Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Н.Назарбаев ұсынған бес институционалдық реформалар талқыланды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институционалдық реформалар талқыланды, деп хабарлады жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Кездесу барысында жоғары оқу орнының басшылығы мен ғалымдары ұсынылған реформалардың өте маңызын және тарихи қажеттілігін атап өтті. Шараға қатысушылар олар қазақстандық мемлекеттілікті және халықаралық қоғамдастықтағы Қазақстанның рөлін арттыруға бағытталғанын атап көрсетті.
«Мемлекет басшысы ұсынған бес институционалдық реформа - Қазақстанның одан әрі жасампаздық дамуы мен гүлденуінің, барлық қоғамдық күштерді әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру жөніндегі тарихи миссия айналасына топтастырудың және оның әлемдік кеңістікте орнығуының негізі. Экономиканы өзгерту көп жағдайда отандық университеттерге байланысты, олар елдің инновациялық жүйесін құруда барған сайын зор рөл атқаруы тиіс, жаңа білімдер мен инновациялардың орталығы болуы қажет», - деп атап өтті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.
Жиында сөз алғандар мемлекеттік органдарды орталықсыздандыру және нәтижеге бағдарланған басқару принциптері, заң мен демократияның үстемдігіне, білімге негізделген экономиканы дамыту мәселелері жөнінде келелі ой қозғады. Сондай-ақ мемлекеттің, бизнес пен университеттердің ықпалдасуы, ұлттық біртектілік, азаматтық ұстаным және патриотизм мәселелері әңгіме өзегіне айналды.
«Бұл реформаларды жүзеге асыру үшін олардың кезең-кезеңімен орындалуы моделін жасау қажет. 100 қадам - «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясының басты құндылықтарын ашатын, «Стратегия-2050-ді» дамытуға және орындауға бағыт беретін нағыз сара жол. Жоғары білікті кадрлар даярлау Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс», - деп атап көрсетті профессор Болат Мұхамедиев.
Кездесуде сөз сөйлеген ғалымдар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор идеяларын толығымен қолдап, реформаларды жүргізу қажеттігіне талдау жасады, білім берудің тиімділігі мен сапасы, теория мен практиканы ықпалдастыру, ғылым мен өндірістің бірлігін күшейту, әлеуметтік және мәдени саясатты жақсарту мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салды. Олар Президенттің нұсқаған сара бағытын бірауыздан қолдап, күшті және гүлденген Қазақстан құруға бағытталған мақсаттарды нақты өмірге енгізуге барлық күш-жігерлерін жұмсайтындықтарын білдірді.