Сәбит Мұрат 1938 жылы 17 қазанда Павлодар облысы, Лебяжин ауданы, Жаңа Таң ауылында дүниеге келген. 1955-1956 оқу жылында Қызыл-Әскер орта мектебін бітіргеннен кейін Сталин жетіжылдық мектебінде физика және неміс тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. 1956-1961 жж. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетінде оқыды.
1961 жылдың қазан айынан 1996 жылдың желтоқсанына дейін Қазақ КСР ҒА Философия және құқық институтында кіші, аға, жетекші және бас ғылыми қызметкер, кафедра меңгерушісі м.а., сонымен қатар директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 1994 жылдың қарашасынан 1995 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Президиумының Қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысының орынбасары қызметін атқарды. 1970 жылы «Кванттық механикадағы қажеттілік пен кездейсоқтық диалектикасы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын, 1990 жылы «Кванттық механиканың қалыптасуы мен дамуының логикалық-гносеологиялық талдауы» атты докторлық диссертациясын қорғады. 1994 жылы профессор атағы берілді.
1984 жылғы ғылым мен техника саласындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
1996 жылдың желтоқсанынан 2001 жылдың желтоқсанына дейін Қазақ сәулет-құрылыс академиясының философия, тарих және құқық кафедрасын, 2001 жылдың желтоқсанынан 2011 жылдың қыркүйегіне дейін Абай атындағы ҚазҰПУ-дың философия және ғылымдар әдіснамасы кафедрасын басқарды. 2011 жылдың қыркүйегінен 2013 жылдың тамызына дейін – Шетел тілдері және іскерлік карьера университетінің профессоры, 2013 жылдың қыркүйегінен – Алматы энергетика және коммуникациялар университетінің әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры, 2021 жылдан бері Алматы гуманитарлық экономика университетінде профессор қызметін атқарады.
Ғалымның 250-ден астам ғылыми еңбектері, оның ішінде 2 жеке және 13 ұжымдық монографиясы, сонымен қатар бірқатар оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді. Оның бастамасымен және қатысуымен Германияда қазақстандық қоғамтанушы ғалымдардың неміс тілінде «Forschung, Jnnovationen und desellschaftliche Probleme im Raumen der Modernisilrung Kasachstans» (Berlin:Verlag Dr. Koster, 2013. Құрастырушы – профессорлар, ғылым докторлары Сәбит М. және Рау И.). Оның ғылыми жетекшілігімен 4 докторлық диссертация, 13 кандидаттық диссертация, сонымен қатар PhD диссертациясы қорғалды.
М. Сәбиттің ғылыми еңбектері танымның логикасы мен теориясы ретінде диалектика мәселелерін қазіргі ғылымның философиялық және әдіснамалық проблемаларының дамуымен тығыз байланыстыра отырып зерттеуге арналған. Ол тек Қазақстанда ғана емес, оның шегінен тыс жерлерде де ғылыми ортада кеңінен танылған 4 томдық «Диалектикалық логика» (1985-1987) монографиясы авторларының бірі және редакциялық алқасының мүшесі. Ол кванттық механика, А.Эйнштейннің арнайы және жалпы салыстырмалылық теориялары сияқты физикалық теориялардың қалыптасуы мен дамуының логикалық-гносеологиялық және логикалық-әдістемелік мәселелерінің кешенін талдады. Диалектикалық-логикалық категориялар мен қағидалар тұрғысынан қазіргі физика құрылымында шешуші орын алатын жоғарыда аталған іргелі теориялардың логикалық құрылымы ашылды. Белгілі болғандай, ғылыми теорияны құру, эмпирикалық және теориялық арақатынасты талдау, оның құрамындағы ғылыми идеялар мен принциптердің рөлі, оны түсіндіру мәселелері үлкен қызығушылық тудырады және оларды ұғыну (айталық, Н.Бордың сәйкестік және бірін-бірі толықтыру принциптерін, салыстырмалылық принципінің Галилейден А.Эйнштейннің жалпы салыстырмалылық теориясына дейінгі тарихи эволюциясын, олардың құрылыс үдерісіндегі эвристикалық функцияларын және одан әрі теория жүзінде дамуын), диалектикалық-логикалық идеялары (ұстазы, ҚР ҰҒА академигі Ж.М. Әбділдинді үлгі тұтқан М. Сәбит әдісінің артықшылығы дәл осы жерде) заманауи ғылымды дамыту талабына жауап береді. Сонымен қатар, М. Сәбит философия тарихын Қазақстанның мәдени тарихымен байланыстыра отырып, тәуелсіздік жағдайында еліміздің дамуының өзекті мәселелеріне қатысты өз бетінше зерттеулер жүргізіп, руханиятқа және мемлекет құраушы қазақ халқының адамгершілік құндылықтары мен ажырамас құқықтарына барынша ұқыптылықпен қарау қажеттігіне ерекше көңіл бөледі.
М. Сәбит қоғамдық өмірге белсене араласып, оптимистік бағытты ұстанады, қазақ қоғамы дамуының озық үрдістерінің сенімді жақтаушысы болып қала береді және ел болашағына, қазақ халқының болашағына кәміл сенеді. ҚР ҰҒА Философия және құқық институтының кәсіподақ және партия ұйымдарын басқарды, Алматы қаласы Фрунзе аудандық Кеңесіне халық депутаты болып сайланды, редакциялық комиссия мүшесі болды. Қазақ тіліндегі 20 томдық «Әлемдік философиялық мұра» сериясының басқарма төрағасы, «Қазіргі заман: пікірлер әлемі» философиялық альманахының бас редакторы болып табылады.
«Еңбек ардагері» медалімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» медалімен, сондай-ақ III Александр атындағы Еуропалық мәдени-тарихи ғылымдар одағының «Әулие Георгий» төсбелгісімен марапатталған, Павлодар облысы Лебяжин ауданының құрметті азаматы, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының құрметті профессоры.