ҚазҰУ-да үнді әдебиетінің аудармалары таныстырылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да алғаш рет үнді жазушыларының шығармалары аударылған басылымдардың тұсаукесер рәсімі өтті. Шара тұрақты даму мақсаттарын іске асыру шеңберінде білім ордасының 90 жылдығына және шығыстану факультеті үндітану бөлімінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Аударылған кітаптар қазақ оқырмандарын хинди тілінде танымал авторлардың шығармаларымен таныстыруға бағытталған. Жоба «Сапалы білім беру» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылуда.
Шараға Алматы қаласындағы Үндістан елшілігі өкілдігінің консулы Суапнил Кхотаваде, ҚР Ұлттық кітапханасының дүниежүзілік әдебиет қызметінің басшысы Сәлима Тұяқова, ҚР мәдениет қайраткері, үнді классикалық би және йога орталығының директоры Ақмарал Қайназарова, шығыстану факультетінің деканы Наталья Ем, ТШжОА кафедрасының аға оқытушысы, үндітанушы Зәуре Искакова, үндітану бөлімінің меңгерушісі, PhD Сымбат Ысмағұлова, ТШжОА кафедрасының меңгерушісі Дариға Көкеева және басқалар қатысты.
Үнді әдебиеті мұрасының мәдени және тарихи маңызы зор. Ол үнді жұртшылығының тілі мен дәстүрінің әртүрлілігін көрсетеді. Шығармалар әртүрлі жанрдың кең спектрін қамтиды, оның ішінде Ведалар мен Упанишадтар сынды ежелгі жазбалар, Рамаяна мен Махабхарата сияқты классикалық эпостар, Рабиндранат Тагор, Р.К.Нараян және Арундати Рой сынды танымал авторлардың заманауи туындылары да кездеседі.
Шара аясында Разипурам Кришнасвами Нараянның «Әженің әңгімелері: ерте неке ғасыры» және Мани Шанкар Мукерджидің «Үнді халық ертегілері» кітаптары таныстырылды.
Разипурам Кришнасвами Нараян – ең танымал үнді жазушыларының бірі. Оның шығармалары көбінесе қарапайым тілде әрі әзіл-оспақ түрінде жазылған. Р.К.Нараянның «Әженің әңгімелері» – ХІХ ғасырдың екінші жартысында өзінің күйеуі Вишваны іздеуге шыққан оңтүстік үнділік жас әйел Балланың батылдығы туралы жартылай автобиографиялық ертегі. Мани Шанкар Мукерджи «Үнді халық ертегілері» жинағында Үндістанның бай мәдени мұрасы туралы кең түсінік беретін құрбандық, батылдық, күш, алдау және әділдік туралы әңгімелерді қамтиды.
Шара ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұйымдастыруымен өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі