- Басты бет
- Жаңалықтар
- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзі туралы
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзі туралы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төралығымен биыл қатарынан үшінші рет аталып өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысының ұлтымыз үшін айрықша орны бар. Әз-Наурыз мейрамының «Көрісу күні» қарсаңында қасиетті Атырау жерінде ашылды.
Мемлекет басшысы үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін еместігін тілге тиек ете келіп, тарих қатпарына үңіліп, әйгілі Сарайшық қаласы тарихи, стратегиялық маңыздылығын және Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленгенін, бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар екенін ерекше атап өтті.
Мен мемлекет басшысының осы құрылтайда сөйлеген баяндамасынан өзіме әсер еткен бірнеше түйінді жеріне тоқталып өткім келеді. Ең алдымен ел тағдырында айрықша роль атқаратын адам факторы десең, сол адамдардың ішінде аға буын мен жас буынның мемлекеттің дамуы мен қоғамдық бірлікті сақтаудағы айрықша орынына тоқталып, маңыздылығын қадап айтты. Әсіресе зиялы қауым өкілдерінің ел иделогиясын, қоғамдық ой-сананы қалыптастырудағы әсерінің ерекше екенін айтып, ел тарихындағы тарихи тұлғалар турасында орынсыз айтыс-тартысты азайтып, тарихқа баға бергенде көбінесе эмоцияға берілмей, шынайы объективті баға беруге, ұсақтамай ірі болуға кеңес берді.
Келесі көтерілген мәселенің бірі – қазақ халқы үшін күрмеуі шешілмеген күрделі мәселе қазақ тілі туралы болды. Бұл жерде мемлекет басшысы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін айта келіп, қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айналып, ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түскенін, іскерлік бағыттағы туындылар да көп екенін жылы атап өтті. Бастысы ешкімді мәжбүрлемей, құр айғайламай нақты істермен айналысуды тапсырды.
Тағы бір атап өтер жаңалық – елімізіде әсіресе жастар арасында кітап оқу үрдісін жалпыластыруды қолға алу мәселесі болды. Әсіресе тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы ой оқырман қауымды қуантты деп ойлаймын.
Осы баяндамада ерекше атап өтер бір тұсы биыл құрылғанына 800 жыл толып отырған ұлы Жошы ұлысының қазақ мемлекетінің тұп негізі екені және Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керектігін атап өтуі тарихи тұрғыдан, гео-саяси стратегиялық салмағы жағынан, символдық мән болсын өте маңызды мазмұны дер едім.
Осы құрылтайда еліміз бен халқымыздың рухани-мәдени өміріне ерекше әсер ететін көптеген ұсыныстар мен ойлар айтылды, мысалы атап өтер болсақ елімізге әйгілі тарихи орындарды, табиғи қорықтарды ЮНЕСКО көлемінде мұралар тізіміне енгізіп, қорғауға алу, археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту мәселесі, ұлттық бірегейлігімізді нығайту мақсатында Наурыз мейрамын ерекше атап өту, Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсу үшін, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қою, қазақ топырағынан шыққан орта ғасырлық ғалым Әл-Фараби, Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аудару, Ұлттық буржуазияның мемлекеттің дамуындағы атқаратын ерекеше роль т.б. көптеген елдің, қоғамның ойында, назарында жүрген мәселелерге ерекше тоқталып, тұжырымды ойлар айтылды.
Мемлекет басшысының осы Ұлттық құрылтайда көтерген әр мәселесі елдің болашақ дамуы, қоғамның орнықтылығы, адамдардың ақыл-парасатының ұшталып, өсуіне, елдің ертеңіне деген сенімін арттырып, ұлы мақсат құрып және сол жолда адал қызмет, еңбек етуіне зор ықпал ететін мазмұнды, стратегиялық маңызды жолдау болды деп сеніммен айтамын.
Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы Нұртәліп Шәріпқазыұлы.