Қытайда ҚазҰУ ғалымдарының инновациялық көрмесі өтті

27 қаңтар, 2024

Алғаш рет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың жетекшілігімен университеттің 30 ғалымы Қытай Халық Республикасы, Үрімші қаласындағы Халықаралық ғылыми-инновациялық көрме мен симпозиумға қатысты. ҚХР Білім министрлігінің шақыртуымен ұйымдастырылған іс-шараға жергілікті университеттердің 196  ректоры  және ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары, 600-ден астам қытайлық жоғары оқу орындарының өкілдері, 40 ірі өндірістік кәсіпорындар мен екі елдің дипломатиялық корпусының басшылары, ғалымдар мен кәсіпкерлер жиналды. ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жобаларына Қытай Халық Республикасының Білім вице-министрі Сун Яо, Қытай Халық саяси консультативтік кеңесінің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы комитетінің вице-төрағасы, Шыңжаң университеті парткомының хатшысы Сюй Сяньи бастаған қытай делегациясы ерекше қызығушылық танытты.

            Биология және биотехнология факультетінің деканы, б.ғ.д., профессор Курманбаева Меруерт Сакеновна 2024 жылдың 25-27 қаңтар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті делегациясының құрамында Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында өткен ғылыми-инновациялық көрмеге қатысты.

            Халықаралық көрме аясында ҚазҰУ патенттелген және коммерцияландыру сатысында тұрған ғылыми-инновациялық жобаларды ұсынды. М.С. Курманбаева көрмеде Қазақстанның агрокультурасына алғаш рет енгізілген көпжылдық бидайды таныстырды.  Қытай ғалымдары көпжылдық бидайға үлкен қызығушылық танытты, Қытай Халық Республикасының Білім вице-министрі болашақта тағы да талқыланатындығы жөнінде атап өтті.

            Қазақстанның ұлттық брендтерінің бірі - бидай. Көпжылдық бидай тек бір рет егіліп, егіні 5-6 жыл бойы жиналады. Қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша 40-тан астам ғылыми орталықтар көпжылдық дақылдарды зерттеумен айналысады. Бұл жоба Қазақстанда жүргізілген көпжылдық бидайдың алғашқы зерттеуі болып табылады. Көрмеге Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки де қатысты.

            Халықаралық форум аясында Үрімші қаласында (ҚХР) «Халықаралық ынтымақтастықты дамыту және ҚР-ның ҚХР-дағы ғылыми-зерттеу жобаларын коммерцияландыру» тақырыбында Халықаралық Симпозиум өтті.

ҚазҰУ ғалымдары емдік өсімдіктерден алынған биологиялық белсенді қоспалар мен фитошайларды және бекіре тұқымдас балықтарды түрлі аурулардан емдеуге арналған жаңа бактерияға қарсы құралдарды көрсетті. Көрме жұмысы Қазақстан мен Қытай университеттерінің халықаралық ғылыми симпозиумында жалғасын тапты. Кездесуге қатысушылар білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың жалпы мақсаттары мен бағыттарын, ҚазҰУ-дың ғылыми жобаларын коммерцияландыру мәселелерін талқылады, тәжірибе алмасты.

 

Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасы 

www.kaznu.kz