Құдайбергенов Сарқыт Елекенұлы

19 сәуір, 2024

Құдайбергенов Сарқыт Елекенұлы

Полимерлердің физикалық химия саласында дүниежүзіне белгілі ғалым, химия ғылымдарының докторы (1991), профессор (1994), ғылым мен техника саласында Қазақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1987), АТ Фондтың «Ғылымдағы жетістіктері үшін»  сыйлығының лауреаты (1995), шетелде ең көп мақалалары жарияланған және оған көп сілтемелер жасалған  қазақ авторы ретінде «Парасат» сыйлығының лауреаты (2010), Қ.И. Сәтбаев атындағы «Жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеулері үшін» (2019), Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған (2012), «ҚазТрансОйл» АҚ ғылыми-техникалық орталығына 5 жыл» мерекелік медалімен (2003), Шәкәрім атындағы Семей университетінің құрметті профессоры ретінде «Шәкәрім университетіне сіңірген еңбегі үшін» медалімен (2011), «Сәтбаев университетіне 85 жыл» медалімен (2019) марапатталды. Ғылым мен техниканың дамуына ерекше үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған Мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері (2020). Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі отандық ғылымды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Үздік ғалым» сыйлығын берді (2022). Құдайбергенов С.Е. Стэнфорд университетінің ғалымдары жасаған жалпыға қолжетімді деректер қорының (https://doi.org/10.17632/btchxktzyw.2.) нәтижелеріне сай, дәйексөздері бойынша әлемнің жетекші ғалымдары арасында алғашқы 2%-ға кіреді және Web of Science Clarivate Analytics деректер базасына сәйкес полиамфолиттерді зерттеу саласында әлемдік көшбасшы болып табылады. Оған дәлел ретінде оның «Polyampholytes in Advanced Polymer Science and Emerging Technologies» (2024, CRC Press, АҚШ), «Polyampholytes: Synthesis, Characterization and Application” (2002, Kluwer Academic/Plenum Publishers, АҚШ),  «Recent Advances in the Studying of Synthetic Polyampholytes in Solutions» (1999, Springer, Германия), “Polyampholytes” (2008, John Wiley @ Sons, АҚШ), «Polyampholytes: Past, Present, Perspectives» (2021, Қазақстан) атты ағылшын тіліндегі іргелі монографиялары мен шолу мақалалары мысал бола алады. Қазақ, орыс, поляк және ағылшын тілдерінде жекеше және бірлескен авторлық 20 монографиясы, 400-ден астам ғылыми жарияланымы, оның ішінде 11 кітап тарауы, 20 шолу және 150 ғылыми мақала ағылшын тілінде халықаралық рецензияланған журналдарда жарияланған. Ол 25 авторлық куәліктердің және патенттердің иегері, Хирш индексі Scopus және Web of Science деректер базасы бойынша 25-ке тең.

Құдайбергенов С.Е. 1951 жылы 20 мамырда Семей облысы, Мақаншы ауданы, Қарғалы ауылында дүниеге келген. 1973 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін физикалық химия мамандығы бойынша бітірген. 1973-1980 жж. ҚазМУ-дің физика-химиялық зерттеу әдістері зертханасында және жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасында инженер және кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1981 жылдан 1993 жылға дейін – ҚР ҒА Химия ғылымдары институтының кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкері қызметін атқарды. 1993-1994 жылдары – Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Эргономика ғылыми-зерттеу институтының химия бөлімінің меңгерушісі. 1996-1998 жж. – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасының профессоры. 1999-2001 жж. Қазақ-Америка университетінде химия және химиялық технология кафедрасын құрып және аталған кафедраны басқарды. 2001-2004 жж.  «ҚазТрансОйл» АҚ Ғылыми-техникалық орталығында және «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ-да директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары – орталық зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2005-2018 жж. – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің химия және сараптама кафедрасының профессоры. 2008-2019 жж. – Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ инженерлік бейінді зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Құдайбергенов С.Е. кандидаттық диссертациясын 1980 жылы Қазақ ҰҒА Химия ғылымдары институтының мамандандырылған кеңесінде, докторлық диссертациясын 1991 жылы М.В. Ломономов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің мамандандырылған кеңесінде қорғады. 1994 жылы оған химия мамандығы бойынша профессор атағы берілді. 1999 жылы Қазақстандағы полимертану ғылымының дамуына және жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауға үлес қосып жүрген жекеменшік «Полимерлік материалдар мен технологиялар институтын» (www.ipmt.kz) ұйымдастырды және оны бүгінгі күнге дейін басқарады. Оның ғылыми бағыты мұнай өнеркәсібінде, мұнай химиясында, катализде, нанотехнологияда, биотехнологияда, медицинада және қоршаған ортаны қорғауда арнайы мақсаттағы полимерлерді әзірлеу және оларды өндіріске енгізумен байланысты. Оның мұнай кен орындарына полимерлерді айдау технологиясы «Торғай Петролеум» АҚ -ның Құмкөл кен орнында тәжірибелік сынақтарынан сәтті өтті.

Құдайбергенов С.Е. Сорос қорының, INTAS-Қазақстан, INTAS ашық конкурсы, НАТО-ның «Бейбітшілік және қауіпсіздік ғылымы» халықаралық гранттарының иегері, «Мұнайдың шығымын арттыру үшін полимерлерді айдау технологиясын әзірлеу және өндіріске енгізу» коммерцияландыру жобасының, Еуропалық Одақтың «Горизонт-2020» халықаралық жобасының жетекшісі.  1999-2024 жж. ол басқарған Полимер материалдары және технологиялары институты 24 халықаралық және республикалық жобаларды сәтті аяқтады. Құдайбергенов С.Е. Бельгия, Жапония, Германия, Греция, Египет, Испания, Қытай, Нидерланды, Польша, АҚШ, Сингапур, Түркия, Финляндия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Кореяда өткен түрлі халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда пленарлық, ауызша және постерлік баяндамаларымен Қазақстан ғылымының  полимер саласындағы жетістіктерін шетелдік ғалымдарға таныстырды. Шақырылған профессор ретінде Хаджеттепе (Түркия) және Васеда университеттерінде (Жапония) дәріс оқыды, 1 жыл бойы Квангжу ғылым және технология институтында (Оңтүстік Корея) дәріс оқыды және ғылыми зерттеулер жүргізді, сонымен қатар Монпелье (Франция) және Сеул университеттерінен 3 ғылым магистрін дайындады. Құдайбергенов С.Е. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да наноматериалдар және нанотехнологиялар мамандықтары бойынша диссертациялық кеңестің мүшесі (2013-2021 жж.). Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да органикалық заттардың химиялық технологиясы мамандығы бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы (2019-2021 жж.). Ұлттық ғылыми кеңестердің (2016-2018 жж., 2019-2021 жж.) және «Eurasian Chemical Technology Journal», «Eurasian Journal of Chemistry», «International Journal of Formulation Science», «Uzbek Polymer Journal» журналдарының редакциялық алқасының мүшесі. Ол MDPI "Advanced Technologies in Polymer-Protected and Gel-Immobilized Nanocomposites" арнайы шығарылымының (2020, https://www.mdpi.com/journal/polymers/special_issues/adv_tech_poly_gel_nano) және «Мұнай өнеркәсібіндегі био-, нанотехнологиялар және медицина саласындағы арнайы полимерлер» шығарылымының «Қарағанды ​​университеті бюллетені, Химия сериясы»  журналының шақырылған редакторы (2022). «Макромолекулярлық комплекстер (MMC)» және «Макро- және супрамолекулалық архитектуралар мен материалдар» (MAM) атты IUPAC (ИЮПАК) Халықаралық ұйымдастыру комитеттерінің мүшесі.

2021 жылы С.Құдайбергеновтың 70 жылдық мерейтойына орай “Polymers for Advanced Technologies” журналының арнайы саны жарық көрді (2021, V.32, №7, P.2633-2790), журналдың атқарушы редакторы – Рединг университетінің (Англия) профессоры, С.Е. Құдайбергеновтың талантты шәкірті, ҚазМУ-дың түлегі – В.В. Хуторянский. Басылымның алдында профессор В.В. Хуторянскийдің ұстазына арнаған шолу мақаласымен қоса, оның достарының, әріптестері мен студенттерінің 15 шолу және түпнұсқа мақалалары бар. Оның жетекшілігімен 1 докторлық, 7 кандидаттық және 5 PhD диссертациялар қорғалды. Алыс және жақын шетел ғалымдары мен мамандарының қатысуымен арнайы мақсаттағы полимерлер мәселелеріне арналған 8 Халықаралық семинарлар, конференциялар мен симпозиумдар ұйымдастырды.

С.Е. Құдайбергеновтің ғылыми-педагогикалық қызметі туралы мәліметтер Алматы энциклопедиясында (1996, 188 б.), «Қазақстан ғылымындағылар кімдер?» анықтамалығында (1999, 493 б.), сондай-ақ «Қазақ Энциклопедиясында» (2005, 6 т., 93 б.), «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» (ҚазҰУ, 2009 ж.), «Мұнай және газ» (2011, №3, 145 б.), «Қазақстан тарихы: мектепте оқыту» (2011, №5, 38-40 б.), «Macromolecular Chemistry and Physics” (2011, v.212, Issue 10, p. 1086-1087), «Біздің Элита» («Қазақ университеті», 2014 ж., 2 т., 298- 299 б.), Polymers for Advanced Technologies (2020, DOI: 10.1002/pat.5156), ҚазҰУ хабаршысы, Химия сериясында (2021, №1, 50-58 б.), Қарағанды ​​университетінің хабаршысы, Химия сериясында (2021, № 2 (102),  4-7 б.) басқа да басылымдарда жарияланған.

 

Басқа жаңалықтар