- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Абай ілімі» пәнін оқытудағы инновациялық әдістер (Абай ҒЗИ-да өткен оқу-әдістемелік семинар)
«Абай ілімі» пәнін оқытудағы инновациялық әдістер (Абай ҒЗИ-да өткен оқу-әдістемелік семинар)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастырумен «Абай ілімі» пәні бойынша оқу-әдістемелік семинар өтті. Семинар ұйымдастырушысы және модераторы, Абай ҒЗИ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Л.Ж.Мұсалы шараның мақсаты Абай ілімін оқыту, зерттеу барысында инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану мәселесін қарастыру екендігін атап өтті.
Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ағартушы, данышпан философ Абай Құнанбаевтың мұрасы мен ілімін жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесінің құралы ретінде қолданудың, шын мәнінде де, маңызы зор. Себебі, ұлы ойшылдың ілімі мен қағидалары әлі күнге дейін маңызын жоймағандығы, қазіргі заманда да қажетті болып отырғаны белгілі. Ендігі жерде білім алушыларға данышпан ақынның өнегесі мен тәлімін тереңірек ұғындыру үшін оқытушылар Абай ілімін зерттеу мен оқытудың, қолданудың жаңа тетіктерін тауып, оқыту әдістемесін жетілдіру, жаңарту мақсатында ізденуі керек.
Осы бағытта Абай ҒЗИ-да өткен оқу-әдістемелік семинардың алғашқы бөлімінде «Абай ілімі» пәні бойынша ақпараттық технологиялар факультетінің 1 курсында семинар сабақ өткізіліп, инновациялық әдістер қолданылды. Атап айтқанда, семинар барысында студенттер Learningapps платформасында түрлі дидактикалық ойындарға белсенді қатысты. Сонымен қатар «Абай Құнанбайұлы және А. С. Пушкин» тақырыбына презентация көрсетіліп, шолу сұрақтары арқылы талдау жасалды. "Kahoot" платформасында ұйымдастырылған ұяшықтармен ойын, "Wordwall" платформасында да "Абай және грек ежелгі философтар" тақырыбында ойын өткізіліп, талқыланды. Сондай-ақ, семинарда «Орыс тілі мен әдебиеті” мамандығының 2 курс докторанттары Р.Мәткеримова, Н. Дүйсембекова Абай ҒЗИ-да өткен зерттеу практикасы барысында дайындаған кейбір интерактивті және дидактикалық тапсырмаларын қосымша ұсынды. Мысалы, студенттерге афоризмдердің не екенін түсінуге көмектесетін сұрақтар, афоризм түрлерінің арасындағы айырмашылықтарды көру, оларды мәтіннен табу және дұрыс түсініктеме беру мақсатындағы тапсырма берілді. «Афоризм деген не» деген мақаланы және Абай Құнанбаевтың шығармаларын оқи отырып, студент осы тақырыптар бойынша тест тапсырады. Ұяшық көмегімен дайындалған ойында осы бағытта сұрақтар беріледі.
Фразеологиялық бірліктер, лингвистикалық афоризмдер және бейнелеу мағынадағы сөздер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздерге нақты мысалдар, айырмашылығын табу, мағынасын анықтау тәрізді тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, шығармашылық тапсырмалар ( 1. Достарыңыздың арасында "Абай афоризмдері" тақырыбында білімдерін анықтау үшін онлайн-сауалнама жүргізіңіз. 2. Абайдың "Адамның баласы бол!" сөзіндегі авторлық позициясын анықтап, аудиторияда талқылаңыз) берілді.
Семинардың екінші бөлімінде өтілген сабақ барысы мен мазмұны оқытушылар арасында талқыланып, әдістемелік тұрғыдан өзара пікір алмасуға ұласты. Доцент Л.Мұсалы сабақ барысында интерактивті әдістерді қосудың маңызын ерекше атап өтіп, олардың семинарда студентпен қарым-қатынасты жандандыруға, оқуға ынталандыруға, оқытушыға алғашқы бақылауды тез және қызықты жүргізуге, алған білімдерін жүйелеуге, қорытынды бағалау жұмысына дайындалуға, оқу мәселесін шешуге және студенттердің алған дағдыларын пысықтауға ықпал ететінін атап өтті. Студенттердің ақпаратты кеңінен әрі тереңінен меңгеру және практикалық дағдыларды дамыту қажеттігін ескере отырып, оқытушы білім берудің жаңа тәсілдерін жасауға, оқытуда жаңа технологияларды қолдануға және оқытудың шығармашылық әдістерін іздеуі керек.