Аманжол ҚАЛЫШ, тарих ғылымының докторы, профессор: Біздің буын ғылымды ешкімнен қызғанбайды

5 наурыз, 2024

Ғылым жолы – ауыр жол. Сондықтан оған екінің бірі бара бермейді. Біздің ерек­ше­лігіміз – ғылыми-зерттеу университеті болғандықтан, жастарды ғылымға тартуымыз керек. 

– Аманжол Боранбайұлы,  тарихқа құштарлығыңыз ба­ла­лық шақтан басталған сияқ­ты. Оған не әсер етті?

– Дұрыс айтып отырсыз, жал­пы, тарихқа балалығымнан қызықтым. Тіпті құштар бол­дым десем, артық айтқандық емес. Алғашқы қауымдық құры­лыс, адамзаттың жара­ты­лысы – бәріне ынтызар болып өстім. Өткен ғасырдың 50-60 жыл­дары, мен төртінші сы­ныпта оқып жүргенімде, әлем­де 150-160 мемлекет болды, со­ның бәрін, астанасымен қоса, жатқа білетінмін. Өзіме қызық болған соң, қолға түскен газет-кітапты көп оқитынмын. Кішкентайымнан алғыр едім, сабақты жақсы оқыдым, 4-5 кластарда жаңа сабақты алдын ала оқып, меңгеріп алатынмын. Мұным ұстаздарыма да ұнай­тын, озат оқушыны олар сы­нып­тастарыма үлгі етіп, кейде өтпеген жаңа сабақты да айт­қызып қоюшы еді. Оның үстіне үл­кендердің де әңгімесінен қалыс қалмайтынмын.

Осы ҚазҰУ-дың тарих фа­куль­тетін бітірген нағашы апам бар еді. Сол кісі алғаш «Алтын адамды» тапқан ғалым Кемел Әкішұлымен бірге оқыған, оның да көп әңгімесін естідім. Өзімнің ата-анам да өте тағдырлы ғұмыр кешті. Әкем үш жасында жетім қалды, 1939 жылы Фин соғысына кетіп, со­дан аман-есен келді. Шешем Павлодардың, атақты Баян­ауыл­дың қызы еді. Атамыз көзі ашық, белсенді, дәулескер күй­ші болған. Жиырмасыншы жыл­дары басталған ашар­шы­лық, одан кейінгі зобалаң, реп­рессия кезінде, өздеріңіз біле­сіздер, ел-жұрт бас сауғалап, жан-жаққа қашты. Жетісу өңірі не­гізінен Қытайға, Орталық Қазақстан Ресейге, оңтүстік өңір өзбек, қарақалпақ жеріне, батыс өлке Түрікменстан, Ау­ған­стан асып, Иран жаққа бо­сып кетті. Аштық жылдары тек малмен күнелткен Батыс және Орталық Қазақстан же­рін­дегі 100 қазақтың 70-і аш­тан қы­рыл­ған. Қазіргі Өз­бек­­станның өзінде кемінде 3 мил­лионнан 5 миллионға дейін қазақ өзбек болып жазылып кеткен.

Біздің туыстарымыз да осы өзбек, қарақалпақ, түрікмен же­ріне өтіп кеткен екен. Содан бала кезімізде олар ауылға қыдырып келеді, әңгімелерін айтады. Әкем мені сол жаққа ағайындарға апарушы еді, олар­дың ұлттық салт-дәстүрді берік ұстағаны сондай – қа­зақтың текемет-сырмағы, ала­ша-кілемі – бәрі-бәрі бо­ла­тын. Осы күні ойлап қарасам, әкем мені ұлттық болмыстан, сана­дан, дәстүр мен мәде­ниет­тен ажырап қалмасын деп осылай тәрбиелепті. Әйт­песе мен өс­кен өңір Ақтөбе об­лысы кеңес кезінде өзге ұлты басым аймақ болды. Тәуелсіздік ал­ма­ға­ны­мызда осы күні орыс болып ке­тер ме едік, қайтер едік? Міне, осы жағдайдың бә­рі ықпал етіп, төртінші-бе­сінші сыныпқа кел­генде та­рихшы боламын деп шешкен едім.

– Содан ҚазМУ-ға оқуға түсуді армандадыңыз...

– Иә, ол кезде мен ҚазМУ-ды қайдан білейін, әйтеуір, Ал­матыда оқимын дейтінмін. Құ­дай аузыма салды ма, кейін се­гізінші сыныпқа келгенде, Ақ­төбенің Хромтау ауданының Кекілтау стансасында оқып жүр­генімде Алматыда, ҚазМУ-да оқи­мын деп түбегейлі шеш­тім. Ол кезде жоғары оқу ор­ны­на түсу өте қиын. Байқау өте жоғары. Осыны ескерген ата-анам мені Орынбордың Ор қа­ласына 9-10 сыныпты оқуға жі­берді. О, ол кездің білімі қан­дай еді, шіркін. Біз орта мектепті үш сынып бі­тірдік, сол үш сыныптан бірде-бір оқушы «Алтын белгі» алған жоқ. Бі­лімге қойылатын талап өте күшті-тін. Мен оқыған мек­теп-интернатты әділет ми­нис­трі болған, кейін заң акаде­мия­сын ашқан атақты Нағашыбай Шай­кенов бітірген еді. Кейін оның інісі Барлық Амангелдіұлы да осы Ор қаласындағы сол білім ордасын бітірді. Ол қыр­ғыз елінде қалалық оқу білімі­нің басшысы қызметін атқар­ды, осы елдің Алматыдағы бас кон­сулы да болды, міне, мен де білімге талап өте жоғары жер­де білім алдым. Ақыры Алма­тыға келіп, өзім армандаған ҚазМУ-ға 23 балл жинап оқуға түстім. Өзімше «сабақты жақсы оқимын, бұзықтық жаса­май­мын» деп ант қабылдадым. Са­ғат 8-ден 1-ге дейін сабақ, екі­ден кешкі 9.30-ға дейін Пушкин атындағы кітапханаға барып сабақ оқимын. Сонда терезеге қарап отырып, ауылды аңсай­мын. «Оқуға түсе алмай қалған дос­тарым ауылда қалды, те­мір­­жолда ауыр жұмыс істейді, ал мен Алматының төрінде, ҚазМУ-да оқып жатырмын» де­ген ой кеудені қуанышқа тол­­­тыратын еді. Қас қарай­ған­ша кі­тап оқимын. Кей күндері кі­тап­ханашылар қуып шығады. Біз білімге осылай құштар бол­дық.

– «Елу жылда – ел жаңа» дейсіз ғой...

– Ол кезде енді кітап та, оқу­лық та тапшы. Қазір ғой, оқи­мын деген жасқа бәрі бар. Ком­пьютерде ақпарат тұнып тұр. Әлі есімде, тарихтан бір-екі оқулық болды. Кітапханаға кім бірінші барады, соның қолына алдымен түседі. Конспекті жасаймыз, керек жерін түртіп аламыз дегендей. Түнгі бірге дейін кітап оқығанда мен біреу үшін емес, өзім үшін оқыдым. Шіркін, біздің кезіміздегі ұс­таз­дар, ғалымдар, басшылар қан­дай еді... Шетінен өз сала­сы­ның ұста, зергері еді ғой. Шы­ны керек, біз де оларды пір тұттық. Ректорымыз Өмірбек Арсланұлы қандай азамат еді! Үлкен ғалым, білікті басшымыз студенттердің де, оқытушының да жағдайын жасап жүретін. Ол кісінің алдындағы Закарин деген ректорымыз ерекше білгір, байсалды, ұстамды кісі еді. Осы ҚазҰУ қалашығының жобасын жасаған адам, кейін оны Ө.Жолдасбеков жалғас­тыр­ды. Қандай ерекше тұлғалы азаматтар еді, қазір сол кісі­лер­ді қимастықпен еске ала­мын.

Атақты экономист Яхия Әу­бәкіров қандай білімді, са­ли­қалы ғалым еді. Ол кісі қайбір жылдары проректор қызметін атқарды. Танымал пианист, Құр­манғазы атындағы консер­ва­торияның ректоры болған Жәния Әубәкірованың әкесі. Та­рих факультетін басқарған Дина Дулатова деген ғажап ұс­та­зымыз болды. Осы кісілердің тәрбиесін алып, білімін мең­гер­ген бізде, сірә, арман жоқ шығар. Дина Дулатова апайы­мыз­дың анасы Зейнеп Мұқа­мет­жанова 50-60 жылдары атақты №12 мектептің дирек­то­ры болған. Сондай зиялы от­басынан шыққан Дина апайы­мыз мықты менеджер еді. Ондай тиянақты, жанашыр ұстаздар осы күні кемде-кем-ау. Сол кезде факультеттің студенттерін өзі бас болып, Мәскеу музейлерінен, атақты Эрмитаждан тәжірибеден өт­кізуші еді. Біздің тарих фа­куль­тетінде қыздар өте көп оқыды, жігіттер аз болушы еді. Түрлі бай­қауларда 12-13 орында жү­ретін едік. Дина Дулатова өзі­нің кәсіби білгірлігі арқасында факультетті 4-5 орынға дейін көтерді. Сосын сол кездің білім алушылары «өзімнің универ­си­тетіме, факультетіме үлесімді қалай қосам» деп ойланып жү­ре­тінбіз. Мен өзім аса өнерпаз бола қоймадым, содан 1-курс­та оқып жүргенімде факуль­тет­тің абыройын асыруға үлес қосқым келіп, ешкімге айтпай, көлемі 4/5, тушьпен бояп, әде­мілеп панно жасадым. Оның жиегін ағашпен көмкердім. Содан оны байқау болып жат­қан күні алып келдім. Сондағы ұстаздарымның қуанғаны әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Қандай бақытты күндер еді, шіркін. Мен осының бәрін неге айтып отырмын? Қазір өзі рухани құндылықтардың құны түс­кен заман болды ғой. Жас­тар білсін, өткеннен өнеге ал­сын деген ниетпен айтып отыр­мын.

 – Алаш шежіресін жа­зып, елдегі этникалық топ­тың мә­дениетін, этногра­фия­сын  зерттедіңіз. Жастар бұл та­қы­рыптарға қызыға ма?

– Студент кезімде тарих фа­культеті комсомал ұйы­мы­ның төрағасы, университеттің ком­со­мал ұйымы төрағасының орын­басары, құрылыс отря­ды­ның комиссары болдым. Қа­зір­гі Экономика және жоғары биз­нес мектебі, заң факультеті отыр­ған ғимараттың құрылы­сын осы өзіміздің студент жас­тар құрылыс отряды салдық. В.Ленин атындағы шәкіртақы алдым. Студент кезімде «Құр­мет» белгісіне ұсынды. Ол кез­де өзін-өзі басқару деген бол­ды. Студенттердің стипендия, жатақхана мәселесін кәсіподақ ұйымымен бірге шешетінбіз. Жәкен Таймағамбетов деген ұстазымыз болды, спорт, му­зыка саласындағы студент­тер университеттің атын шыға­рып жүр ғой деп, олар «үштік» баға алып қалса да, жоғары шәкірт­ақы қоятынбыз. Осының бәрі қа­зір айтсаң ертегі сияқ­ты. Не­бір ғажап күндер өтті ғой бас­тан...

Кейін Ш.Уәлиханов атын­да­ғы Тарих және этнография ғылыми-зерттеу институтына аспирантураға түстім. 15 жыл ғылыми жұмыспен айналыс­тым. Ол кезде техника, жабдық қат. Біздің ғылыми экспеди­ция­ларымыз АҚШ, Жапонияға дейін барды. Көп тәжірибе жи­на­дық. Әл-Фараби атындағы университетпен тығыз байла­ныс­та болдық. Қазақстандағы этникалық топты зерттедім. Олардың мәдениетінде қандай өзгеріс болып жатыр, қазақ халқы олардың дамуына қан­дай ықпал етуде, соны зерт­тедім. 1992 жылы Дина Ду­ла­това апайым университетке шақырып, содан ауысып кел­дім. Сол жылдары да алды­мыз­да жастарды ғылымға тар­ту міндеті тұрды. Отбасы мен неке мәселесін жаңа әдіспен зерт­тедім. Кеңес кезіндегі саясатты білесіздер, сыртқа, Ресейге, Қытайға, Түркияға, Иран мен Ауғанстанға босып кет­кен көшті бізге сатқын ре­тінде көрсетті. Өзіміздің та­рихи этнографиямыздың шын­ды­ғын зерттедік. Шетелдегі қазақ диаспорасы елге қалай келіп жатқанын қаузадық.

 Бір қызық айтайын сіздерге, 90-жылдары Маңғыстау өңірін­де, Жаңаөзенде Ираннан кел­ген зиялы қазақтармен та­ныс­тық. Ол кезде Ираннан тарихи Отанға қайтуға аса рұқсат жоқ, елге келу үшін футболдан ко­манда құрып, солай келген екен. Марат Мұқановпен қан­дас­тарымыз елге қалай келді, жергілікті жерге қалай бейім­деліп жатыр, осы мәселені зерт­тедік. Қазақ тарихы мен этнографиясы кафедрасы қал­талы зиялы қазақтарды тар­тып, «Алаш» тарихи-зерттеу ор­талығын құрдық. Оған мар­құм Талас Омарбек ағамыз бас болып, Х.Қабжалелов қолдап көп еңбек сіңірді. Осы орта­лық­та «Алаш» шежіресін жа­зуға қатыстым.

Ғылым жолы – ауыр жол. Сондықтан оған екінің бірі бара бермейді. Біздің ерек­ше­лігіміз – ғылыми-зерттеу университеті болғандықтан, жастарды ғы­лым­ға тартуымыз керек. Жас­тарға ғылыммен ай­на­лы­са­тындай жағдай жасауға тиіс­тіміз. Дәрісті екінің бірі оқи­ды, ал ғылыммен кез келген адам айналыса алмайды. Сон­дықтан ғылымға бет бұрған жастарға құшағымыз қашанда ашық. Олардан бойдағы білім­ді, тәжірибемізді аямаймыз. Оқу­­лықтардан тыс білімді мең­ге­ріп, яғни көрген-білген, түй­ге­німізді бергіміз келеді. Біз оқы­ған жылдары қазақ, орыс бөлімі деп бөлінбейтінбіз. Қа­зақ­ша шыққан кітаптарды орыс бөлімінің студенттері оқи­­­тын, орысша кітапты қа­зақ­ша білім алатындар оқитын. Го­голь көшесінің бойындағы «Букинист» кітап дүкеніне апта сайын барамыз, өткізген кі­тап­тарды таласа алатынбыз. Міне, сол кітап дүкенінен қа­зіргі рек­торымыз Жансейіт Қан­сейіт­ұлын жиі көретін едім. Бірде барып қалсам, ХІХ ғасыр­дағы орыс классигінің кітабын алып жатыр екен. Сол кезде қазақ бөлімінің жігіттері орыс­ша көп оқитын еді. Біз сияқты орыс тобының жігіттері қазақ­ша оқи­тынбыз. Осылай уни­вер­си­тет­тен мықты тәлім-тәр­бие ал­ғанбыз.

 Біздің бойымызда ғылымға деген қызғаныш жоқ, бары­мыз­бен бөлісеміз. Әңгімемнің соңында өзімді мазалайтын бір оймен бөліссем деймін. Қазіргі жастар білім алады да, өз мамандығы бойынша жұ­мыс істемейді. Батыста, Жа­понияда жұрт алған білімін өмірінің соңына дейін қол­да­нады. Бізде олай емес. Мы­салы, оның ішінде өз ба­ла­ла­рым да бар, басқа салаға ауы­сып кетті. Хи­мик пе, өмі­рінің соңына дейін осы саланы қаузасын, ма­те­матик те солай болсын. Жалпы, мен тарих, заң саласындағы династияға қарсымын. Шах­тер­лардың, ауыл шаруа­шы­лығы, т.б. са­ла­лардың динас­тия­сы болса болсын, ал та­рих­қа келгенде қарсымын. Әр адам көз майын тауысып алған білімін өмірінің соңына дейін игілігіне жа­рат­са, одан өзі де, қоғам да пайда та­бады.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбатты жүргізген

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ