ҚазҰУ-да ғылым мен бизнестің ынтымақтастығы талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да еліміздегі ғылыми әлеуетті нығайтуға, университет пен бизнес және ғылыми қоғамдастықтар арасындағы әріптестікті дамытуға бағытталған «Science and Business» IV халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтуде.
Конференцияның мақсаты - импортты алмастыратын бұйымдар өндірісінің инновациялық технологияларының нәтижелерін коммерцияландыру саласында елдің ғылыми қоғамдастығы мен өнеркәсіптік секторы арасындағы интеграциялық процестерді дамыту.
Жиынға қазақстандық, шетелдік жетекші ғалымдар, сарапшылар, ірі компаниялардың өкілдері, кәсіпкерлер, оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар жиналды.
Алғаш болып сөз алған химия ғылымдарының докторы профессор ҚазҰЖҒА академигі Сестагер Акназаров: «Бүгінгі ғылыми конференцияның мақсаты ғылым дамуының жаңа жолдарын іздеу, Қазақстан экономикасының барлық секторлары үшін ғылым мен кәсіптің әріптестік мүмкіндіктерін зерделеу болып табылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық саясаттың негізгі мақсаттары белгіленген «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты сайлауалды бағдарламасында айтылған», - деді академик.
ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова шараның жану, плазмохимия, нанотехнологиялар, наноматериалдар, катализ, медицина, экология сынды салалардағы өзектілігін атап өтті. Ол «Ғылымды дамытудың алға қойған міндеттерін орындаудың келешегі мен тиімділігі үшін инновациялық кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарын, тиісті басымдықтарды интеграциялау қажет. Бұл кәсіпорындардың міндеттеріне жақын ғылыми-зерттеу жұмыстары мен нысаналы білім беру бағдарламаларын қалыптастыру тетіктерін оңтайландыруға мүмкіндік береді және жас мамандардың 100% сұранысына ықпал ететін болады», - деді проректор.
Шарада физика-математика ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-дың құрметті профессоры В.С. Школьник, ҚР СІМ Алматыдағы өкілдігінің басшысы И.Ж. Райымов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты З.П. Кузиев сөз сөйледі. Жиынның пленарлық отырысы аясында «Агроөнеркәсіптік кешен үшін отандық биологиялық препараттар өндірісін әзірлеу және ұйымдастыру» тақырыбында «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Бас директоры, академик, б.ғ.д., профессор А. К. Саданов, «Автокөлік шығарындылары мен Өнеркәсіптік қондырғыларды улы компоненттерден тазартудың отандық жүйелері» бойынша Д. В. Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институты бас директорының инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Б. Х. Хусаинов, «Ғарыштық тамақ өнімдерін әзірлеу» бойынша ҚР ҰҒА академигі, Қазақ тамақтану академиясының вице-президенті, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты Ю. А. Синявский және басқалар баяндама жасады.
Конференцияға қатысушылар студенттер мен жас ғалымдарды ғылыми зерттеулерге тарту әдістері, заманауи зерттеулердің нәтижелері бойынша тәжірибе алмасып, бұрыннан бар іскерлік байланыстарды нығайта отырып жаңа байланыстар да орнатты. Шараны инновациялық технологиялар саласында жетекші орын алатын «Жалын» ғылыми-өндірістік техникалық орталығы бірлесіп ұйымдастыруға атсалысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі