Палестина әдебиетінің бірегейлік мәселесі талқыланды

2 сәуір, 2024

Шығыстану факультеті, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасыда “Жас ғалымдар кеңесінің” ұйымдастыруымен  тұрақты дамудың “Сапалы білім” мақсатына сәйкес  оқытушы Айгерім Жұмадилова “Әдебиет - Палестина ұлттық бірегейлігін сақтаушы феномен” атты ғылыми семинар өткізді.

"Бірегейлік" терминіне келетін болсақ, оның философия, психология, әлеуметтану және мәдениеттану ғылымдарында көптеген нақты анықтамалары бар, бірақ тұтастай алғанда жеке адамды белгілі бір топтың мүшесі ретінде анықтайтын жеке тұлғалық және мінез-құлық сипаттамаларының, атрибуттарының, сенімдері мен тілектерінің жиынтығы ретінде анықтауға болады. Ұлттық бірегейлік - әр түрлі факторларға байланысты: шыққан елдері, тұрғылықты жері, этникалық немесе діни байланысы және олардың ұлтына жататындығы туралы идеялар.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында Палестина үлкен саяси, қоғамдық және әдеби өзгерістерге ұшырады. Жазушылар қазіргі тарихи оқиғалар мен жағдайларды түсіріп, баяндай алатын, сондай-ақ өзгерістерге қарай жылжу мақсатында жаңа типтегі әдеби шығармалардың қажеттілігін сезінді. 1920 жылдан бастап Палестинаның алғашқы "Аль-Варис" ("Мұрагер") романы жарық көрген кезде және қазіргі уақытқа дейін әдебиет ұлттың көңіл-күйінің барометріне айналды: "Жылау әдебиеті" (1950 жж.), "Қарсылық әдебиеті" (1960 жж.) сияқты бағыттар пайда болды.

Семинар барысында Зияд Хаддаш, Джамаль аль-Кавасми және Ибтисам азим атты Палестиналық көрнекті жазушылардың шығармаларындағы ұлттық бірегейлік мәселесі талданды. Семинарға қатысқан профессор Г.Е.Надирова мен оқытушылар тақырыпқа қызығушылық танытып, өз пікірлерін білдірді.

 

Бокулева Б.С.