10 млн.доллардың суперкомпьютері
Рая ЕСКЕНДІР
Білімнің қара шаңырағы — ҚазҰУ Қытай үкіметінің гранты бойынша 10 млн. доллардың суперкомпьютерін алатын болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары барысында осындай уағдаластыққа қол жеткізіп қайтты. Сонымен, керемет компьютердің ерекшелігі неде? Ол – бір секунд ішінде жүз он триллион операцияны жүзеге асыра алады екен. Еліміздің басты оқу ордасына беріліп отырған мұндай керемет компьютерді Қытайдың «ІNSPUR» компаниясы ұсынып отырса, оның қаражатын Қытай үкіметі бөліп отыр.
Биылғы жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған сапары барысында екі ел арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында «Sіlіcon valley» моделі бойынша іТ-технологиялық паркін құруды ұсынған болатын. Мемлекет басшысының идеясын іске асыра отырып, ҚазҰУ жаңа Жібек жолы университеттері альянсының халықаралық іТ-технопаркін құру жөнінде бастама көтерді. Ол ҚазҰУ базасында суперкомпьютер және бұлт арқылы зерттеу негізінде құрылды.
Елбасы Н. Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «ІNSPUR» компаниясының жетекшілері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжатта жобаны іске асыру бойынша бірлескен іс-әрекеттің негізгі бағыттары белгіленді.
Атап өткен жөн, индустриалдық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бойынша ҚазҰУ ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласындағы жоғары білікті мамандар дайындайтын орталық ретінде таңдалды. Бұл үшін ҚР Инвестициялар және даму жөніндегі министрлікпен бірлесіп, бірегей «Технолофт» инновациялық кластері құрылып жатыр. Аталған кластер инновациялық шеберханалары мен өзегі суперкомпьютер болып табылатын ІT — технопаркті қамтиды.
Қазақстан мен Қытайдың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдете түсуі ғылым мен білім саласындағы мемлекетаралық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің ғылыми-техникалық өзара ықпалдастығы шеңберінде бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асырудың мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар бұл Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» Жолдауымен үндесетін жаңа Жібек Жолы экономикалық белдеуін құру жөніндегі мемлекетаралық ауқымды жобаны жүзеге асыруға өз ықпалын тигізеді.