ҚазҰУ археологтері сот археологиясына арналған монография шығарды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультеті «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейімен бірлесіп «Алматы облысы Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйектерін археологиялық верификациялау және тарихи сәйкестендіру: пәнаралық зерттеулер» атты ұжымдық монография шығарды.
Қазақстанда сот археологиясын зерттеуге арналған тұңғыш еңбектің таныстырылымы ҚР Ұлттық кітапханасында өтті.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры, тарих ғылымының кандидаты Гүлмира Мұхтарова құттықтау сөз сөйлеп, монографияны шығаруға атсалысқан ғалымдарға алғыс айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы, жоба жетекшісі, тарих ғылымының докторы, профессор Досбол Байқонақов жиынға қатысушыларды монография мазмұнымен таныстырды. Жоба жетекшісі қазба орындарынан археологиялық фактілерге тоқталып, табылған олжалар жайлы баяндады, сондай-ақ репрессияға қатысты тың мәліметтерге тоқталды. Оның айтуынша, ұжымдық монография негізінен археолог, тарихшы, мұрағатшы, криминалист, сот-медициналық сарапшы, генетик секілді мамандардың далалық (археологиялық), мұрағаттық және зертханалық зерттеулерінен, сондай-ақ қуғын-сүргін кезінде зардап шеккендердің естеліктері мен басқа да материалдарынан тұрады.
Генетика және физиология институтының директоры, PhD Гүлнұр Жүнісова қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың генетикалық талдауларының нәтижелері және олардың негізінде жасалынатын қор туралы хабарлады. Қазақстандық археологияның көрнекті өкілі Жолдасбек Құрманқұловтың айтуынша, отандық археологияда мұндай ғылыми ізденістер алғаш рет жүзеге асырылды және үлкен әлеуетке ие, өйткені республиканың барлық облыстарында Бауырластар зиратын кездестіруге болады. Ол сондай-ақ университет археологтерінің алғаш рет отандық тарихнамадағы жаңа бағыт – сот археологиясын бастағанына және негізін қалағанына қуанышты екенін айтты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс тобының мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор Сәуле Жәкішева өз сөзінде авторлық ұжым нәтижелі жұмыс атқарды деп сенімді түрде айтуға болатынын, оның негізінде археологияда ғана емес, антропологияда да жаңа бағыт пайда болғанын, яғни сот антропологиясы қалыптасқанын мәлімдеді. Бұл екі бағыт бір-бірімен тығыз байланысты және болашақта Қазақстанның тарих ғылымының игілігі үшін қатар дами береді деп көрсетті. Жиынға қатысқан ғалымдар, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары авторлық ұжымға өз алғыстарын білдірді.
Жиында содай-ақ ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай, репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес қатысып, жаңа монографияның ерекше құндылығын атап өтті.
Ұжымдық монография интерактивті қосымшалардан (QR-код) тұрады, онда: бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері, ғылыми жаңалығы мен маңыздылығы және т.б. туралы аудиоматериалдар; қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың генетикалық талдауларының нәтижелері (50-ге жуық адам); Қазақстандағы қуғын-сүргін жайлы, мамандардың атқарған жұмысы және т.б. туралы бейнефильмдер бар.
Басылым ХХ ғасыр тарихының мәселелерімен айналысатын ғалымдар мен зерттеушілерге, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық ұжымына, жас ғалымдарға, докторанттарға, магистранттар мен жоғары оқу орындарының студенттеріне, орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқушыларына арналған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі