ҚазҰУ ғалымдары Түркі әлемі географтарының конгресіне қатысуда

19 сәуір, 2024

Түркістан қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, География бойынша республикалық атаулы мектебі және «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ бірлесіп ұйымдастырған Түркі әлемі географтарының алғашқы халықаралық конгресі өтуде.

Конгресстің мақсаты Еуразия құрлығының түркітілдес елдерінің ғалымдары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету және осы саладағы географиялық білім мен ғылыми зерттеулердің дамуын ынталандыру болып табылады. Бұл география мен геосаясат, сондай-ақ табиғатты ұтымды пайдалану саласындағы ТДМ-ға қол жеткізуге арналған тарихи оқиға. Конгресс ғылыми диалог пен білім алмасудың жемісті алаңы болып табылады.

Ғылыми басқосу аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің жетістіктерін көрсететін ғылыми көрме өтті. Көрме барысында қонақтарға факультетте жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар мен зерттеулерде қолданылатын жабдықтар көрсетілді. Сондай-ақ, факультеттің профессорлық-оқытушы құрамының оқулықтары, монографиялары ұсынылды, олар Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасына сыйға тартылды, ғылыми көрме аясында географиялық зерттеулерде дрондарды қолдану бойынша мастер-класс өткізілді.

ҚазҰУ-дың 25 оқытушы-профессоры, магистранттары мен докторанттары конгресс жұмысына қатысып, пленарлық және секциялық отырыстарда баяндама жасады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Ж.К. Түймебаевтың атынан география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы А.С.Ақтымбаева ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған Түркітілдес елдердің географтар конгресін ұйымдастырғаны үшін Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Ж.А.Темірбековаға Алғыс хат табыс етті.

Пленарлық отырыс барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының профессорлары Ұ.А.Есназарова мен А.Т. Темірбековтың «Түркітілдес елдердің географиясы» атты екі тілде оқу құралының тұсаукесері өтті.

Конгресс түркі халықтарының географиялық тарихын, мәдениетін және болашағын зерттеудің жаңа бағыттарына жол ашады.

Конгесс жұмысы 20 сәуірде қорытындыланады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі