Ғылыми зертхана жұмысымен танысты
«Биотехнология» және «Биологиялық инженерия» білім беру бағдарламалары бойынша оқитын 3-курс студенттеріне арналған «Биотехнология кафедрасының ашық есік күні» іс-шарасы өтті. Мақсат – студенттердің болашақ мамандығына мотивациялық-құндылық көзқарастарын қалыптастыруға кәсіби бағыт-бағдар беру.
Ашық есік күні барысында студенттерге кафедрадағы ғылыми зертханалар және онда оқытушы-профессорлар құрамының жүргізіп жатқан іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысуға үлкен мүмкіндік берілді. Студенттерге түрлі бағыттар бойынша ғылыми жобалар шеңберінде алынған нәтижелер және оларды практикада қолдану мен елімізде өндіріске ендіру перспективалары көрсетілді.
«Биотехнология» ББ 1-курс магистранты А.Мадаутова студенттерге «Өсімдіктер биотехнологиясы» зертханасында «ҚР өндіріс саласына табиғи қант алмастырғыш көзі – стевия өсімдігін ендіру үшін биотехнологиялық көбейту әдістерін жетілдіру» тақырыбы аясында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен таныстырды. Биотехнологиялық әдістердің негізінде Қазақстанның оңтүстік аймағының климаттық жағдайына бейімделген, өнімділігі жоғары, зиянкестер мен ауруларға төзімді жаңа селективті линияларын алу. Оларды өсімдік шаруашылығына ендіру, стевия шикізатынан функционалдық мақсаттағы «Жаңа буын тағам өнімдерін» жасау және олардың ассортиментін кеңейту жолдарын, осының негізінде болашақта негізгі тұтынушылардың сұраныстарына ие отандық тауарларды шығару және оларды коммерцияландыру мүмкіндіктерін айқындайтын баяндама жасады. Сонымен қатар бүгінгі күні бірқатар бакалавр мен магистранттардың қатысуымен Оңтүстік Қазақстанда аудандастыруға жарамды стевияның өнімді селекциялық линияларын алу, сондай-ақ стевия шикізатынан функционалдық мақсатта сусындар дайындау бағытында зерттеу жұмыстары жалғасып жатқаны және бұл өз кезегінде стевияның егістік плантацияларын кеңейтіп, функционалдық мақсаттағы жаңа ұрпақ өнімдерінің ассортиментін түрлендіруге қажет отандық стевия шикізат көзімен қамтамасыз ететіні туралы мәлімдеді.
Б.ғ.д., профессор С.Атабаева студенттерді «Молекулалық экофизиология» зертханасында өзінің жетекшілігімен жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттарымен таныстырды. Ауылшаруашылық өсімдіктерінің (бидай, күріш, қытай бұршақ, арпа) физиологиялық және биохимиялық процестеріне ауыр металдар мен тұздардың тигізетін әсерін зерттеу және фиторемедиация технологияларын жасау бағытында жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін баяндады. Сонымен қатар оқытушы Г.Доқтырбай студенттерді осы зертханада б.ғ.д., профессор С.Кенжебаеваның жетекшілігімен «Мутантты жаздық бидай гермоплазмасының сары және жапырақ тат ауруларына төзімділігі, морфометриясы мен дән сапасының молекулалық биохимиялық сипаттамасы» тақырыбы аясында жүргізіліп жатқан ғылыми жобаның өзектілігі мен практикалық маңыздылығын айқындайтын презентациялық баяндама жасады. Зертханалармен таныстыру барысында студенттерге жаздық жұмсақ бидайдың мутантты гермоплазмасын алуда қолданылатын заманауи әдістерді сипаттай отырып, алынған жаңа мутантты линиялардың өнімділігін, олардың түрлі тат ауруларына төзімділігін және морфометриялық көрсеткіштерін, дәндердің сапасын, тағамдық құндылығын, яғни дәндердің құрамындағы белок мөлшері мен маңызды микронутриенттердің (Fe, Zn,) биожетімділігін айқындау мақсатында орындалатын молекулалық-биохимиялық зерттеу жұмыстарының инновациялық технологияларына жалпылама шолу жасады. Ізденіс жұмыстарының нәтижесінде алынған негізгі ғылыми жетістіктерімен және оларды практикада қолдану мүмкіндіктерімен таныстырды.
Аға оқытушы А.Талипова студенттерді «Биоматериалдар» зертханасында орындалып жатқан ғылыми ізденістер бағыттарымен, яғни кератинді ыдырататын қасиетке ие белсенді термофильді бактериялардың консорциумын қолданып, құс өсіру өндірісінің кератинді қалдықтарын тазарту, сонымен қатар бие және ешкі сүтінің комбинациясы негізінде полисахаридтік симбиоздық матицаға иммобилизденген пробиотиктерге бай өнімдер алу технологияларымен таныстырды. Б.ғ.к., доцент Г.Ерназарова «Клеткалық биотехнология» зертханасында микробалдырлар мен су өсімдіктерін in vitro жағдайында өсіру және оларды биологиялық белсенді заттардың табиғи көздері ретінде пайдаланып, медицина, фармакология және тағам өндірісінде құндылығы жоғары өнімдер алу мүмкіндіктерін баяндады.
Салтанат АСРАНДИНА,
б.ғ.к., доцент