Роза Ғабдуллақызы Абдулкаримова
Роза Ғабдуллақызы Абдулкаримова 1953 жылы 18 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Чарск қаласында дүниеге келген. 1975 жылы С.М. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін бітірген және студенттік жылдарын өткізіп, ғалыми-ұстаздық еңбек жолын бастаған Роза Ғабдуллақызының өмірі Қазақ ұлттық университетімен бүгінгі күнге дейін тығыз байланысты.
Еңбек жолын Қазақ мемлекеттік университетінің физика-химиялық зерттеу әдістері зертханасында инженер, кейін кіші/аға ғылыми қызметкер болып бастады. Полимерлердің жану процестері мен ингибирленуі бойынша зерттеулер жүргізе отырып, 1984 жылы профессорлар Г.И.Ксандопуло және Б.Я. Колесников ғылыми жетекшілігімен «Эпоксидті шайырдың жану процесіндегі ванадий ингибиторлары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады.
Р.Ғ.Абдулкаримова Жану проблемалары институтын профессор Г.И. Ксандопуло құрған кезден бастап ғылыми жұмыс жүргізді. Профессор Г.И. Ксандопуло бастаған ғылыми қызметкерлер тобы «Қызметтік пайдалану үшін» грифі белгісімен бірқатар шаруашылық-келісімшарттық жұмыстарды орындады, сонымен қатар «Буран» ғарышқа ұшу аппараты үшін жылудан қорғайтын тақталарды әзірлеу (ЦАГИ, Жуковский қаласы, ВИАМ, НПО "Энергия", Мәскеу қаласы), мұнда Р.Ғ. Абдулкаримова жетекші қызметкер ретінде жауапты орындаушы болды. 2010 жылы Р.Ғ.Абдулкаримова профессор З.А. Мансуровтың жетекшілігімен «Жану режиміндегі кремний диоксидінің полиморфты модификациялары негізінде кремний және композициялық материалдардың синтезі» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Р.Ғ.Абдулкаримова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі берген іргелі және қолданбалы зерттеулер бағдарламалары бойынша ғылыми жобаларды басқаруды жүзеге асырады. Ғылыми зерттеулер студенттерді, магистранттарды және докторанттарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарта отырып, олардың ғылыми зерттеулерге және болашақ мамандығына қызығушылығын оята отырып, химиялық физика мен жану процестерін, қатты дене физикасы мен химиясын және материалтануды қоса алғанда, ғылыми салалардың қиылысында жүзеге асырылады.
1992 жылдан бастап Р.Ғ.Абдулкаримова ғылыми қызметін ұстаздық-оқытушы қызметімен ұштастырады. 1993-2001жж. және 2010-2012 жж. химиялық физика және материалтану кафедрасы меңгерушісінің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болды. Кафедра меңгерушісінің орынбасары ретінде Р.Ғ.Абдулкаримова «Жарылғыш заттар мен пиротехникалық құралдардың химиялық технологиясы», «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» мамандықтары бойынша оқытудың инновациялық нысандары мен әдістерін енгізуге қатысты. Кафедра мәжілістерінде ғылыми жетістіктерді, соның ішінде Жану проблемалары институтында жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелерін, озық педагогикалық тәжірибелерді, техникалық оқу-әдістемелік құралдарды, жаңа білім беру технологияларын, оқу-әдістемелік кешендерді енгізу арқылы оқу үдерісін белсендіру мәселелеріне жүйелі түрде бастамашылық етті.
Р.Ғ.Абдулкаримова « Жарылғыш заттар мен пиротехниканың құралдардың химиялық технологиясы » Қазақстан Республикасының Мемлекеттік білім беру стандартының әзірлеушісі (бірлескен әзірлеушілер – З.А. Мансуров , В.А. Завадский, С.Х.Акназаров), докторантураға арналған «Химиядағы наноматериалдар және нанотехнологиялар» білім беру бағдарламасының координаторы. 2018 жылы Қазақстанда алғаш рет «Химиядағы наноматериалдар және нанотехнологиялар» бакалавриат мамандығы ашылды, бұл университетте «бакалавриат-магистратура-докторантура» білім берудің үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Жаңа білім беру бағдарламасының бастамашылары мен әзірлеушілері- профессор З.А.Мансуров және профессор Р.Ғ.Абдулкаримова. Сонымен қатар, Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің «Химиядағы наноматериалдар және нанотехнологиялар» секциясының төрағасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультетінің білім сапасы жөніндегі Академиялық комитетінің мүшесі болып табылады.
Р.Ғ. Абдулкаримованың 200-ден астам ғылыми-әдістемелік жұмыстары бар, оның ішінде импакт-факторы жоғары халықаралық ғылыми журналдарда жарияланымдары, КСРО-ның 7 авторлық куәлігі, 10 инновациялық патенті мен пре-патенттері, Қазақстан Республикасының өнертабыстары мен пайдалы үлгілеріне патенттері, Ресей Федерациясының 2 патенті, Қазақстан Республикасы мен Ресейдің ғылыми еңбектер жинақтарында 5 шолу мақаласы; ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде зертханалық жұмыстарды орындауға арналған 6 оқу құралы мен 4 әдістемелік ұсынымдарды шығарды, "Жану және плазмахимия" журналының редакциялық алқасының мүшесі болып табылады.
Р.Ғ. Абдулкаримова «ЖОО үздік оқытушысы» грантының иегері (2017 ж.), «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2015 ж.), «Еңбек ардагері» медалімен (2019 ж.), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» (2021ж.), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2023ж.) марапатталған.
Р.Ғ.Абдулкаримова отандық және халықаралық ғылыми конференциялар мен форумдардың жұмысына белсенді қатысады. Баяндамашы ретінде Роза Ғабдуллақызы Ресей, Грузия, АҚШ, Бразилия, Австралия, Англия, Франция, Германия, Греция, Испания, Дания, Швеция, Түркия елдерінде жетекші ғылыми форумдарда болды. Р.Ғ. Абдулкаримова "Халықаралық металлургия және материалдар конгресінің" (Стамбул, Түркия), "Нанотехнологиялар" халықаралық конференциясының (Тбилиси, Грузия), Халықаралық "Жану және плазмохимия. Материалтанудың физикасы және химиясы" (Алматы), «Фараби әлемі» студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясының (Алматы) ұйымдастыру комитетінің мүшесі болып табылады.