ҚазҰУ ғалымдары су тасқыны жағдайын зерттеуде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Батыс Қазақстанда су тасқыны жағдайына зерттеу жүргізуде.
Ғылыми жұмыстар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жасыл даму контексінде Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерін тұрақты дамыту: кешенді талдау, тұжырымдама, болжамдық бағалау және сценарийлер» мегагрантын іске асыру шеңберінде жүргізілуде.
Су тасқыны жағдайын бақылауды жүзеге асыру үшін Атырау қаласындағы Жайық өзенінің бассейнінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті жанынан жедел әрекет ету штабы құрылды. Штабтың ғалымдар тобы бір апта бойы Жайық өзені бассейніндегі ағымдағы су тасқыны жағдайына бағалау жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстарға ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің аға оқытушысы Алмат Ердесбай қатысты.
Ғалымдар аспаптық өлшемдерді (гидрометриялық бұрауыш, ҰҰА эхолоты, GNSS-қабылдағыш) пайдалана отырып, есептік, графоаналитикалық, гидрологиялық, далалық зерттеулер жүргізді. Зерттеулер Жайық өзенінің қазіргі жай-күйін, арналардың өткізу қабілетін, тасқын қауіптерінің алдын алудың мүмкін болатын іс-шараларды анықтауға бағытталған.
Мамандар гидрологиялық бақылауды қоса алғанда, барлық қолда бар ақпаратқа жан-жақты талдау жүргізді, су мен су тасқыны толқындарының шығу уақытын анықтады. Жайық өзенінің негізгі арнасының гидропостары бойынша көлденең профильдер салынып, талдау жасалды.
Қолда бар деректерге сәйкес, картографиялық материалдарды, сондай-ақ аумақты зерттеу кезінде Атырау қаласына судың ең көп шығынын жеткізу уақыты, сондай-ақ арналардың өткізу қабілеттілігінің жай-күйі туралы ұсынымдар берілді.
Биылғы 20 сәуірден бері география және табиғатты пайдалану факультетінің ғалымдары – Е.Кәкімжанов, А.Тоқбергенова, Е.Сарыбаев, А.Рыскелдиева, К.Зұлпыхаров, сондай-ақ докторант Н.Хамитов Батыс Қазақстан өңірінде кешенді далалық зерттеулер жүргізуде.
Ақтөбе қаласының маңын тексеру кезінде Елек өзенінің аңғарында орналасқан елді мекендерді су басу қаупі анықталды. Оған «Локомотив», «Көктем», «Строитель-4», «Рассвет Лесхоз», «Зеленстрой», «Ақтөберентген», «Зооветснаб», «Шие бағы» саяжайлары кіреді. Су деңгейі шамамен 2-3 метрге көтеріліп, аумақты су басты. Ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы апат аймағына салыстырмалы талдау жүргізілді. Бұдан басқа, Елек өзенінің су сынамаларына физика-химиялық зерттеу жүргізілді, Елек өзенінің жерүсті суларында физика-химиялық көрсеткіштер анықталды. Зерттеу деректері зиянды заттардың көрсеткіші асып кеткенін көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі