- Басты бет
- Жаңалықтар
- Докторанттар мен магистранттар "Қытайдағы жоғары білім"іс-шарасын синхронды аудармамен қамтамасыз етті
Докторанттар мен магистранттар "Қытайдағы жоғары білім"іс-шарасын синхронды аудармамен қамтамасыз етті
2023 жылғы 8 желтоқсанда ҚХР-ның Алматыдағы Бас консулдығы және шетелдік студенттерге арналған стипендиялар жөніндегі ҚХР Мемлекеттік Кеңесі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесе отырып "Қытайдағы жоғары білім" көрмесін өткізді. Бұл соңғы жылдары Қазақстан мен ҚХР арасында білім беру саласындағы ынтымақтастық саласында ұйымдастырылып отырған ең ірі іс-шара болып табылады. Бұл білім беру көрмесіне Цинхуа университеті, Қытай Жэньминь университеті, Сунь Ятсен атындағы университет, Пекин тіл және мәдениет университеті, Харбин технологиялық институты, Далянь технологиялық университеті секілді ҚХР білім беру жүйесінде ерекше орны бар 30 университет қатысты. Бұл іс-шараны синхронды аудармамен шығыстану факультеті, қытайтану кафедрасының профессоры Фатимабибі Ноғайқызы Дәулет бастаған аудармашылар тобы қамтамасыз етті. Іс-шара барысында профессор Дәулет ҚХР-дан келген көрмеге қатысушыларға біздің университет туралы, және университет мұражайы туралы толыққанды ақпарат берді. 3 курс докторанты Сабиғазина Сәуле іс-шараның ашылу салтанаты барысында қазақ тілінен қытай тіліне синхронды аударма жасады. 1 курс докторанттары Жүнісбек Лина, Су Цзяинь, 1 курс магистранттары Сәденова Әлима, Дәңкей Бақнар, Ваң Лиңлиң, Ваң Үйтиң, Басар Іңкәр көрмеге қатысып отырған университеттердің өкілдері және көрме қонақтары ақпарат алмасу барысын синхронды аудармамен қамтамасыз етті. Теорияны практикамен ұштастырып отырып оқыту - қытайтану кафедрасында қалыптасқан жақсы дәстүр. Аударма мамандығы бойынша білім алып жатқан кафедраның докторанттары, магистранттары, сондай-ақ бакалаврлары Қазақстан мен ҚХР арасындағы мәдени және ғылыми алмасу шеңберінде ұйымдастырылатын іс-шараларға үнемі қатысып отырады. Бұл іс-шара барысында да докторанттар мен магистранттар құнды кәсіби тәжірибе жинақтады. Бірлескен ортада ұйымдасып жұмыс істеу – докторанттар мен магистранттардың белсенділігін дамытудың, олардың ойлау тәсілін ұштаудың, әлеуметтік және моральдық дағдыларды тәрбиелеудің өзекті тәсілдерінің бірі болып есептеледі. Командада жұмыс істеудің топтық шешім қабылдау және ол үшін жауап беру, жаңа білім алуға ұмтылу, жаңа ғылыми ақпараттарды өңдеу және қолдана білу секілді маңызды дағдыларды дамытуда қосар үлесі көп. Бүгінгі іс-шара барысында профессор Дәулет мен оның шәкірттері осындай бірлескен жұмыстың қорытындысын көпшілікке паш етті.