ҚазҰУ-да Қазақстандағы корейтанудың өзекті мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымының докторы, профессор Герман Кимнің 70 жылдық мерейтойына арналған «Қазіргі әлемдегі азиялық зерттеулер аясындағы Қазақстан корейтануының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
Іс-шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының директоры Әлия Мұстафина, қазақстандық дипломаттар бірлестігі басшысының орынбасары Мақсат Нұрмағамбетов, Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Юрий Шин, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры Дүкен Мәсімханұлы, БАҚ өкілдері, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, ғалымның шәкірттері мен білім алушы жастар қатысты.
Университет басшысы Жансейіт Түймебаев тарих ғылымының докторы Герман Кимді мерейтойымен құттықтап, еліміздің білімі мен ғылымын дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді.
«Герман Николаевич – ҚазҰУ-дың түлегі. Өзінің кәсіби жолын 1977 жылы Шет тілдері кафедрасында бастаған. Ол шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасының профессоры болды, кейін Корейтану кафедрасын басқарды. Герман Ким Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге елеулі үлес қосқан қайраткер. Қазақстан халқының достығы мен бірлігін нығайтуға көп еңбек сіңірді. Бүгінгі конференция Қазақстандағы корейтану мәселелеріне арналып отыр. Себебі Герман Николаевичтің ғылыми-педагогикалық еңбек жолы осы саламен тығыз байланысты», – деді ректор.
Конференция барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың, этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы – Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшысы Назар Балғымбаевтың, Корея Республикасы елшілігі жанындағы білім орталығының директоры Ким Тэхвананың құттықтау хаттары оқылды.
Сондай-ақ шарада ЖОО басшылары, шетелдік корейтанушы профессорлар, ғылыми институттар мен орталықтардың директорлары сөз сөйлеп, мерейтой иесін құттықтады.
Конференцияға қатысушылар Қазақстандағы корейтанудың өзекті мәселелерін және шығыстанудың жаңа перспективаларын талқылады.
Жиын барысында Қиыр Шығыс кафедрасы дайындаған Ким Герман Николаевичтің өмірі мен ғылыми-педагогикалық еңбек жолына арналған бейнефильм көрсетілді.
Конференция аясында ғалымның ғылыми еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі