Профессор, филология ғылымының докторы Берікбай Сағындықұлы 1957 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне (ол кезде С.М.Киров атындағы ҚазМУ) оқуға түсіп, өз заманының үздік ғұламаларынан білім, тәлім-тәрбие алды. Университетті бітірген соң, Қазақстанның бас газеті – «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақстан») әдеби қызметкер болып қызмет етіп, үлкен шығармашылық тәжірибе жинақтады.
Берікбай Сағындықұлы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі ғылыми-зерттеу институтының тапсырысымен КСРО ҒА Шығыстану институтының аспирантурасын бітіріп, 1977 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымының докторы, атақты түрколог ғалым Э.Н.Наджиптің ғылыми жетекшілігімен филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «ХІV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» деген тақырыпта диссертация қорғады. 1975-79 жылдары Берікбай Сағындықұлы Ғылым академиясындағы «Ғылым» баспасында редактор, редакция меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1979 жылы ҚазМУ-дың Қазақ тіл білімі кафедрасына ұстаздық қызметке келген. 1994 жылы «Қазақ тілі лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары» деген тақырыпта ғылым докторы ғылыми дәрежесін алу үшін докторлық диссертация қорғады.
Берікбай Сағындықұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, диссертациялық кеңестің мүшесі, кеңес төрағасының орынбасары, кеңес төрағасы ретінде ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы, қазақ тілінің тарихы, тарихи фонетика, түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы лексикасы, түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы грамматикасы, көне жазба ескерткіштер, теология мәселелері бойынша 300-ден аса еңбек жазып жариялады. Олардың ішінде теориялық және қолданбалы маңызы жоғары он екі оқу құралы, үш монографиясын атап өтуге болады. Берікбай Сағындықұлы «Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Түбіртек теориясы», «Қазіргі қазақ тілі. Лексикология», «Ахмед Йүгінекидің «Һибат-ул хақайиқ» (Ақиқат сыйы) дастаны» сияқты тіл тарихы мен теориясы, түркология салаларында жаңа оқу пәндерін қалыптастырып, дәріс оқыды. Отыздан астам ғылым кандидаты мен докторларын даярлады. Қазақ тіл білімінің, түркітану ғылымына, қазақ филологиясының дамуына зор үлес қосты.
Ұзақ жылдар бойы ғылыми, шығармашылық және ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, Б.Сағындықұлы Қызылорда облысы Қармақшы ауданының құрметті азаматы, Павлодар инновациялық Еуразия университетінің құрметті профессоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Түркия Республикасы Анкара қаласында шығатын «Bilimsel eksen», «Kultur evreni» ғылыми басылымдарының редколлегия мүшесі болды.
ҚР БжҒМ «Еңбек ардагері» медалінің, ҚР БжҒМ «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің, «ҚазҰУ-ға – 75 жыл», «ҚазҰУ-ға – 80 жыл» құрмет белгілерінің, Халықаралық түркі академиясының «Vilhem Tomsen» медалінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Ерен еңбегі үшін» күміс медалінің, «Қорқыт ата» алтын медалінің, ТҮРКСОЙ-дың «А.Байтұрсынұлы» медалінің иегері атанды.
Берікбай Сағындықұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 66 жылдан астам уақыт қызмет етіп, 85 жасқа толар шағында дүниеден өтті. Әріптестері мен шәкірттері арасында беделді, сыйлы болды. Отбасы үшін сенімді тірек, сүйікті жар, балалары мен немерелеріне өнегелі әке, ата бола білді. Берікбай Сағындықұлының ғылымдағы ғұмыры, ұстаздық келбеті, жанұяға деген махаббаты адами болмысының жарқын бейнесі, туыстарының, қызметтес әріптестерінің, оны білетін жандардың жүрегінде мәңгі сақталады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
А.Байтұрсынұлы атындағы
Қазақ тіл білімі кафедрасының ұжымы