ТЕМІРБЕКОВ НҰРЛАН МҰХАНҰЛЫ

19 сәуір, 2024

Есептеу математикасы саласындағы белгілі маман, физика-математика ғылымдарының докторы (2001), профессор (2004), ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының академигі (2004).

Н.М.Темірбеков 1960 жылы 20 тамызда Жамбыл облысының Луговая станциясында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебін бітіргеннен кейін, 1977 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ механика және қолданбалы математика факультетіне оқуға түсті. Университетте "қолданбалы математика" мамандығы бойынша оқып (1982), қолданбалы талдау кафедрасының стажер-зерттеушісі ретінде ғылыми жұмыс жүргізген (1984-1986), аспирантура (1986-1989) мен докторантура (1996-1999) оқыған.

Еңбек жолын Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институтының ассистенті болып бастады. 1990 жылы "Ғылыми зерттеулерде есептеу техникасын, математикалық модельдеуді және математикалық әдістерді қолдану" мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.

1989-2002 жылдары Н.М.Темірбеков – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің ассистенті, аға оқытушысы, доценті, деканның орынбасары, 2008 жылғы маусымнан бастап – декан, 2008 жылғы желтоқсаннан бастап – ғылыми жұмыс жөніндегі проректор.

2001 жылы "Есептеу математикасы" мамандығы бойынша "Күрделі салалардағы гидродинамика есептерін сандық модельдеу" тақырыбында физика-математика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған.

2002-2006 жылдары – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқу-әдістемелік жұмыс, содан кейін ғылыми жұмыс және жаңа технологиялар жөніндегі проректоры. 2006-2008 жылдары – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры.

2004 жылы "Информатика, есептеу техникасы және басқару" мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілген, сондай-ақ, "Ақпараттық және компьютерлік технологиялар" мамандығы бойынша ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының академигі болып сайланған.

Н.М.Темірбеков Есептеу математикасы және есептеу гидродинамикасы саласындағы маман болып табылады.

"Күрделі геометриясы бар салалардағы тұтқыр сұйықтық теңдеулерін шешудің жуықтау әдістері", "Техникалық университетті инновациялық университетке айналдыру" монографияларының және Қазақстан мен Ресейдің ғылыми журналдарындағы 70-тен астам мақалалардың авторы.

Н.М.Темірбековтың жетекшілігімен бес ғылым кандидаты дайындалған. ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісімен марапатталған (2003). ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылым мен техниканың дамуына зор үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған Мемлекеттік ғылыми стипендиясының стипендиаты (2004-2005).

2006 жылы "Астана" мерейтойлық медалімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, 2023 ж. Түркіәлемі математиктерінің «TWMS конгресінің лауреаты» медалімен марапатталған.

Басқа жаңалықтар