Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек.

3 қаңтар, 2024

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек.

        2024 жылдың 3 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатын оқып шығып, өз ойымды ортаға салғым келді. Ел Президенті 2023 жылда атқарылған маңызды оқиғаларға тоқталып өтіп, жаңа жылдағы міндеттерге ерекше назар аударды. 
        Солардың ішіндегі менің көңілімнен шыққан кейбір мәселелерге тоқталып кетсем. Айтылған жаңа міндеттер ел экономикасының қарқынды дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз.
        Атап айтатын болсақ, сыртқы саясатта сындарлы әрі салиқалы саясатты жалғастыратын боламыз. 2024 жылы Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді. Бұл дегеніміз, еліміздің халықаралық ұйымдар алдында өзінің беделінің өскендігін көрсетеді.
        Сондай-ақ, ҚР Президенті 2022 жылғы қаңтар оқиғасына байланысты өзінің саяси бағасын берді. Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспары жүзеге аспады. Сол аласапыран күндерде мемлекет басшысы елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіріп, мемлекетімізді сақтап қалды.
        Қаңтар оқиғасынан кейін, елімізде жұргізілген саяси реформаларға мемлекет басшысы кеңінен тоқталып кетті. Біріншіден, ҚР Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ететін, конституциялық бақылауды жүзеге асыратын жоғары орган - Конституциялық Сот қайта қалпына келтірілді. Екіншіден, Президент 7 жылға бір рет қана сайланады, мемлекеттің тәуелсіздігі, біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы Ата заңымызда нақты бекітілді. Үшіншіден, Мәжіліске депутаттар партиялық тізіммен және бірмандатты округтер арқылы сайланды.
        Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық мәселелер туралы өз ойын ортаға салды. Еліміздің экономикасын өркендету үшін бірқатар міндеттерді шешу керектігін айтты. Біріншіден, елімізде ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру керек. Екіншіден, елімізге инвестиция тарту мәселесін қолға алу керек. Ол үшін елімізде Инвестиция штабы құрылды. Үшіншіден, мемлекет пен бизнестің қарым - қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Салық жүйесін жетілдіргенде тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қалмау керек. Бір жағынан, инвесторларға қолайлы жағдай жасау керек, ал екінші жағынан, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне ерекше мән беру керек. Бір сөзбен айтқанда, таразы басын тең ұстап тұру қажет.
        Өзімнің ойымды қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтана құруға тиіс. Сондай-ақ, өмірге деген байсалды және байыпты көзқарас басым болғаны жөн” деген сөздерімен аяқтасам деймін. Біз Президенттің алға қойған міндеттерін қолдап, оны іс жүзіне асыруға өзіміздің үлесімізді қосуымыз керек. 


Қуандықов Қалдарбек Жүнісбайұлы - Әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті “Кеден, қаржы және экологиялық құқық” кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты.