда.
Проректор қазіргі уақытта Қазақстан үшін басым міндеттердің бірі өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті. Қарқынды дамып келе жатқан және бәсекеге қабілетті өңірлер – халықтың әл-ауқатын жақсарту көзі. Бұл аймақтық теңсіздіктерді азайту және бүкіл елдің теңдестірілген және тұрақты дамуына қол жеткізу стратегиясының негізі. «Әсіресе Батыс Қазақстанның айтарлықтай экономикалық әлеуеті бар, алайда оның болашақ экологиялық-әлеуметтік-экономикалық дамуындағы орнықтылығы табиғи ресурстарды пайдаланудың ұтымсыз моделіне және ағымдағы экологиялық, табиғи және әлеуметтік-демографиялық проблемаларға байланысты қауіп төніп тұр».
Бағдарлама тұрақты даму мақсаттарымен және аумақтың тұрақты экологиялық-әлеуметтік-экономикалық дамуымен байланысты Батыс Қазақстан өңіріндегі стратегиялық маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. Бірлесіп іске асырылып жатқан мегажобада алға қойылған мақсаттарға табысты қол жеткіземіз деп үміттенеміз», – деп атап өтті ҚазҰУ проректоры Жәмила Нұрматқызы. Сондай-ақ ғылыми жетекші, география ғылымының докторы, профессор Мәулкен Асқарова сөз сөйлеп, мегагрант бағдарламасының жалпы тұжырымдамасын ұсынды. Оның айтуынша, биыл ғалымдар мен сарапшылар жұмыстың бірінші кезеңін орындады. Ақпараттық мәліметтер базасы мен балық және басқа да су биологиялық ресурстарын бағалаудың әдістемелік негіздері жасалды. «Батыс Қазақстан өңірі су айдындарының табиғи және шаруашылық ресурстық әлеуеті, балық ресурстарын пайдалануды оңтайландыру жолдарын анықтай отырып, балық өндіру және балық өңдеу қуаттарын, аквакультура шаруашылықтарын, балық питомниктерін орналастыру туралы мәліметтер жиналды. Жобаның жұмыс тобы биоалуантүрлілікті, сирек кездесетін әрі құрып кету қаупі төнген балық түрлерінің популяциясын және даму болжамын сақтау бойынша шаралар әзірледі», – деп атап өтті Мәулкен Асқарова.
Пленарлық отырыс барысында жобаға қатысушылар ғылыми баяндамалар жасады. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, профессор Қажмұрат Ахмеденов «Жем ресурстарын бағалаудың әдістемелік негіздерін әзірлеу» тақырыбындағы баяндамасын ұсынды. «Батыс Қазақстан облысының табиғи-шаруашылық жүйелерін дамытудың негізгі факторы ретінде табиғи ресурстық әлеуетті бағалау» атты шағын бағдарлама жетекшісі, профессор, «Балық шаруашылығы» ғылыми өндірістік орталығы бас директорының орынбасары Сәуле Асылбекова баяндама жасады.
Мегагрантты іске асырудың бірінші жылының қорытындылары бойынша консорциум мүшелерінің жұмыс отырысының соңында жоба қатысушылары 2024-25 жылдарға арналған алдағы жұмыс жоспарларын талқылады. Осы кезеңде ғалымдар аймақтың тұрақты экологиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуы, экология, су ресурстарын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау және басқару мәселелерінің шешімін табу керек болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі