ҚазҰУ-да парсы-қазақ сөздігі таныстырылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында университеттің 90 жылдығы аясында жарық көрген «Парсы-қазақ фразеологиялық сөздігінің» тұсаукесері өтті.
Тұңғыш рет жарық көріп отырған сөздікке парсы тілінде жиі қолданылатын мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, сыпайылық формуласына жататын сөз тіркестері мен ауызекі тілде жиі қолданыста жүретін тұрақты сөз тіркестері енген.
Парсы-қазақша фразеологизмдер сөздігі парсы және қазақ тілдерін меңгерген оқырмандарға, сондай-ақ парсы тілін үйреніп жүргендерге және фразеологизмдерді зерттеуші мамандар мен осы тақырыпқа қызығатын барша оқырман қауымға арналады. Бұл сөздік парсы тілін үйренушілер мен ирантану саласы бойынша жұмыс істейтін мамандарға аса қажетті көмекші оқу құралы болып табылады. Сөздікті құрастырғандар – Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімінің ұстаздары: Айман Боранбаева, Ғайни Жұмаділова және Ғалия Қамбарбекова.
Тұсаукесер шарасына шығыстану факультетінің деканы Наталья Ем, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі Дариға Көкеева, Алматы қаласындағы ИИР мәдени өкілдігінің басшысы Хусейн Ағазаде, шақыртылған оқытушы – доктор Ф.Шакиба ханым, Тұран-Иран ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары Төрәлі Қыдыр сынды ирантанушы, шығыстанушы ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Жиынға қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Алдағы уақытта «Парсы-қазақша фразеологиялық сөздікті» құрастырушылар ирантану саласына қатысты монография және оқулықтар шығару жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі