Болашақ түлектерге бағдар берілді
Тұрақты даму мақсаттары әлемдегі кедейлікті жоюға, теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы тұруға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға және барлық адамдар үшін бейбітшілік пен гүлденуді қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық деңгейде қабылданған мақсат түрлері екенін білесіздер. 2030 жылға дейін ТДМ-ның 17 негізгі бағыты таңдалды. Мұны іске асыру қоғамның негізгі салаларын тұрақты дамытуға және бұл проблемалардың бар екенін әрбір адам ұғынуы тиіс.
Осы орайда, тұрақты дамудың төртінші мақсаты туралы айту өте маңызды. Сапалы білім туралы айтқанда, инклюзивтілік, қолжетімділік, тең мүмкіндіктер бағытына тоқтамай өте алмаймыз. Білім алу мүмкіндіктерін ілгерілету өте маңызды, өйткені біз үнемі өзгеріп отыратын әлемде өмір сүреміз.
2021 жылғы статистика бойынша әлемде 245 миллион бала мектепте білім ала алмаған. Ал 2023 жылғы статистика дүниежүзінде 67 миллион бала бастауыш мектепке бармағанын айтады. Ал орта кәсіптік, ЖОО білім деңгейіне қол жеткізе алмайтындар қаншама... Мысалы, әлемде 125 миллион жастың жоғары білім алуға мүмкіндігі жоқ. Ойлап қарасақ, өмір бойы білім алу үшін әрбір адам мектепке дейінгі жастан бастап, негізгі орта білімге дейін, кем дегенде, негізгі білім алуы керек. Ал біз көптеген елдерде жүздеген балалардың мұндай білімге қол жеткізе алмайтынын көріп отырмыз.
Қазіргі таңда біздің елде білім алуға көп мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті бірі пайдаланса, енді бірі пайдалана алмай жатады. Осы мақсатты негізге ала отырып, педагогикалық практика барысында Алматы облысының Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы Көпсалалы облыстық үздіксіз білім беру колледжіне, «Kursant» жекеменшік мектебіне және Үшқоңыр ауылындағы Ә.Бұқарбайқызы атындағы қазақ орта мектебіне барып, болашақ түлектерді жоғары оқу орнына түсуге деген мүмкіндіктермен таныстырып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, бірнеше іс-шара жүргізіп қайттық.
Қара шаңырағымыз ҚазҰУ-дың жасап отырған зор мүмкіндіктеріне алғысым шексіз. Оқу орнында білім алумен ғана шектеліп қоймай, жан-жақты тәрбиеленіп, қоғамдық іс-шараларға қатысып, тұлға ретінде қалыптасу мақсатында университет қабырғасында ұйымдастырылатын түрлі шараларға, инновациялық жобаларға атсалысуға мүмкіндігіміз бар.
Үлкен өмірге қадам басқалы жатқан жас түлектерге қара шаңырағымыз ҚазҰУ жайлы таныстыру жұмыстары жүргізілді. Жастар үздік оқытушы-ғалымдардан білім алып, кәсіби маман боламын десе әрі студенттік өмірінің қызықты, ұмытылмас күндерге толы болғанын қаласа, үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізгісі келсе, ҚазҰУ осы талаптардың бәріне сай жұмыс істейтінін айтып, бағыт-бағдар бердік.
Әсем ӘМРЕНОВА,
Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасының аға оқытушысы, ф.-м.ғ.к.
Жаңылсын МӘДИХАНОВА,
«Физика» БББ 1-курс магистранты