ҚазҰУ-да Сағди күніне арналған әдеби кеш өтті

18 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде парсы әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, ұлы ақын Сағди Ширази күніне арналған әдеби кеш ұйымдастырылды.

Тағылымды кешті шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы Тұрақты даму мақсаттары жобасы аясында өткізді.

Шараға Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының бас консулы Мохсен Фағани, Тәжікстан Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Равшан Бобохонзода, Тұран-Иран ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей, ирандық ақын Намази Нишабури, шығыстану факультетінің деканы Наталья Ем, оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Әдеби кештің мақсаты – ақын Сағди Ширазидың шығармашылығы жөнінде пікір алмасу, оның мұрасын насихаттау.

Шарада шығыстану факультетінің деканы Наталья Ем Cағди Ширази  шығармашылығына тоқталып, «Гүлстан» мен «Бустан» атты еңбектеріне аса мән беріп, оның құнды жақтарына айрықша көңіл бөлді. Сонау ғасырда жазылған қуатты афоризмдері ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа тарап отыр және  бұны адамзат баласы  керекті кәдесіне жаратып  келе жатқанын,  туындысының тағылымы кең, жастарға тәрбие беретін  маңыздылығын айтып берді.

Өз кезегінде Иран Ислам Республикасының бас консулы Мохсен Фағани  Сағди Ширази туындыларының бағалы тұстары адамгершілік рухта жазылғанын, оның шығармаларындағы сөз иірімдерінің шебер берілуі, насихат пен ғибратқа толы,  тіпті олардың қаншама уақыт  зымырап өтсе де, болашақ ұрпақ үшін құнын жоғалтпай,  тайға таңба басқандай   сақталып  қалатынын тілге тиек етті.

Сонымен қатар кешке қатысушы қонақтар ақын шығармашылығының әлем әдебиетіне қосқан үлесі, қазақ тіліндегі аудармалары мен жаңа зерттеу жұмыстарымен ой бөлісті.

Әдеби кеште студенттер парсы тілінде Сағди Ширазидың өлеңдерін жатқа оқыды.

Сағди Ширази – 1210-1291 жылдар аралығында өмір сүрген әлемдік деңгейдегі парсытілді шайыр, жазушы. Сағди Ширазда дүниеге келген. Ақынның өмірбаяны туралы деректерді шығармаларынан, әсіресе «Гүлстан» мен «Бустаннан» кездестіруге болады. Сағди өз заманындағы ислам әлемінің ең маңызды ғылым-білім орталығы –  Бағдадтағы Низамиеде оқып, өмірінің көп бөлігін туған жерден жырақта, жиһангерлікпен өткізді. Сағди – Құран және хадистермен таныстығы болған ақындардың бірі. Ол өз шығармашылығында құран мен хадис сөздерін ұтымды пайдаланған. Ақын өз туындыларында адамзатты жақсылыққа үндеп, жамандықтан жиренуге шақырады. Сондықтан келешек ұрпаққа мол мұра қалдырған ақынды еске алу мақсатында сәуір айының 21-і күні Иран күнтізбесінде Сағди күні деп белгіленген.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі