МАҢДАЙАЛДЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ МЕКТЕБІНЕН ӨТТІМ
С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, 1987 жылы «Тарих және қоғамтану» пәнінің оқытушысы деген дипломға ие болдым. Ол кезде университетті үздік бітіргендердің бір артықшылығы – жолдама таңдау құқығы болатын. Білім және ғылым министрлігінің жолдамасымен Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтта оқытушы болып екі жыл қызмет атқардым.
1989-90 жж. аталған институттың жолдамасымен өзім білім алған қара шаңырақ – ҚазМУ-ға қайта келіп тағылымдамадан өтсем, 1990 жылы «07.00.07. – Этнография, этнология және антропология» мамандығы бойынша аспирантураға түстім. Менің ғылыми ізденісіме қазақтың маңдайалды екі үлкен ғалымы – кандидаттық диссертацияма У.Шәлекенов, докторлық диссертацияма Ә.Төлеубаев жетекшілік етті. 1994 жылы тарих, археология және этнология факультетінің жанындағы Мамандандырылған кеңестің мәжілісінде «07.00.07 – Этнография, этнология және антропология» мамандығы бойынша «Өзбекстандағы қазақтар (солтүстік-шығыс аймағы деректері бойынша)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғасам, 2010 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы Диссертациялық кеңестің мәжілісінде «07.00.07 – Этнография, этнология және антропология» мамандығы бойынша «Орта Азия қазақтары (тарихи-этнографиялық зерттеу)» атты тақырыпта докторлық диссертациямды қорғадым. Зерттеу жұмысымның тақырыбы да шет жерлердегі отандастарымыздың тарихы мен этнографиясына байланысты болудың өз себебі бар. Себебі 1983 жылдары Кеңес Одағының «кеңестік ұлт» идеологиясының қызып тұрған кездің өзінде-ақ алғаш рет ҚазҰУ-дың сол кездегі жас оқытушысы Ә.Төлеубаевтың жетекшілігімен біз Қазақстаннан тыс жерлердегі қазақтардың этнографиясын зерттеуді алғаш қолға алған едік. Шет жерлердегі қазақ диаспорасына қатысты кандидаттық диссертациялар қорғауды да біздің университет түлектері алғаш бастады.
Мен университет қабырғасында студент, аспирант, докторант, оқытушылықтан аға оқытушы, доцент, профессор дәрежесіне дейін жетіп, қазірге дейін қызмет етудемін. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті біз білім алған 80-жылдары студенттерге тек білім беріп қана қойған жоқ, ғылыми ізденістермен шұғылдануға баулыды. Мәселен, тарих факультетінің Археология және этнология кафедрасында қазақтың біртуар ғұламалары – Ә.Оразбаев, У.Шәлекенов, Ә.Төлеубаев, М.Елеуов, Н.Алдабергеновтер тұрақты жұмыс істесе, шақыртумен Х.Арғынбаев, О.Исмағұлов, К.Байпақов т.б. арнайы курстан дәріс берді. Осындай үлкен мектептен өткеніме қуанамын әрі мақтанамын.
1993 жылы аспирантураны бітіргеннен кейін Орал пединститутына қайтпай, өзім білім алған Археология және этнология кафедрасына жас маман, оқытушы ретінде қабылдандым. Менің аспирантурадан кейін Оралға оралмай, білім алған өз кафедрамда қызмет етіп қалуыма ықпал еткен ұстазым Уахит Шәлекенов аға мен кафедра меңгерушісі қызметіндегі Әбдеш Тәшкенұлы еді. Ол кезде міндетті түрде қалада тұрақты тіркеуің болу керек. Әбекең «кафедрада орын босады, бізде қал, бірақ тіркеуің болу керек» деді. Сонда Уахит Хамзаұлы кадр бөліміне ертіп апарып, «мына қызды қабылдай беріңдер, 1-2 аптада тіркеуді реттейді» деп табыстап еді. Осы кезеңнен бастап дәріс беруден бөлек, кафедраның оқу-әдістемелік, қоғамдық жұмыстарына да бастама көтеріп, белсене араластым. Кафедра меңгерушісі Ә.Төлеубаевтың көп жылдар орынбасары болып еңбек еттім. Факультетте республика бойынша 1991 жылы алғаш рет «Археология және этнология» мамандығы, 1995 жылы «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» бакалавр мамандықтарын ашуда да ісқағаздарын жүргізуге атсалыстым. Ал одан кейінгі жылдары: 2004, 2006 және 2012 жылдары «05020800 – Археология және этнология», «5В020800 – Археология және этнология», «5В041900 – Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандықтары бойынша бакалавриат; 2006 және 2008 жылдары «6М020800 – Археология және этнология», «6М041900 – Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» магистратура, «6D020800 – Археология және этнология» докторантура бойынша Жалпыға міндетті білім беру стандарттары авторларының бірі әрі үйлестірушісі, бертін келе аталған мамандықтардың білім беру бағдарламасын жасап әрі үйлестірушісі болдым. Университетіміздегі аталған мамандықтарды алғаш ашқан да біз, кейін «Археология және этнология» мамандығы бойынша Қарағанды, музей бойынша Оңтүстік Қазақстан университеті ашып, соңғы кезеңдерге дейін ҚР ЖОО-ның екі-үшеуі ғана дайындауда. Бүгінде біздің Археология, этнология және музеология кафедрасының түлектері республикадағы белді археологтар мен этнологтар, музей қызметкерлері. Олардың алды Ә.Марғұлан атындағы институт директоры (О.Ақан), Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Археология кафедрасының меңгерушісі (Ұ.Үмітқалиев), Ұлттық музей директоры м.а. (А.Сыдықов) т.б.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тек білім беріп, маман даярлаумен ғана емес, ғылыми зерттеулермен де кеңінен айналысады. Бүгінде университетіміз ғылыми-зерттеу институтына айналған. Оның айғағы – біздің кафедра ұжымының бірнеше ғылыми жобаларды ұтып алуы. Мәселен, 2007-09 жж. ҚР БжҒМ қолданбалы зерттеулер бағдарламасы бойынша «Қазақ халқының мәдени мұраларын жинау, сақтау және насихаттау мәселелері» тақырыбындағы ғылыми жобаның жауапты орындаушысы, 2012-14 жж. ҚР БжҒМ іргелі зерттеулер бағдарламасы бойынша «Қазақ диаспорасы мен репатрианттардың этномәдени мұраларын зерттеу және тарихи Отанға бейімделу мәселелері» тақырыбындағы ғылыми жобаның жетекшісі, 2018-20 жж. ҚР БжҒМ Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жетекшілігіндегі «Қазақстандағы субэтностар» ғылыми жобасында орындаушы, 2023-25 жж. арналған іргелі мақсатты қаржыландыру бойынша «Қазақстанның оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарының (Шу-Іле ауданы, Тарбағатай және Алакөл алабы) мәдени мұрасын пәнаралық (археологиялық және тарихи-этнографиялық) зерттеу» тақырыбының орындаушысы болып, зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз.
Университет қабырғасындағы 30 жылдан астам қызметімде маман дайындаумен қатар (270-ке жуық, соның ішінде бес жеке және екі авторлық бірлестікте), монография, (екеуі ағылшын тілінде, оның екінші басылымы Германияның Sсholar баспасынан шыққан), бес оқу құралы, үш оқу-әдістемелік құрал, 30-ға жуық шетелдік (Америка, Франция, Румыния, Үндістан, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Қалмақ АО т.б.) басылымдарда, рейтингі жоғары шетелдік ғылыми Tomsen Reuters және Scopus базасында мақалаларым жарияланған.
Этнографиялық зерттеулерде далалық этнографиялық деректердің маңызы жоғары. Сондықтан өзім де 1995-96, 1996-97 жж. Түркістанның 1500 жылдығына орай ұйымдастырылған кешенді этнографиялық зерттеу экспедициясын, 1998 ж. Қазақстанда «Ұлттық тарих жылы» деп жариялануына байланысты «Қазақстан халықтарының мәдени мұрасын жинау» тақырыбындағы Алматы облысына ұйымдастырылған кешенді экспедициясын басқардым. Нәтижесінде «Түркістан қаласының этномәдени үдерістері» тақырыбындағы материалдар жинағын шығарсақ, Ғылым академиясынан шыққан жинаққа атсалыстым. Сондай-ақ «Түркия қазақтары – 2012», «Алматы облысындағы оралмандар – 2013», «Ақмола және Павлодар облыстарындағы оралмандардың тарихи Отанға бейімделуі – 2014», «Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени мұраларын жинау – 2014» және т.б. этнографиялық далалық экспедицияларын басқардым. Нәтижесінде «Қазақ диаспорасының мәдени мұралары» оқу құралы, оралмандардың әлеуметтік-мәдени, тарихи Отанға бейімделу проблемалары және олардың этномәдени мұраларына қатысты сұрақнама, ұсынымдар әзірленді.
Педагогикалық қызметімде «Этнология», «Теориялық этнология», «Әлем халықтарының этнографиясы», (бакалавриат), «Этнологияның теориялық-методологиялық мәселелері», «Дәстүрлі мәдениет және модернизация», «Қазақстанның этносаясаты», «Фольклор және этнография» (магистратура), Қазақстандағы репатрианттар», «Қазақ диаспорасының мәдени мұралары», «Этнология ғылымындағы этнос және ұлт», «Қазіргі әлемдегі этносаяси үдерістер» (докторантура PhD) пәндерінен дәріс берудемін. Білім беру бағдарламасындағы аталған пәндерде білім алушылардың болашақтағы мамандығына бағыт-бағдар беріп, біліктілігі жоғары кәсіби маман болып даярлануда маңызды. Қазақстанның ашық университеті сайтының бағдарламасы бойынша да С.В.Лурьенің «Тарихи этнология» кітабы бойынша дайындалған 15 видеолекциям бар.
Университет қабырғасындағы 30 жылдан астам қызметімде маман дайындаумен қатар (270-ке жуық, соның ішінде бес жеке және екі авторлық бірлестікте), монография, (екеуі ағылшын тілінде, оның екінші басылымы Германияның Sсholar баспасынан шыққан), бес оқу құралы, үш оқу-әдістемелік құрал, 30-ға жуық шетелдік (Америка, Франция, Румыния, Үндістан, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Қалмақ АО т.б.) басылымдарда, рейтингі жоғары шетелдік ғылыми Tomsen Reuters және Scopus базасында мақалаларым жарияланған.
Қазіргі кезеңде мынадай ғылыми бағыттарда: «Қазақ этнографиясы», «Қазақ диаспорасы мен репатрианттары, тарихи Отанға бейімделуіндегі мәселелер», «Қазақстандағы этносаралық қатынастар», «Қазақстандағы қазіргі кезеңдегі этникалық және этномәдени үдерістер» т.б. тақырыптарда зерттеу жұмыстарын жүргіземін. Осы тақырыптар ауқымында «Қазақстан», «Хабар», «Білім және мәдениет» т.б. телеарналарға шығып, пікір білдіремін, республикалық басылымдарға да сұхбат беріп тұрамын.
Қандай жетістікке жетсем де, соның бәрі университеттегі адал еңбегім мен ұстаздарымның, әріптестерімнің, шәкірттерімнің қолдауының арқасында деп ойлаймын.
Оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлерді, түлектерімізді, магистранттар мен студенттерді білім ордамыздың 90 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Қара шаңырақтың абырайы асып, әрқашан мерейі үстем болсын!
Бибізия ҚАЛШАБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы