Бердібай Азамат Рахманқұлұлы

30 сәуір, 2024

Жоғары оқу орындарының мәртебесі оның түлектерінің жетістіктерімен өлшенеді. Сондықтан шәкірт тәрбиелейтін кез келген мекеме болмысы тек оның түлектері арқылы танылатыны заңдылық. Университеттің шығыстану факультеті өзінің аты айтып тұрғандай шығыс тілдеріне қатысты мамандар дайындайды. Аталған факультет қабырғасында меңгерілетін мамандықтарды игерген түлектер тек тіл біліп қана қоймай, қазіргі заман талабына сай жан- жақты білімді, жоғары дәрежедегі білікті маман болып шығады. Олардың ғылыми ізденіс жұмыстарына да бейім, педагогика саласында да шеберлік таныта алатын, үкімет қызметтеріне де дайындығы сай екенін өмір жолдары көрсетіп келеді. Осындай биік белестерден көріне алған шәкірттердің бірі – Азамат Рахманқұлұлы Бердібай.

Азамат Бердібай – араб тілін оқу барысында талантты шәкірт қана емес, әр іске жауапкершілікпен, ынта-жігерімен қарайтын жан екендігін көрсетті. Оның Ә.Б. Дербісәлі, М.Н. Мәженова, Г.Р. Рамазанова, Г.Е. Надирова сынды факультеттің беделді оқытушыларынан тәлім-тәрбие алуы білім мен араб тіліне деген құштарлығын арттыра түсті. Студенттік кезеңде алған білімі Азаматтың өзіне деген сенімін күшейтіп, рухани тұрғыда жан-жақты адам болып өсуіне негіз болды. Осының нәтижесінде Азамат әр істе белсенділік, жауапкершілік танытты.

Оқудағы белсенділігінің арқасында университеттің жолдамасымен 1985-1986 жылдары Тунис мемлекетінде тіл ұстарту тәжірибесінен өтіп келді. Бұл оның тілдік шеберлігін ұштай түсіп, білікті маман болуына ерекше ықпал етті. Тілдік дайындықтан оралған соң, университетте оқуын жалғастырып, 1987 жылы университет дипломын иемденеді.

Оқуды тамамдаған соң мемлекеттік жолдамамен Алматы қаласының № 45 мектебінде 1987-1988 жылдары сабақ беріп, мұғалімдік қызмет атқарады. Жасөспірімдерге араб тілін оқытуда педагогикалық нақыш танытып, ұстаз атағына сай дәрежеде жұмыс істейді.

1988-1990 жылдары КСРО Қарулы күштері қатарында болып, Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтейді. Әскери парызын өтеуде де Азамат өзінің тіл білу машығын пайдаланып, офицер-аудармашы болып қызмет атқарады.

Әскер қатарынан оралған соң 1990-1992 жылдары өзінің білім алған шаңырағында шығыстану факультетінің араб кафедрасында ассистенттік қызмет атқарады. Жастығына қарамастан, өзінің іске деген тиянақтылығы, жауапкершілігі арқасында көзге түскен Азамат аталған факультет деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Бұл кездері оның ұйымдастырушылық іске деген берілгендік қасиеттері шыңдала түседі. Халқымыз тәуелсіздік алған кезеңде, еліміздің егемендігін, беделін танытатын заманда жеке-дара республика тұрғысында халықаралық қатынас жасау қажеттігі туды. Қазақстан Республикасы өзінің мемлекеттілігін жария етіп, дүниежүзінің түкпір-түкпірінде өз елшіліктерін ашу жұмыстарын қолға алды. Осы тұста тіл білетін, тапсырған істі жүзеге асыратын, Қазақстанды бүкіл әлемге көрсете алатын азаматтар мемлекеттік жұмыстарға тартыла бастады.

Сондай тұлғалардың бірі – А. Бердібай заман талабымен ҚР Сыртқы істер министрлігіне қызметке шақырылды. Сыртқы істер министрлігінде істеу дегеніміз, адамның жеке басының абыройы ғана емес, бүкіл халықтың өкілеті ретінде шынайы азаматтық жауапкершілікті мойнына арту емес пе!? Азамат Бердібайдың осы қиыншылық пен жауапкершілікке қарамай, зор жүкке қадам басуы оның өз болмысына, біліміне нық сенімін танытса керек.

1992-1996 жылдары Сыртқы істер министрлігінің Таяу Шығыс және Африка Басқармасының үшінші хатшы қызметінен бірінші хатшы дәрежесіне көтеріледі. Азамат Бердібайға 1996 жылы Сауд Арабиясы Корольдығындағы ҚР елшілігінің бірінші хатшысы қызметін атқару тапсырылады. Іскерлігі, терең білімі және алғырлығымен ерекшеленген Азамат бұл қызметті үш жылдай атқарады. Сыртқы істер министрлігінде істеу дегеніміз, адамның жеке басының абыройы ғана емес, бүкіл халықтың өкілеті ретінде шынайы азаматтық жауапкершілікті мойнына арту емес пе!? Азамат Бердібайдың осы қиыншылық пен жауапкершілікке қарамай, зор жүкке қадам басуы оның өз болмысына, біліміне нық сенімін танытса керек.

Елге оралған соң 1999-2002 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы болып қызмет істейді. Бұл жоғары мансапта  Азамат Бердібай өзінің жұмысқа деген ынта-жігерін танытып, жауапкершілігі үлкен қызметтерді атқара алатынын көрсете білді. Осының нәтижесінде ол 2002 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Азия, Таяу Шығыс және Африка департаменті директорының орынбасары қызметіне тағайындалады.

2002-2006 жылдары Сауд Арабиясы Корольдығындағы ҚР Елшілігінің кеңесші-елшісі қызметін атқарушы болып бекітіледі. Араб тілін меңгеруінің арқасында аталған қызметте де Азамат Рахманқұлұлы өзінің біліктілігін танытып, дипломатиялық жұмысты басқара алу қабілетін көрсетеді.

2006-2007 жылдары Біріккен Араб Әмірліктеріне қарасты Дубай қаласында Бас Консул қызметін атқару мәртебесіне ие болады.

  Ал 2007 жылдың сәуірінен Азамат Рахманқұлұлы Бердібай Катар мемлекетінде Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарады. Өзінің таңдауын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетімен, араб тілімен байланыстырған Азаматтың еңбек жолы кімде де болса қызығушылық тудыратыны сөзсіз. Азамат Бердібайдың университет қабырғасында алған білімі нәтижесінде талай ел аралап, жоғары дәрежедегі қызметтер атқарғаны, Қазақстан Республикасының өкілі болу мәртебесіне  ие болғаны – бізге мақтаныш, үлкен мәртебе.

Басқа жаңалықтар