Темірбек Жүргеновтің рухани мұрасы

6 желтоқсан, 2023

ТҮРКСОЙ халықаралықұйымының шешімімен 2023 жыл түркі әлемінде  «Жүргенов жылы» болып жарияланды. 

ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қаламы қарымды публицист Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Т. Жүргеновтің рухани мұрасы және білім беру саласының тұрақты  даму мақсаттары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Елге сіңірген қалтқысыз еңбегіне қарай есімі ұлықталып отырған қазақтың қайраткер тұлғасы Темірбек Қараұлы Жүргенов 1934 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің негізін салған. Жоғары оқу орындары мен мектептер ашқан, азамат руханияттың бастауы - білім мен мәдениетте екенін жақсы түсінген. Алаш көсемі Ә. Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету - білімнен емес, мінезден» дейді.Әрине, қайраткердің білімі мен білігі де руханият пен мәдениетті дамытуға ықпал етті.Т. Жүргенов Қазақ АКСР Халық ағарту  комиссары болған 1933 жыл қазақ мәдениеті мен рухының тұралап тұрған кезі еді.Қайраткер тұлға руханиятты дамытуға орасан еңбек етті.

Темірдей төзімді, болаттай берік мінезімен «Темір нарком» атанып, қиын-қыстау сын кезеңдерде еліміздің оқу-ағарту, мәдениет пен әдебиет саласын дамытуға күш салған қайраткер азаматтың қызметі мен өмір жолы туралы ғылыми конференцияда жан жақты айтылды. Талапшыл, шыншыл мінезі, өмірлік ұстанымы жастарға үлгі ете айтылды. Қазақ өнері мен мәдениетін паш еткен 1936 жылғы Мәскеудегі қазақ өнер декадасы туралы да конференцияда аз айтылған жоқ. Мазмұнды жиында тұғырлы тұлға Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік-қаламгерлік болмысы жаңа қырынан ашылды.

Жиында алғаш сөз алғанәл-Фараби атындағы ҚазҰУпроректорыЖамила Айтжанова есімі тек қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға Темірбек Жүргеновтің 1929-1937 жылдардағы қызметін, жыл басынан бергі Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі, республикамыздағы Жүргеновке арналған мерейтойлық ұлықтау іс-шараларын атап өтті. Проректор сөзін қорытындылай  келе:«Осы жиынға қатысып отырған өскелең жастарға Жүргенов сияқты ұлы тұлғаларды  ұлықтау, тарихымызды тарызылау біздің парызымыз», - деді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конференцияға жіберген құттықтау хатында: «Өзі мерт болса да, оның ісі, атқарған қызметі, халқының келешегіне сіңірген қалтқысыз еңбегі, артында мұра болып қалған әдеби-мәдени, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері жоғары бағасын ала бастады. Себебі, асыл азаматтың өнегелі өмірі, еліне деген сүйіспеншілігі жастар үшін Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі болары хақ», - дей келе, халықаралық конференция қатысушыларына сәттілік тіледі.

ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының доценті, филол.ғ.к., жүргеновтанушы-ғалым БауыржанИманғалиев «Т. Жүргеновтің әдеби-публицистикалық мұрасы» тақырыбында баяндама жасап,Халық ағарту комиссары еңбек жолын алғаш журналистикадан бастағанын айта келіп, 1918 жылы  «Қазақ мұңы» газетінде жауапты хатшы болып, 20-жылдар басында «Еңбекшіл қазақ» газетінің буынын бекітіп, бұғанасын қатайту ісіне қаламымыен де, ұйымдастырушылық қажырымен де атсалысқанын атап өтті. Сөз қадірін білетін, сөз баққан ортада өскен Темірбек Қараұлыныңартында мұра боп қалған 7 кітабы, 160-қа жуық әдеби-мәдени, білім-өнер саласында жазған еңбектері бүгінгі ұрпаққа зор тағылым екендігін,болашақта оның шығармаларыншаң басқан мұрағат сөрелерінен алып, ғылыми айналымға қосу қажеттілігін университет ғалымдарының назарына ұсынды.Айталық, «Қазақстандағы мәдениет революциясы», «Қазақстандағы сауатсыздықты жою», «Қазақ педагогикалық институтын құру», «Қазақ халқының ақындары мен жыршылары» атты кітаптары, «Қазақ тіліндегі терминология мәселелері», «Мектептің түрі, тілі туралы», «Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағдайлар», «Об организации Казахского госуниверситета»атты мемлекетшіл мақалалары бүгінгі күні де өз маңыздылығын жоғалтпағанын баяндамашыжиналғандардың есіне салды.

Шара модераторы Журналистика факультетінің деканы ТемірғалиКөпбаев:«Жүргеновтің тағдыры - әрі тұлғаның тағдыры, әрі теперішті тағдыр десе болады. Небір мемлекеттік үлкен қызметтерді атқарып тұрып, аумалы-төкпелі заманның ауанында жала жабылып, атылып кеткендігі қабырғамызды қайыстырады. 1936 жылғы декаданы керемет өткізіп, қазақ әдебиеті мен мәдениетін биікке көтергені бағаланып, Сталиннің қолы қойылған Еңбек Қызыл Ту ордені берілген еді. Сөйткен адам бір жыл болмай жатып, халық жауы ретіндетүрмеге тоғытылды. Тергеу жарты жылға созылды. Жүргенов тағдыры алапат заманға сәйкес келген ең бір күрделі тағдыр. Өзі кеткеннен кейін оның жан-жары Дәметкен апамыз 8 жыл «АЛЖИР» лагерінде азап көрді. Рухының мықтылығынан жеңілген жоқ, арын таза сақтап қалды», - дей келе, бүгінгі шарада қайраткердің қырын жан жақты ашамыз деген сенім білдірді.

Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы,  «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматыСәби Аңсатөз сөзін: «Жүргеновті ұлықтаған, рухына тағзым еткен жүректеріңнен айналдым» деп бастады. Жүргенов мұраларын танытудағы қордың атқарған жұмыстарына тоқталды. Жүргенов мұрасына көптомдық шығару, орталық, мұражайлар ашу туралы әңгімеледі. Аталмыш конференцияның, Жүргеновтің мұрасын насихаттаудың маңыздылығын атап,Жүргеновке арналған шаралардың ұйымдастырылу деңгейіне тоқталды. «Бас амандығын сақтап қала беруіне болатын еді. Шыбын жанының амандығын ойламай, басына төнген қауіп-қатерге қарамастан, айыпталып, тұтқындалатынын біле тұра еліне адал қызмет етті. Большевиктік партия қатарында бола жүріп, оның болашағына сене жүріп, Сталинді мақтай жүріп, қазақ ұлты үшін қызмет атқарды. Жүргенов Мәскеуге қазақтың рухының өлмеген ұлт екенін танытты. Мәдениет, әдебиетінің КСРО кеңістігіндегі ұлттардың ешқайсысынан кем емес екендігін көрсетті.Бұл Сталиннің ұлттық террорына, ұлттық кемсітушілікке тойтарыс берген іс болды», - деп түйіндеді.

«Әділет»тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, «Комиссар Жүргенов» романының авторы Бейбіт Қойшыбаев: «Ағарту комиссары ретінде Қазақстандағы мәдени революцияның тізгінін ұстап, көрігін қыздырды», - дей келе,Т. Жүргеновтіңқазақ өнері мен мәдениетіндегі орны мен рөлін айшықтады.

Б. Бейшеналиева атындағы Қырғыз мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің ректоры Түменбай Колдошов Бішкекте 16 қарашада Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай республикалық іс-шара өткізгендігін, оған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті Б. Иманғалиев қатысып, баяндама жасағанын айтып өтті. «Қазақ-қырғыз тарихы ұқсас, әр ұлттың өзінің Темірбегі бар, бұл шараны қазақ елінің ұлт жанашырына деген құрметі деп есептеймін», - деді.

Өзбекстан парламентінің «Халқ сузи» – «Народное слово» газеттерінің жауапты хатшысы, Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің аға оқытушысы Нұрлан Усманов: «Т. Жүргенов Ташкентте қызмет еткен қазақ зиялыларының бірі. Әдеби, мәдени оқу-ағарту саласындағы қазақ қайраткерлерініңмұралары туралы жастарға үнемі айтып, мәліметтер береміз», - деді.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі Аманкелді МұқанМәскеудегі қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігі туралы тың деректерге тоқталды.

Конференция жұмысы панельдік секцияға жалғасты. Онда Ресей ғалымы Пронин Александр, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Айгүл Садықова, Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ журналистика кафедрасының меңгерушісі, доцент ЖанарРамазанова,философия және саясаттану факультетінің доценті Абай Дүйсенбаев, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің доценті АлмажанӨтеғалиева, Ж. Баласағұни атындағы Қырғыз ұлттық университеті журналистика факультетінің кафедра меңгерушісі Бегайым Максутова, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының аға оқытушылары Бегжан Әшірбаев пен Жылбек КерімбекОрта Азиядағы білім беру, ағарту саласының, мәдениет, әдебиет пен өнердің дамуына өлшеусіз қызмет еткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің мұрасына қатысты мазмұнды баяндамалар жасады.

Осылайша халқымыздың ардақты ұлы, қазақ өнері дегенде өзегін жұлып берген рухы биік ұлтжанды тұлға Темірбек Жүргеновтің мұрасы туралы жүргеновтанушылар, білікті ғалымдар жасаған мазмұнды баяндамалар қоғам қайраткерінің өнегелі өмірі мен еңбек жолын айшықтап, конференция қатысушыларына мол мәліметтер берді. Тағдырдың тартқан теперіші ұрпақтарға тағылым болады. Кейінгі ұрпақты тарихи тұлғалардың өнегелі істерін үлгі ету арқылы тәрбиелеудің маңызы қашанда зор.

 

Назгүл Шыңғысова

ЮНЕСКО-ның журналистика және

коммуникация кафедрасының меңгерушісі