Бәрі күні кешегідей көз алдымда. Ол күнді, «Qazaq universiteti» газетінің сол күнгі нөмірін қалайша ұмытайын?! Ұлттық университеттің көзі, құлағы һәм тіліне айналған басылымның 2014 жылдың 6 мамырындағы №17 (1527). Осы нөмірдің 6-бетінде жарияланған Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқытушысы С.М.Болысбаеваның «Махаббат, қызық мол жылдар...» деп аталатын шағын мақаласында менің де аты-жөнім аталыпты.
Бұл Қызылорданың облыс орталығынан шалғайда жатқан Жанкент дейтін ауылдың шағыл құмын кешіп өскен қарадомалақ бала үшін ғана емес, оның ата-анасы үшін де өте үлкен жетістік еді. Екінші жағынан, «Qazaq universiteti» газетінде есімің аталды деген сөз – «маңдайалды студент болдың» дегенді меңзейтін. Ол кезде университеттік газетке шығу абырой ғана емес, үлкен дәреже де болатын. Ендеше ауылдан арман арқалап, ару қала Алматыға келген, еліміздегі ғана емес, әлемдегі жетекші әрі көшбасшы оқу орнына мемлекеттік грант бойынша қабылданған 1-курс студенті үшін бұдан артық қандай жетістік керек?!
Аталған тақырыптағы: «Жақында философия және саясаттану факультеті «Әлеуметтік жұмыс» бөлімінің 1-курс студенттері «100 кітап» жобасы аясында Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын талқылады. Махаббат тақырыбы жастарды, әсіресе студент жастарды бейжай қалдырмайтыны анық. Сондықтан аталған романды топ студенттері ерекше ықыласпен оқып, өз ойларын ортада ашық жеткізе білді. Нұршайық Әбдуәли: «Мені басты кейіпкер Ерболдың қазіргі кезде көп жігіттердің бойында кездесе бермейтін махаббаттағы адалдығы мен шынайылығы сүйсіндірді. Осы кітапты оқи отырып, махаббаттың бар екенін, оның қандай түрде болу керек екенін ұғынғандаймын», – деп өз пікірін білдірсе...» деп басталатын мақаланы әлі күнге үтір-нүктесіне дейін жатқа білемін.
Жасыратыны жоқ, кейде алыста қалған студенттік шақтарымды, университет қабырғасында өткен алаңсыз күндерімді, ұстаздарым мен достарымды сағынған кезде аталған басылымның нөмірін қайта парақтап, сүйікті газетіммен сырласқандай күй кешемін.
Биыл қияға қанат қақтырған оқу ордамызға 90 жыл болса, ал оның үніне айналған «Qazaq universitetі» газетіне 75 жылдан асты.
Бір қарасаңыз, 75 жыл деген жай ғана сан, цифр секілді. Бірақ кез келген басылым үшін осы 75 жылдың қатпарында қаншама тарих, шежіре мен сыр, талай оқиғалардың ізі жатқанын біреу білсе, біреу білмейді. Осынау жылдар ішінде талай майталмандар басшылық еткен газет киелі қара шаңырақпен бірге түлеп, бірге жасап келеді. Бүгінде елімізге танымал көптеген журналистер мен ақын-жазушылар шығармашылық жолын осы басылымнан бастағаны да «Qazaq universiteti» газетінің салалық басылым болғанымен, үлкен тәрбие мектебі екенінің жарқын дәлелі.
Бұл күндері университеттің қайнаған өмірі мен қызыққа толы жылдарының жарқын жаршысына, оқу ордасындағы әр мезеттің куәгері мен жылнамасына айналған басылымның осы күнге оңайлықпен жетпегенін, талай қиын-қыстау күндерді бастан кешіп, соқтықпалы-соқпақсыз кезеңдерден өткенін көзіқарақты оқырман жақсы білуге тиіс. Басында бюллетень сипатында жарық көрген газетті өз алдына жеке-дара отау қылып, үлкен штаты бар ұжымға айналдыруда бірнеше буын өкілінің маңдай тері мен орасан зор еңбегі жатқаны айтпаса да түсінікті.
Бір кездері «Песня о тревожной молодости» деген өлең жариялағаны үшін қуғындалып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде «ұлтшыл» деп айыпталып, редакция ұжымына түгел кінә тағылып, жабылудың сәл алдында қалған басылымның жүріп өткен жолдары – еліміздің тарихынан бөліп қарауға болмайтын ақтаңдақ кезеңдер екені ақиқат. Міне, бір ғана оқу орнының газеті болғанымен, «Qazaq universiteti» басқа басылымдардан биік тұратыны да сондықтан.
Студент кезімізден қалыптасқан әдет пе, әлде жастық шағымыздың алты жылын қабырғасында өткізгендіктен бе, басқа қалада, басқа салада жүрсек те, әлі күнге дейін университет сайтынан газеттің электрондық нұсқасын үзбей қарап, оқу ордамыздың, ондағы ұстаздарымыз бен жастардың жетістігін оқып, марқайып отырамыз. Себебі біз үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Qazaq universiteti» газеті – егіз ұғым, айнымас дос, сенімді сырлас.
Олай болса, бүгін ашылып, ертең жабылып жатқан кейбір басылымдарға қарағанда, ақпарат айдынында өзінің орны мен айтары, терең тарихы мен шежіресі бар, бір ғана университет шеңберінен шығып, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді үн қатып келе жатқан басылымға деген құрметіміз күн сайын арта бермек.
Нұршайық ӘБДУӘЛИ,
университет түлегі,
Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы
Ақпараттық талдау орталығының
талдау және болжау бөлімінің басшысы