Достықтың тарихи дәнекері – Асқанбек Алданазаров
2024 жылдың 3 мамыр күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Алматы қаласының мемлекеттік архивімен бірлесіп әскери тарихшы ғалым, Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы полковник Асқанбек Сапарұлы Алданазаровтың (10.05.1924-18.07.2010) 100-жылдық мерейтойына арналған «Достықтың тарихи дәнекері – Асқанбек Алданазаров» атты республикалық конференция өткізеді.
1924 жылы Асқанбек Сапарұлы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1942 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталарда Асқанбек Сапарұлының 6 жылдық білімі бар еді. Соғыстан кейін Ленинград университетінің тарих факультетінде оқиды, содан кейін Жоғарғы офицерлік мектебін әскери мамандығы бойынша бітіріп, зымырандар бөлімінде әскери борышын өтеп, зымырандар бригадасының командирі қызметін атқарады.
1968 жылы денсаулығына байланысты запасқа шығып, медицина институтында оқытушылық қызметімен қатар Қазақ мемлекеттік университеті тарих факультеті сырттай бөлімінің деканы қызметін атқарды.
Асқанбек Алданазаров қызметінің елеулі бөлігін жапон тұтқындарының қабірін зерттеуге арнады. Қазақстанның 11 облысынан жапон тұтқындарының 58 900 қабірін тапты. Орта Азияда «Алтын сәулелі күншығыс елінің орденімен» марапатталған алғашқы қазақстандық азамат.
Сонымен қатар ол ел территориясындағы поляк әскерлерінің жерленген орындарын анықтап, Польша елінде жерленген Қазақстанның 133 жауынгерінің қабірін анықтады. Бұл да – Асқанбек Сапарұлының әскери тарихшы ретінде еліне қосқан үлесінің бір парасы.
Республикалық конференция аясында әскери тарихшы-ғалым, Ұлы Отан соғысының ардагері Асқанбек Сапарұлы Алданазаровтың зерттеу тақырыбы мен ғылыми қызығушылықтарына жататын және бүгінде өзектілігін жоғалтпаған мәселелер төңірегінде талқылау мен пікірсайыстар күтіледі.
Конференция ғалымдар арасындағы ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуге, жаңа зерттеу жобаларды, бірлескен ғылыми жарияланымдарды құруға және Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы, поляк және жапон әскерлері тарихы туралы зерттеулерді дамытуға ықпал етеді.
Конференция жұмысына қатысуға ғалымдар, сарапшылар, мамандар және жас зерттеушілер шақырылады.
Конференцияда келесі бағыттар бойынша мәселелерді талқылау жоспарлануда:
- Асқанбек Алданазаров – әскери тарихшы ғалым
- А. Алданазаровтың зерттеулеріндегі жапон тұтқындарының тарихы мен тағдыры
Конференцияның жұмыс тілдері – қазақ, орыс тілдері.
Халықаралық конференцияға қатысу үшін 2024 жылдың 27 сәуірге дейін өз өтінімдеріңізді келесі мекенжайға жіберу қажет:
е-mail: кіші мәжіліс залы
Байланыс телефондары: +7 778 111 6379