Сексенінші жылдардың орта шенінде Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің білім алушыларына дәріс оқыған ұлағатты ұстаздарымыздың қатарында болған әдебиеттанушы ғалым, оқытушы Жанғара Дәдебаевтың да есімі шәкірттері тарапынан ілтипатпен аталады. Ұлттық университетте жарты ғасырдан астам ұстаздық етіп келе жатқан ғұмырында Жанғара Дәдебаев «Әдебиеттің предметі – адам» деген қағидатты тірек етсе, адамтанудың асқан білгірі Абайдың толық адам ілімін, кісілік кодексін де сонша уақыттан бері шәкірт санасына шегелеп келеді. Абай өлеңін түсініп, түйсінудің алғышарттарын ұғынғанмен, оның ілімінің ілкі тұстарын аңдағанымызбен, ішкі қыртыстарының сан қатпарлы бояуын, сан арналы өзегін, мың пернелі әуезі мен әуенін аңғару мен бағамдаудың, ажырату мен айқындаудың шегі жоқтай көрінеді. Соны өмір бойы іздеу мен ізденуге, ойлау мен ойлануға, зерттеу мен зерделеуге негіздеп, «ақырын жүріп, анық басып» келе жатқан ұстазымыздың еңбегі ерен. Абай ілімінің хақтың ілімімен, халықтың дәстүрлі мәдениетімен, ұлттық кодпен байланысын терең бажайлап, жүрекке жүгіну, ақыл-ой таразысына салып, безбендеу барысында байыптап, бағалау мен талдауға талпынтады.
Дәдебаевтың қаламынан туған «Абай антропологизмі» Абайдың адам туралы ілімінің нәтижелі көрсеткіші іспетті. Абайды оқып таңырқадық, ақындық сүрлеуіндегі өзгеше әлеміне тамсандық, дүниетаным диапазонының кеңістігіне таңғалудан да қалыспадық. Бәрібір абайтанудың кемшін тұсын тиянақтаудың тоқтамайтынын, таусылмайтынын сеземіз. Тәуелсіздік дәуіріндегі Абайға жаңаша көзқарас кемелденді, түрленді, жаңа биікке көтерілді. Жаңа заманмен жарыса жаңа Абай өмірге келді, абайтану да жаңғырды, жасарды, жаһанданудың ырқына көнбей, жаңа белеске беттеді, жаңашыл қырынан жарқырай көрінді. Бұл тұста абайтанушы ғалымдардың қай-қайсысының еңбегі де ескерусіз қалмақ емес, еселі еңбектерін ерекше атауға тиіспіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», – деп атап көрсетуі Абай мұрасына әрдайым оң көзқарастың бола беретінін аңдатады. Ақыл, қайрат, жүрекке жүгіну – ақынның ой-таразысының шынайы болмысы, нақты сипаты. Ізгіліктің жаршысындай үштағаннан бастау алатын нағыз адамның адам нанғысыз әлеуетін, болмысын, қасиетін, мінезін, келбетін, яғни алуан қырлы, шынайы, «толық адам» сипатын санамызда сәулелендірді, ойымызды қалыптастырды, жүрегімізге ұялатты. Адамтанудың Абай нұсқаған бес асыл ісі мен адамшылықтан алыстататын бес дұшпанын ғылыми негізде жүйелеп, әрқайсысын жеке-жеке мақалаға арқау етіп, ақын дүниетанымының түпсіз тұңғиық сырына қанықтырып, тереңіне үңілтеді. Толық адам болмақтың мақсатын ұқтырып, мәніне бойлатады. Мәселен, бес асылдың алғашқысы – талаптың мәні мен мағынасын – Абай ілімінің биік деңгейіне айқын мысал бола алатынына төмендегідей тұжырым жасайды: «Ақын талаптың мағынасын, мәнін ашады; маңызын аңдатады; түрлерін көрсетеді; талаптанудың шарттарын анықтайды; талаптанудың мақсатын талдап, таразылап баяндайды». Адам болмысын танытатын Абайдың әр сөзінің түп-төркінін, астарын айқындап, мағынасын ашып, ұлттық дүниетаныммен қатынасын, арасалмағын парықтап, ғылыми байыптау мен бағамдауға алып келеді, өркениет көшіндегі беталысын болжайды. Абай ілімі – даналықтың шыңы, ал Дәдебаевтың монографиялық зерттеуі – Абайдың таным көкжиегінің тереңіне бойлайтын ыждағатты ізденіс, көпжылғы зерделеулердің шынайы көрінісі. Кемел ойдың сығындысы, көрікті ойдың ұшқыны, ақын кеңістігінің ұшы-қиырсыз екенінің дәлелі. Тағы бір мысал, ақынның қанағат турасындағы үзік-үзік ойларын тілге тиек ете келе, ақын ұғымындағы бұл сөздің мағынасының біз ойлағаннан терең, біздің санамыздағы түсініктен тым алыс екенін екшейді. Көңіл тыныштығынсыз қанағат жұтаң тартатынын, көңіл тыныштығының бұзылмауы үшін үш нәрседен – адамның адамдығын бұзатын жамандықтан; өзін-өзі артық көрсетпектен; біреуге қастық қылмақтан – аулақ ұстаған жанның мерейі үстем, көңілі шат болмағын тұжырымдап береді.
Зерттеуші ғалым өз кезегінде: «Абай ілімінің жүйесінде қанағат – адам баласының асыл байлығы, рухани қымбат құндылығы. Қанағат адамның жанын, абыройын, адамшылығын сақтайды. Абай ілімі бойынша қанағат, ынсап – ғадалеттен, ғадалет – махаббаттан. Айтылған жайлар Абайдың ілімінде қанағаттың лайықты орны барын, оны басқа еш нәрсемен, ешқандай ұғыммен, қасиетпен ауыстыруға, алмастыруға болмайтынын көрсетеді. Оның мәнін білу, мәнісін ұғу Абай ілімінің жүйесін дұрыс тануға септігін тигізеді», – деп тұжырымдайды. Зерттеуші сондай-ақ терең ой ұғымын әл-Фарабидің «ойлау күшімен» мәндес келетініне көңіл аударады. «Салыстырып қарағанда «ойлау күшінің» де, «терең ойдың» да, «терең ойдың соңына ерудің» де түпкі мәні бірдей. Айырмашылық – мазмұнда емес, пішінде. Әл-Фарабидің ойы нақты, ал Абай ойы бейнелі, образды. Екінші жағынан, Абай өзінің ойларын өзі танып, білген өмір тәжірибесі негізінде таратады. Сөйте тұра әлемдік ақыл-ой қорында жинақталған ғылыми пікірлерден алшақ кетпейді». Абайдың терең ой турасындағы түсінігінің мәні терең екенін, кісінің «өзінде ой», «ойда көзі» болмаса, істің байыбына үңіліп, керегіне қол жеткізе алмайтынын, терең ойсыз адамшылықтың қадірін түсіну мүмкін еместігін саралай келе, ақынның «терең ойы» – адамның адамшылығының сапалық қасиеттерін білдіретін категориялардың қатарына жататынын айқындап береді.
«Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтың кісі бойындағы кемшіліктердің ең сорақысы, нағыз өзі екенін ақын айқын аңғартады. Жанғара Дәдебаев осы «бес дұшпанның» әрқайсысына арнайы тоқталып, жеке-жеке талдап, ақын сөзінің себебіне үңіліп, өзге өлеңдерінде, поэмаларында, қарасөздеріндегі қолданысын саралап, жүйелеп, аражігін тексеріп, өзара сабақтасып жатқан ұғымдардың сырына қанықтырады, маңызын ажыратып береді. Бір ғана мақтаншақ ұғымынан туындайтын сан-салалы мағынасының әрқайсысына арнайы тоқталып, айырмасын айқындап, бірін-бірі толықтырып, тұтасатын тұсын аңғарып, бірде өлеңдерінен, бірде «Ескендір» поэмасынан, келесі кезекте аудармаларынан дәлел-дәйек ұсынып, мақтаушының, мақтанушының, мақтаншақтың аражігін ажыратып, ақын қолданған әр алуан сипатының сырына қанықтырып, маңыздылығын тұжырымдап береді. Абай ілімінің өміршең принциптеріне негізделген Дәдебаев дәрістері де өзекті.
Абайтану жеке пән, ғылым саласы ретінде жолға қойылуына қадау-қадау еңбек сіңірген зиялыларымызды, ағартушыларымызды, ғалымдарымызды білеміз. Олардың әрқайсысының осы саладағы қосқан үлесі қомақты. Абай мұхитын толықтыруға қал-қадерінше еңбек етті. Осы тұрғыдан келгенде Дәдебаевтың дананың дегдар дидарын, азаматтық-қайраткерлік келбетін, ақындық әлемін танытуға келгенде ақын танымындағы адам өмірінің мәні мен маңызы, жұмбақ сыры мен ішкі «мені», қоғамдағы орны мен қоршаған ортаны қабылдауы, адамшылық қасиеттерді тану мен түйсінуі жан-жақты сараланады, ақын көзқарасындағы адамзаттың ортақ мүдделері мен мүмкіндіктері жүйеленеді.
Рухани уызбен аяқтанған бала Абайдың дана Абайға жету жолындағы ізденістеріне ішкі қуат-тегеуріннің мықтылығы, адами құндылықтарға суарылған рухани әлемінің тазалығы, ар-ұждан, ынсап, қанағат қағидаттарын үнемі қаперінде ұстайтын имандылығы, сүйер елінің «сүйінерге жарар» ұлы болуды ойлаған мақсаткерлігі де сеп болғаны анық. Мұратына адалдықтан туған асыл ойдың нәтижесі екені де айқын.
Зейіні зерек, ой-тағылымы ерек, қабылдауы бөлек Абайдың білімсіздермен ғана егеспей, өмірге құштар, білімге іңкәр замандастарының бойынан, ойынан байқаған адами қасиеттердің қадірін бағалады, құндылығын бағамдады, артықшылығын байқады. Шығармашылық ғұмырында осы байқағыштық пен кісі танушылық, жаны ашығыштық пен ұлтына деген сүйіспеншілік үнемі аңғарылады.
Абайтанушы ғалым осының бәрі ақын танымында қалайша зерделенетіні, ақын көзқарасында қайтіп көрініс табатыны, ақын жүрегіндегі сүзгіден қалай өткізілетіні жөнінде тұшымды дәлелдермен тиянақтап, Абай ілімінің адамзат игілігіне айналу үдерісін айқындайды. Абай биігінің аласармас құндылықтарына зер салады. Абай мұхитының әрбір адам баласына тигізер орасан пайдасын таразылайды.
Абай шығармашылығының ауқымы кең, толғанған тақырыбы да сан тарау болғанымен, қай туындысы болсын өзегінде – адам, оның өмірінің мәні, тіршілігіндегі адамдық қасиет, құндылықтарға арақатынасы, рухани адамгершілік әлемі менмұндалайды. Адам әлемінің таңғажайып болмысы мен жұмбақ сыры, өмірге көзқарасының сан қырлылығы мен алуан түрлілігі, нағыз адам туралы аңыздан ақиқатқа жетудің амал-тәсілдері, ғұламалардың кемел адам концепциясына қосқан данышпандық ойлары мен тұжырымдары Абайды айналып өтпегені анық. Ғұламаһи Дауаниден Дреперге дейінгі аралықта айтылған пәлсапалық ой-тұжырымдарды ой елегінен өткізіп, елеп-екшеп, жүрек сүзгісінен өткізіп, өзіндік пікірге келеді, «толық адам» концепциясының алғышарттарын жүйелеп, тұжырымдарына тірек етеді.
Ақыл-ойдың алыбы Фарабиден, даналықтың кені Жүсіп Баласағұннан бастау алатын кемел адам тұғырнамасының өмірін ұзартып, өміршеңдігіне кепіл бола алған Абай тұжырымдамасының рухани өмірімізге азық болып келе жатқаны жанымызға жылылық ұялатады. Өткеннен тағылым алып, даналықтың мәйегін саралап, халық мәдениетінің қазынасынан мейірі қанып өскен ақынның ойлары өрнекті, пікірлері келелі, ұстанымдары ұғынықты болуы да заңдылық.
Абай жолы даңғылға ұласып, Абай мектебі өрісін кеңейтті. Абай әлемі кеңістігін ұзартты. Ал Абай ілімі адамзатты ізгілікке үндесе, қоғамды кемелдендіруге қызмет етсе, еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етсе, ақын арманының жүзеге асқаны, ұлт болашағының жарқын болатынына сеніміміздің ұлғайғаны.
Айналасына ілім нұрын сепкен данышпан Абайдың түпсіз тереңге жетелейтін білімпаздығын, ақыл-ойын адамзатты ізгілікке, қоғамды ізгілендіруге жұмсаған көрегендігін, парасат-пайымын «толық адам» концепциясын жүйелеуге бағыттаған данышпандығын Абай ілімі теориясымен, формуласымен түсіндіріп, өзара қабысып жатқанын дәлелдеген Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, абайтанушы ғалым Жанғара Дәдебаевтың «Абайдың антропологиясы» еңбегі адамзатты Абай жолымен жүруге, қоғамды Абай ілімімен сусындауға шақырып тұр. Лайым солай болғай!
Шоқан ШОРТАНБАЙ,
аға оқытушы