Айқын

8 қазан, 2015

Дағдарыс өзімен бірге мүмкіндіктер де алып келеді

Үстіміздегі жылдың 20 тамызында Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің құны күрт құлдырап кетті. Осыған байланысты теңгені еркін айналымға жіберудің себептері мен салдарын саралап көрелік.

Теңгені тұрақтандыру бағытындағы саясатты жүзеге асыру үшін Қазақстан түрлі қорларынан 28 миллиард долларға жуық қаражат жұмсаған. Бұл теңгенің тұрақтылығы есебінен ішкі әлеуметтік міндеткерліктерді жүзеге асыруда, ха­лықтың әл-ауқатын көтеруде маңызды қадам болатын. Шын мәнінде, мемлекет өз міндеткерліктерін жүзеге асыруы­ның нәтижесінде халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуде тұрақтылық сақтады. Яғни ешқандай әлеуметтік дүмпулерге жол берілмеді. Бірақ жалпы, эконо­ми­када стагнациялық сипат кеңінен қанат жая бастады. Ұлттық өндірушілер өз тауарының қымбаттығы себебінен ше­телдік әріптестеріне төтеп бере алмады. Бұл өз кезегінде мәселені шешудің үш жолын айқындады: Не экономиканы модернизациялау арқылы, бәсекеге қа­білеттігін арттыру; не шығындарды азайту мақсатында жұмысшылар са­нын қысқартып өндірісті жабу; не ор­талық тарапынан девальвацияны жү­зеге асыру. Шын мәнінде, бүгінгі эко­номикалық жағдайды пайдаланып, Қазақстан өндірісіне кең көлемде модернизацияны жүзеге асырып, өң­деуші секторды дамыту арқылы бәсе­кеге қабілетті экономиканы құру ме­ханизмі өте күрделі жол болып шықты. Себебі ең алдымен, Қазақстанның қаржы секторы көп жағдайда отандық бизнесті несиелеуді тәуекелі мол іс деп санайды. Бұл тәуекелдің артуына және банк бойынша пайыздық мөлшер­леменің жоғарылығына ықпал ететін көрсеткіштерге: шетелден тартылатын қаржы ресурстарының қымбаттығы, ішкі инфляция деңгейінің жоғарылығы, тұрақсыз валюталық саясат, жемқор­лық секілді факторларды жатқызуға болады. Осы арқылы шетелдік банк­тердің біздің қаржы институттарына тек жоғары пайыздық несие бере алатындығын бағамдай аламыз. Бұл жағдайда мемлекет ішкі нарықты арзан қаржы ресурстарымен қамтамасыз етуді қаржылық саясаттың басты ба­ғытына айналдыруы керек секілді көрінеді. Алайда осы функцияны жүзе­ге асыру үшін құрылған қазақстандық даму институттары көп құжат талап етіп, бюрократиялық себептермен қар­жы бермеуге тырысады немесе жем­қорлық механизмдер арқылы алынған несиенің өзін тиімді жұмсауға тос­қауыл қояды. Нәтижесінде кәсіпкердің қолында қаржылық айналымды толық­тыру арқылы өндірісті модернизация­лауға деген ниет төмендейді. Екінші деңгейлі банктерден несие алу қымбат, ал даму институттарынан қаржы алу қиын. Нәтижесінде, бірінші жол ше­геріледі. Кәсіпкерлер амалсыздан екін­ші жолға қарай бет бұрады. Яғни шы­ғын­дарды азайту мақсатында қыз­мет­керлердің санын қысқарту, әлеуметтік кепілдіктер санын қыс­қарту, сапасын төмендету. Алайда бұл шараға барайын десе, әкімшілік ресурс әлеуметтік жарылыстан қорқып, ондай мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде кә­сіп­керлер кең көлемді шығынға батуға мәжбүр болды. Үшінші жолдың, яғни теңгенің еркін айналымға жіберілуінің, таңдалуы кәсіпкерлерді құтқарғандай көрінгенімен, экономикадағы жаңа дағ­дарыс орын алуы мүмкін екендігін жоққа шығара алмасымыз анық. Не­ліктен?
Біріншіден, бұл шара экспор­тер­лар­дың жағдайын жеңілдеткендей көрі­неді. Алайда бүгінгі күнгі теңгенің нарықтық бағамы әлі де мемлекет ба­қылауында. Ұлттық валютамыз әлі күн­ге дейін әлемдегі құны шын құны­нан жоғары бағаланатын валюталардың қатарында. Ұлттық банк валюта баға­мына араласпаймыз дегенімен де на­р­ық­­та ұлттық валютаны сатып алу ар­қы­лы теңге бағамын шынайы на­­рық­тық құнына түсірмей отыр. Себебі әлеу­меттік дүмпулерден аяқ тартып отыр. Шын мәнінде, бір күннің ішінде шетел валютасына шаққанда тұрғындардың тұтыну мүмкіндігі 25 пайызға төмендеп кетуі экономикаға ауыр зардап әкелуі мүмкін. Себебі тұтыну мүмкіндігінің шектелуі ішкі нарықтың шетел валю­тасына шаққанда 20 пайыздан астам мөлшерге қысқарғандығын көрсетеді. Бұл сауда мен импортқа байланысты өндірістер мен ірі реттелерлік желілер­дің сату мүмкіндігі мен өндіру мүм­кін­дігін шектейді. Бұл жағдайда халықтың ақша жарату мүмкіндігі қысқарып, тиісінше салықтық база қысқарады. Ал Ұлттық банктің ұлттық валютаны бұдан әрі қарай да белгілі мөлшерде ұстап тұруға деген ынтасы экспортпен ай­налысатын кәсіпорындарға кедергі келтіреді. Демек, бүгінгі күннің өзінде девальвациядан күтілген экономика­ның өсу қарқынының ұлғаюы ойдан шыға алмайды.
Екіншіден, соңғы жылдары екінші деңгейлі банктердің барлығы дерлік несиені шетел валютасында бергендігі мәлім. Бүгінгі күні екінші деңгейлі банктер девальвация деңгейіне сәйкес теңгемен берілген несиелердің өзін қайта қарауға мәжбүр. Неліктен? Се­бебі отандық банктердің өздері ше­телден несиелендіріледі. Яғни шетелге қарыздарын шетелдік валютамен қай­таруға міндетті. Теңгенің күрт құн­сызданып кетуі, отандық банктерді күр­делі жағдайда қалдырды. Иә, бұған отандық банктер девальвациядан, валю­талық спекуляция тетіктері ар­қылы көп пайда тапты деген уәж айтуға болар. Бірақ олар тапқан табыстарының барлығын ұлттық валютада тапты емес пе? Демек, тапқан табыстың өзі құнсызданып кетті деуге болады.
Үшіншіден, Қазақстан экономикасы импортқа тәуелді өндіріспен тығыз байланысты. Айталық, Үкімет өз мә­лімдемесінде автомобильдік өндірісті қолдайтындығын айтты. Қолдарлық жайт. Автомобильдік өндіріс Қазақ­станда соңғы уақытта қарқынды дамып келе жатқан экономика секторларының бірі. Бірақ Қазақстандағы автомобиль өндірісі бірінші кезекте шетелден әкелінетін автомобиль бөлшектерін Қазақстанда құрастырумен шектеледі. Бұл автомобильдік өндірістің девальва­ция барысында өз әлеуетінің 25 пайызын жоғалтқандығын көрсетеді. Себебі отандық автомобильдік зауыт­тардың барлығы негізгі автомобиль бөлшектерін шетелден валютаға сатып алуға мәжбүр. Автомобиль өндірісіне ұқсас жүздеген өндіріс салалары шетелден өз шикізаттарын және өзге де қажеттілігін алуға мәжбүр. Демек, бұл салалардың барлығына мемлекеттік қолдау қажет. Бұл тағы да мемлекет шығындарының өсуі.
Төртіншіден, Қазақстан экономика­сында импорттаушы компаниялардың үлесі де өте үлкен. Олар сөзсіз импорт­талатын барлық тауарды валютамен әкеледі. Нәтижесінде әкелінетін өнім­нің қымбаттауы есебінен тұтынушылық мүмкіндік шектеледі. Мұндай компа­ниялар сауда айналымын азайту арқы­лы, мемлекеттік бюджетке төлейтін салық мөлшерін азайтады. Қызметкер­лерін жұмыстан қысқартуға мәжбүр болады деген сөз.
Бесіншіден, экономика салалары­ның модернизациялану мүмкіндігі шектеледі. Себебі жаңа техника мен технологиялар шетелден келеді. Ол үшін тағы да валюта керек. Валютаның қымбаттауы ұлттық экономиканың модернизациялануын тежейді. Демек, ұлттық өндірушілер технологиялық қайта құру орнына, бұрынғыдай ескі технологияларымен бәсекеге қабілет­тігін төмендетеді деген сөз.
Алтыншыдан, инфляция деңгейінің жоғарылауы. Бүгінгі күні жергілікті әкімдер мен Үкімет мәлімдемелеріне қарамастан, инфляцияның жоғары деңгейде өсетіндігіне ешкімнің күмәні жоқ. Ал Үкіметтің 2016 жылы жалақы көтереміз деген мәлімдемесі инфляция деңгейін одан да арттырады. Неліктен? Өйткені халық тұтынатын тауарлардың негізгі дені шетелден келеді. Ал ол валю­таға алынады. Девальвация өнді­ріс барысында шетелдік құрамы жоқ тауарларға ғана төмен болуы мүмкін. Ал Үкімет сөз берген жалақы көтеруден кейін, инфляцияның деңгейі одан әрі жоғарылай түседі. Инфляцияның жо­ғары болуы, ел экономикасына кері әсер ететін, шетел инвестицияларының келуіне кедергі жасайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады. Экономикалық өсімнің азаюы мен стагнация әлеуметтік жағдайдың ушы­ғуына ықпал етері сөзсіз. Себебі эко­номикалық өсімнің тоқтауы әлеуметтік жағдайға кері әсер етеді.
Жоғарыда айтылғандарды саралай келіп, девальвация ұлттық экономикаға оң әсерімен қоса, кері әсерін тигізе­тіндігіне де көзіміз жеткендей. Кез келген қаржы-экономикалық процес­тің ел экономикасына оң әсер етуі үшін, бірінші кезекте қуатты эконо­мика керек. Қуатты экономика дайын өнімдер экономикасы болып табылады. Неғұрлым тікелей тұтыну тауарлар өндірісі артқан сайын кез келген экономикалық дағдарыстың халыққа деген кері әсері төмен болады. Ол үшін маңызды екі құрамдас реформа жаса­луы керек. Біріншісі – экономиканы әртараптандыру бағытындағы жүйелік реформа болса, екіншісі – толыққанды нарықтық тетіктермен ғана басқары­латын экономика. Осы екі саясатты ұштастыра отырып мемлекет өз эконо­микалық әлеуетінің дамуын толыққан­ды қамтамасыз ете алады. Басқаша жағ­дайда біздің еліміз кез келген экономикалық дағдарысты қиын өткі­зетін болады. Мұнай, шикізат бағамы­ның төмендеуі – заңды процесс. Себебі әлемнің экономикасы дамыған, қуатты елдері бастарынан күрделі, құрылым­дық, жүйелік дағдарысты кешіріп жатыр. Дағдарыс өзімен бірге мүмкін­діктер де алып келеді. Осы жағдайды пайдаланып экономиканы жүйелі түр­де қайта құруға кіріссек қана дағ­да­рысты еңсеріп, бәсекеге қабілетті елге айналарымыз сөзсіз.

Шыңғыс Ергөбек,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Аккредитация, рейтинг және сапаны басқару орталығының директоры