ҚазҰУ-да «Табысқа толы 90 жыл» кітаптар сериясының тұсаукесері өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университет мерейтойына арналған филология факультетінің «Табысқа толы 90 жыл» кітаптар сериясының тұсаукесері өтті.
Салтанатты шараға университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, ғалымдар және білім алушы жастар қатысты.
Іс-шараны құттықтау сөзбен ашқан филология ғылымының докторы, филология факультетінің деканы, профессор Баян Жолдасбекова ҚазҰУ мерейтойына арналған кітаптар шығарылымының маңыздылығына тоқталды.
«Биыл университетімізге 90 жыл толды. Мерейтойлық серия 10 басылымнан тұрады. Оқытушы-профессорларымыз бен ғалымдарымыз айтулы датаға осындай ізденіспен келіп отыр. Бұл топтамалар тек филологтер үшін ғана емес, басқа да маман иелерінің қызығушылығын тудырады деген ойдамын», – дейді Баян Жолдасбекова.
«Ресми іскерлік тіл: қазақша-орысша тіркесімдер сөздігі» кітабын Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Элеонора Сүлейменова таныстырды. «Кітаптар – біздің басты өніміміз және қазақ филологиясы мен тіл білімінің дамуына қосқан үлесіміз. Осы жобаға күш-қайратын салған азаматтарға мың алғыс! Біз дайындаған сөздік қазақ тілін үйреніп, тіл білімін оқытатын ұстаздарға пайдалы болмақ», – деп атап өтті Элеонора Дүйсенқызы.
Іс-шарада филология ғылымының докторы, профессор Баян Жолдасбекова, филология ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жалпы тіл білімі кафедрасының профессоры Раушангүл Авакова, филология ғылымының кандидаты, доцент м.а. Сәуле Бектемірова және басқа авторлар өз еңбектерін таныстырды.
«Табысқа толы 90 жыл» мерейтойлық сериясына Баян Жолдасбекованың «Антология русскоязычной литературы Казахстана» атты монографиясы енді. Онда Қазақстанның орыстілді әдебиетінің хронологиялық және сапалық шекараларын түсінуге, жазушылар прозасының өмірбаяны және поэтикасымен танысуға мүмкіндік беретін материалдар жинақталып, жүйеленген.
Б.Сағындықұлының «Түркі тілдері лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары» атты еңбегі түркі тілдері лексикасының даму фонологиясына және қазіргі түркі тілдерінің заңдылықтарына арналған.
Б.Жолдасбекованың жетекшілігімен жарық көрген С.Дәрібайұлы, Ш.Шортанбай, Л.Мұсалы, Е.Солтанаеваның «Филология факультеті сөз өнерінің алтын бесігі» атты ұжымдық басылымында филология факультетінің құрылу, қалыптасу кезеңі мен даму тарихы оның бүгінгі міндеттері мен жетістігі және жаңа жоспарлары туралы толық ақпарат көрініс тапқан.
Профессор А.Аманжоловтың «Түркі тілдерін оқыту тәжірибесі» атты монографиясында түркі тілдерінің грамматикалық құрылымы мен лексикалық құрамына талдау жасалып, олардың типологиялық ерекшеліктері туралы баяндалған.
Э.Сүлейменованың «Ресми-іскери тіл: қазақша-орысша тіркесімдер сөздігі» іскери қазақ тілінің еркін сөз тіркестерінің екі тілді лексикографиясын білдіреді. Сөздікте қазіргі іскери сөйлеудің өзекті лексикасын білдіретін 1200 кілт сөздің айналасында біріктірілген 10 000-нан астам сөз тіркесі бар.
Р.Авакованың «Фразеосемантика» монографиясында лингвистиканың түрлі аспектілерін талдау мақсатында қазақ тіліндегі түркі фразеологизмдері ұсынылған.
«Табысқа толы 90 жыл» мерейтойлық сериясына енген «Филология факультетінгің түлектері: ақындар мен жазушылар» атты Ө.Әбдіманұлы мен А.Темірболат жалпы редакциясын басқарған ұжымдық монографияда отандық әдебиеттің дамуына үлес қосқан жоғары оқу орнының мақтанышы саналатын факультет түлектері жайлы баяндалған.
Б.Жолдасбекова және М.Тлеулинованың жетекшілігімен жарыққа шыққан «Обучение иностранным языкам в современной казахстанской образовательной парадигме» атты ұжымдық монография шет тілдерін оқыту саласындағы бірқатар заманауи мәселелердің шешу жолдарын ұсынады. Сондай-ақ басылым ғылыми және қолданбалы зерттеулер үшін перспективалық тақырыптарды анықтайтын аяқталған еңбек болып саналады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі