НАУРЫЗБАЕВ МИХАИЛ ҚАСЫМҰЛЫ

19 сәуір, 2024

Техника ғылымдарының докторы, профессор, ғылым, техника және білім саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.

1942 жылы 21 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне 1960 жылы оқуға түсті. 1965 жылы университетті бітіргеннен кейін ҚазМУ-дің аналитикалық химия кафедрасында интерн, аспирант, кейін кіші ғылыми қызметкер, ҚазМУ ғылыми-зерттеу секторының меңгерушісі (1972-1983), химия факультетінің деканы қызметтерін атқарды. (1983-1987; 1995-2000). 1988 жылдың ақпан айында Қазақ химия-технологиялық институтының ректоры болып сайланып, 4 жыл жұмыс істеп, Қазақ мемлекеттік университетіне қайта оралды. 1993-2009 жылдары аналитикалық химия және сирек элементтер химиясы кафедрасын басқарды.

1970 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының академигі М.Т. Козловский және профессор В.П. Гладышева жетекшілігімен 02.00.05 – электрхимия және 02.00.02 – аналитикалық химия мамандықтары бойынша «Металдардың сынап пен амальгамдық электродтарда тотықсыздану процестеріне БАЗ-дың әсері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады, ал 1992 жылы 05.17.01 – бейорганикалық заттар технологиясы және 05.17.03 – электрхимиялық өндіріс мамандықтары бойынша «Беттік активті заттарды қолдану арқылы металдар бөлінуінің химиялық және электрхимиялық әдістерінің ғылыми негіздерін жасау» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. 1992 жылы профессор атағын алды.

М.Қ.Наурызбаев – түсті және сирек металдардың аналитикалық химиясы, электрхимиясы және химиялық технологиясы саласындағы атақты ғалым. Экологиялық мәселелермен де айналысады. Ол Қазақстанда жаңа ғылыми бағытты – таза металдарды алу, гидрометаллургия мен гальванотехникадағы технологияларды жетілдіру мақсатында көпкомпонентті жүйелердегі электрхимиялық процестерді басқаруды ұйымдастырды. М.Қ.Наурызбаев және оның шәкірттері таза металдар – мыс, мырыш, кадмий, таллий, сонымен қатар түсті металдармен электролиттік жабын алу үшін жаңа электролиттер алудың технологияларын жасады. Мысты тазарту үшін олар әзірлеген технология Жезқазған және Балқаш тау-кен металлургия комбинаттарында, ал мырышты электрлік жолмен алу технологиясы Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында жүзеге асырылды.

М.Қ. Наурызбаевтың ерекше еңбегі 1994 жылы Физика-химиялық зерттеулер мен талдау әдістері орталығын (ФХЗТӘ) ұйымдастыру болып табылады, оның міндеттеріне ғылыми зерттеулер жүргізу, талдаудың жаңа әдістерін әзірлеу, органикалық және бейорганикалық заттарды алудың химиялық технологияларын әзірлеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кәсіпорындары мен ұйымдарының химик-аналитиктерін даярлау және қайта даярлау (біліктілігін арттыру) кіреді.

800-ден астам жұмыстың, оның ішінде 300-ден астам ғылыми мақаланың, 100-ден астам өнертабыс патентінің, 20-дан астам оқу құралының авторы. Web of Science деректер базасында индекстелген журналдарда 70-тен астам мақала жариялады. Оның жетекшілігімен алты докторлық және 38 кандидаттық диссертациялар, сонымен қатар 9 философия докторы (PhD) қорғалды.

2005 жылы М.Қ. Наурызбаевтың «Қазақстанның әлемдік жоғары технологиялық өнімдер нарығына – тұрақты изотоптар нарығына шығуын қамтамасыз еткен ғылыми-технологиялық, ақпараттық-талдамалық жұмыстар кешені» жұмысы үшін ғылым, техника және білім  саласында ҚР Мемлекеттік атағы берілді. Қазақстан Республикасында ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған Мемлекеттік ғылыми стипендияның бірнеше мәрте иегері. 2011 жылы Наурызбаев М.Қ. Қазақстан Республикасы Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі болып сайланды.

Ғылыми-педагогикалық қызметтегі табыстары үшін М.Қ. Наурызбаев «Ерең еңбегі үшін» медалімен (1984), «Құрмет» орденімен (2014) әл-Фараби ҚР жаратылыстану ғылымдарының Ұлттық академиясының атындағы алтын медалімен (2015) марапатталып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының құрметті академигі (2014) болып сайланды.

Басқа жаңалықтар