Айқын

9 қазан, 2015

Әлем оқушылары Қазақстанды біле ме?

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әлемнің 83 мемлекетінен 324 оқушы информатика бойынша халықаралық XXVII олимпиадасында бақ сынап жатыр. «IOI-2015» олимпиадасы Қазақстанда алғаш рет өткізіліп жатыр.

Ол түрлі елдерден келген информатика және ақпараттық технологиялар саласындағы дарынды оқушыларды анықтап, қолдау көрсетуге бағытталған.
Әлем балалары жиналған ҚазҰУ қалашығы абыройлы шараға қолдау көрсетіп отыр. Шетелдік оқушылар үшін бар жағдайын жасауда. Білімге құштар қонақтармен кеше біз елімізден алған әсерлері мен қызығушылықтарын біліп қайтқан едік.

Машей Холубович, Адама Мицкевич атын­дағы бірінші мек­тептің оқушысы (Польша):

– Бізге Қазақ елі ерекше әсер етті. Әсіресе, Алматыдай көркем қала өзінің тартымдылығымен таңғалдырды.Қа­ланың инфра­құ­ры­лым­дық жағдайы ғажап екен. Алыстан көрінген Алатауы, етегіндегі мыңдаған үй, қыз-қыз қайнаған тіршілік, бәрі-бәрі өзгеше әсер сыйлап жатыр. Қазақстан туралы мектеп оқу­лықтарынан оқып, білетін едік. Халық­аралық олимпиаданың арқасында осындай тартымды елге табанымыз тиді. Ал жарысқа келетін болсақ, мұнда осы пәнді жетік білетін білгір оқушылар жиналған. Егер информатиканы жетік білетін болсаң, олимпиаданың еш қиындығы болмайды.Барлығы өзіңнің біліміңе байланысты. Сол біліміміздің арқасында ел, жер көріп отырмыз.

Илья Шевченко,Хирьковский физика-техникалық лицейінің оқушысы (Украина):

– Мен Қазақ­станның таби­ға­ты­на ғашық бол­дым. Көкке қа­дал­ған шыңдар, тау етегін барынша жапқан қалың қарағай, ба­сынан қар кетпеген мұ­зарт мұздықтар, жеріне көрік берген жасыл желек, бір сөзбен айтқанда табиға­ты керемет мемлекет екен. Қа­зақстанның сұлулығын бір қаласына қарап-ақ там­санып, нағыз саяхат құратын жер екен деп таңырқадық. Әсіресе, олимпиададан кейін бізді Медеу шатқалы мен «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына алып барды. Шым­бұлақтың аспалы жолы таудың таңғажайып жара­тылысына сүйсінтті. Біз жақта мұндай кереметтер жоқтың қасы.
Шыны керек, өмірімде бірінші рет тауға шыққанымды жасырмаймын. Биікке өрлеген сайын ерекше сезімде болады екенсің. Бұл саяхат керемет сабақ болды. Мен бұрын мектеп оқулықтарынан ғана естіген Қазақ елінің табиғаты, шын мәнісінде, мен ойлаған ғажайыптардан да биік екен.

Юта Такая,Катсэй орта мектебінің оқушысы (Жапония):

– Қазақстаннан ал­ған ең бірінші әсе­рім - күннің ыстығы болды. Аптап ыстық­қа біраз уақыт үйренісе алма­дым. Бұл Қазақ­стан­дағы алғашқы олим­пиа­­далық сапарым. Шыны керек, Қазақстан мемлекеті туралы білмейді екенмін. Мектепте де, жаңалықтардан да Қазақ елі туралы кездестірмейміз. Тек олимпиада өтетін мемлекет белгілі болғанда, оның Қазақстан мемлекеті екенін естігенде ғана осы елге қатысты деректерді ғаламтор арқылы іздеп, сырттай таныса бастадым. Қазақстанда күн сондай ыстық, сол сияқты пейілдері де жарқын, жылы- жүзді халық екен. Жарыстан кейін түрлі үйірмелерге, би кештеріне, спорттық бөлімдерге баруға және ҚазҰУ қала­шы­ғында еркін серуен­деуге мүмкіндік алдық. Ұйымдас­тыру­­­шыларға алғыс білдіремін!

Джи Хак Юн, Кёнги ғылыми мектебінің оқушысы (Оңтүстік Корея):

– Шынымды айтайын, Қазақстан туралы мүлдем бей­хабар бола­тынмын. Біз мектепте белгілі бір бағыт бойынша білім ала­мыз. Осын­дай мемле­кеттің бар екендігін информатика олимпиадасы туралы хабар жеткенде ғана естідім. Мектебіміздегі ұстаздарымыз маған бұл елдің ауа райы, ас мәзірі туралы айтып берді. Бұл ауқымды жарыс арқылы Қазақстандай сұлу мемлекетті өз көзімізбен көріп, жете та­нысып, отандастарыма әлеуметтік желі арқылы жолдап үлгердім. Сондай-ақ мені Қазақстанның ғажайып табиғаты сөзсіз қызықтырды. Мұнда жаңа достар кездес­тірдім. Олармен жиі ди­дарласып, пікірлесіп тұрамыз.