ПРЕЗИДЕНТ СҰХБАТЫН ОҚЫҒАНДА

3 қаңтар, 2024

Президент Қ.-Ж.Тоқаевтың бүгін 2024 жылдың 3-қаңтарында ұлттық мінезіміздің айнасы сынды зерделі, салиқалы басылым «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатын мұқият оқып шықтым. Газеттің бас редакторы, белгілі ғалым Д.Қамзабекұлымен  өрбіген сұхбатта қоғам мен мемлекетіміздің қазіргі тыныс-тіршілігі, әлеуметтік мәселелер, саяси даму бағдарымыз, экономикалық дамудың түйткілдері мен шешу жолдары жан-жақты сараланған. Сұрақтар ауқымды, іргелі тақырыптарға құрылғандығы байқалады. Қазіргі әлемдегі саяси дипломатиялық қарым-қатынастардың күрделілігі, жақын, қашық көршілес елдердегі әскери ахуалдардың шиеленісуі, өркениеттер бәсекесінде ұпайын түгендеуге ұмтылған бірқатар елдердің «құлшыныстары» артып отырған алмағайып дәуірде  бейбіт өмір мен тәуелсіз мемлекеттілікті сақтаудың  маңыздылығын терең сезінеміз. Адамзат қоғамының дамуында Ұлы Даланың тарихын бәдіздеген көшпенділердің ұрпақтары қазақ халқының озық ойлы ұлт ретінде дамуының беталысы шындық пен ақиқаттың, жалғандық пен сұрқиялықтың аражігін айыра білетін өресінің жоғарылығынан көрінеді. Мұны президенттің «Қаңтар оқиғасына» қатысты сұраққа жауабынан пайымдауға болады. Қ.-Ж.Тоқаев: «...Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасі¬ретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко¬нмикалық проблемалар, жалпы тоқы¬раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт. Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз сая¬си жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты» деп, бұдан әрі, қоғамдағы келеңсіз құбылыстардың асқынуы мұндай жағымды өзгерістерді мүлдем қабылдамайтын деңгейге жеткендігіне тоқталады. Иә, тәуелсіз қазақ мемлекетін құру мен оның баяндылығын сақтау қай заманда да оңай болған емес. Сондықтан, қаңтар оқиғасының  Қазақстан тарихында сабағы мен салдарын анықтайтын уақыт келеді. Бәріміз куә болған басы ашық жәйт, әр азаматтың өз мемлекетін құруға белсенділігі мен атсалысуының қажет екендігін түсінуі. Анархиялық биліктің жолын кесу мен қоғамды тоқыраудан сақтайтын алып күш – ол  жағымпаздық мен қомағайлық дертінен арылу, ашкөздік пен менмендік құрбанына айналмау.
Сұхбатта тарихи сананы өркендетуге, қоғамның тарихи жадын жетілдіруге қатысты мәселелерге де орын берілген. Ұзақ уақыт тәуелсіздігінен айрылған халықтарда болып қалатын «ура-патриотизм», «әсіре» эйфорияның теріс зардаптарға әкелерін президент ескертіп өтеді. «...Баяғыда ұлы халық болғанбыз деп масаттанып немесе бұрынғы өкпе-реніштерді қоздатып, қызылкеңірдек болып айтысудың қажеті қанша?! Бұлай ескілікке бой ұруға әсте болмайды. Әлбетте, тарих – біздің жалпы¬ұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі. Сондықтан мемлекет дәл қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Атап айтсақ, түрлі тақырыптағы кітаптар көптеп шығарылуда. Жаңа ғылыми мекемелер құрылып, бұрынғы институттар жаңғыртылып жатыр. Жақында сталиндік репрессия құрбан¬дарын ақтау жөнінде ауқымды зерттеу жұмысы аяқталды. Бір сөзбен айтқанда, сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала береді» дей келе, «біздің бұрын кім болғаны¬мыз¬дан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әл¬деқайда маңызды» деген толымды пікір білдіреді.
Халқымыздың шынайы тарихын ғылыми қалпына келтіру жолындағы шаралар жанкештілік пен ыждахаттылықты талап етеді. Мұндай жұмыстардың қатарына  Қазақстан тарихының көп томдық академиялық басылымын даярлау жатады. Отандық және шетелдік авторлар, белгілі тарихшы мамандар қатысуымен методологиялық плюрализмді ескере жазылатын бұл жаңа басылым еліміздің рухани дамуына, идеологиялық бағытына серпін береді деген сенімдеміз. Сұхбатта Жошы Ұлысы атауымен белгілі тарихи мемлекеттің 800 жылдығын атап өту жайы да сөз болған. Жошы Ұлысының тарихы өз еншілерін алған түркі текті халықтардың бүгінгі жақындасуына да әсер етері сөзсіз. Ортағасырлардың өзінде мемлекеттіліктің озық дәстүрлерін жарата білген, оны әр түрлі археологиялық, ауызша, фольклорлық, этнографиялық, жазба, нарративті деректемелермен жан-жақты дәлелдейтін зор империяның сан қырлы тарихи аспектілері әлі де зерттеулерге зәру.
 Қоғамның көкейтесті мәселелері, отбасы институты, ұрпақ тәрбиесі жайындағы сұрақтарға да жауап берілген. Зайырлы, құқықтық мемлекет құру ісіміз - ұлтымыздың ғасырлар бойына жалғасын тапқан дәстүрлі тәрбие беру құндылықтарымен астасып келеді. Сондықтан ашық, азаматтық қоғамның игі тұстарын отбасындағы келеңсіздіктерді болдырмауға, кемшіліктерімізді түзетуге тиімді пайдаланған жөн.
     Қазақ жерінің табиғи қазба байлықтарының молдығы  әлемдік экономикалық және саяси ойындардың  алаңы болып қалмауы алаңдатады. Сұхбатта бұған қатысты атом электр станциясын салудан бастап, мұнай мен газды игеруден туындайтын экономикалық, әлеуметтік қақтығыстардың орын алу қаупі жайындағы шешімін күткен мәселелермен ашық көтерілген.
Президент сұхбаты – қоғам мен мемлекеттік биліктің өзара бірлігінің сақталуы ғана алынбайтын қамалға айналарын тағы да дәлелдей түседі. 

Жүгенбаева Гүлбану Саламадинқызы, т.ғ.д., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті