ҚазҰУ-да сот жүйесін жаңғырту мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сот төрелігін жүзеге асырудың конституциялық қағидаттары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Онлайн және офлайн өткен шараға Беларусь Республикасы Жоғарғы соты төрағасының бірінші орынбасары Валерий Калинкович, Қырғыз Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Эмиль Осконбаев, ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов, ҚР Жоғарғы сотының Халықаралық кеңесінің мүшесі Марк Биир, Әзірбайжан Республикасы Конституциялық сотының судьясы Камран Шафиев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, Қазақстан Республикасы бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев, Алматы қаласы әділет департаментінің басшысы Балайым Кесебаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, отандық және шетелдік заң саласының ардагерлері, белгілі судьялар, құқықтанушы ғалымдар, оқу ордасының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов оқып берді. Хатта: «Қайрат Мәми ұзақ жылғы қызметінде мемлекеттік құқықтық заңдылықтың сақталуы мен азаматтардың мүдделері қорғалуы жолында мол үлес қосты. Сот жүйесіндегі реформалардың жүзеге асуына бар күш-қайратыңызды жұмсадыңыз. Отанымызды қорғауға және қоғамды ізгілендіруге арналған көптеген ғылыми еңбектеріңіз жоғары бағаланды. Алдағы уақытта да қоғамдық-саяси істерге белсенді атсалысып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін», – делінген.
Өз сөзінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Қайрат Мәми тәуелсіз Қазақстанның сот, құқық қорғау саласында өзіндік орны бар тұлғалы азамат, мемлекет және қоғам қайраткері екенін атап өтті.
«Қайрат Әбдіразақұлы – ҚазҰУ-дың 1981 жылғы түлегі. Сол уақыттан бері табысты еңбек етіп, отандық сот жүйесінің реформаторы атанды. Қайрат Мәмидің жетекшілігімен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР конституциялық заңы дайындалды, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы», «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңдары қабылданды. «Аралық соттар туралы», «Прокуратура туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы» заңдары әзірленді. Нормативтік қаулылар, сот жүйесін қалыптастыру стратегиялары бекітілді. Қазақстандық сот саласының өзін-өзі материалдық тұрғыда қамтамасыз етуіне жол ашты. Сот жүйесі қызметкерлерінің еркін жұмыс істеуіне, кәсіби тұрғыда мол тәжірибе жинақтауына жағдай жасады. Қайрат Әбдіразақұлының іскерлік тәжірибесі, іргелі зерттеулері, тың әдістемелері қазіргі соттардың тәжірибесіне енгізілген», – деді ректор.
Өз кезегінде Нұрсерік Шәріпов ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Асламбек Мерғалиевтің құттықтау хатын оқыды.
«Қайрат Әбдіразақұлы отандық сот жүйесін қалыптастыруға, дамытуға және халықаралық деңгейге көтеруге сүбелі үлес қосты. Сот төрелігіне алғаш болып электрондық цифрлық жүйені енгізді. Көптеген жауапты лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Елімізді дамытуға қосқан айрықша еңбегі еленіп, мемлекеттік ордендермен және медальдармен марапатталды. Сондай-ақ «Құрметті судья» атағына ие болды», – деп жазылған құттықтау хатта.
Шарада Беларусь Республикасы Жоғарғы соты төрағасының бірінші орынбасары Валерий Калинкович сөз сөйлеп, ТМД елдерінің жоғары сот саласындағы ынтымақтастығын дамытуда Қайрат Әбдіразақұлының үлесін баса айтты.
«Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастық күн санап артып келеді. Соның ішінде сот саласындағы қарым-қатынасты жоғары бағалауға болады. Аталған саладағы мамандардың байланысы мен осындай ауқымды шаралар тараптардың серіктестігін арттыруға мол мүмкіндік береді», – деді Валерий Калинкович.
Сонымен қатар жиын барысында Эмиль Осконбаев, Камран Шафиев, Ғалымжан Қойгелдиев, Марк Биир, Балайым Кесебаева, Берік Имашев және т.б. лауазымды тұлғалар сөз сөйледі.
Конференцияға қатысушылар ҚР Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ету және сот жүйесін жаңғырту бойынша мәселелерді талқылады. Мемлекет басшысының адам құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа құқықтық бастамалар қаралды. Сондай-ақ конституциялық реформаны жүргізу, әділеттілік қағидатын іске асыру жұмыстарын қарастырды.
Пленарлық отырыс әрі қарай түрлі тақырыптарды қамтыған сессияларда жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі