Айқын

10 қазан, 2015

«Армысың, КазГУ – городок!»

Автор: ҚАНШАЙЫМ БАЙДӘУЛЕТ

«Армысың, КазГУ – городок!» әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Табылды Досымовтың 50 жылдығына арналған «Армысың, КазГУ – городок» атты еске алу кеші өтті.

Шараны «Көкжиек» деби-шығармашылық клубы ұйымдастырып, студенттер қазақтың тұңғыш бард ақыны, композитор Табылды Аяшұлының өлеңдерін оқып, лирикалық әндері мен бард туындыларын орындады.

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, Парламент Сенатының депутаты:

– Бүгін Табылды Досымов атындағы қоғамдық қордың директоры Бижан Қалмағамбетов екеуміз Алматыға арнайы ұшып келдік. Мұндағы мақсатымыз – Табылдың республикалық деңгейде еске алу кешін өткізу. Осы мәселемен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа жолығып едік, ол кісі азаматтық танытып, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайын тегін беруге уәде етіп отыр.

Табыл көзі тірісінде Алматыда, Астанада үлкен концерт қоя алмағанымен, облыс көлемінде, аудан орталықтарында халықпен жүздесіп жүрді. Досымыздың жете алмаған арманын артында қалған жора-жолдастары, бірге оқыған группаластары, қатар жүрген аға-інілері, ел азаматтары 18 қарашада орындасақ деген ниеттеміз.

Екеуміз соңғы рет Орал қаласында кездескен едік. Ол кезде ауырыңқырап, жағдайы болмай жүрген кез еді. Небары 45 жасында өмірден өтті. Бірақ соңына өшпейтін, өлмейтін із қалдырды. Кішкентай ғана ауылда туып, үлкен биіктерді бағындырды. Өзінің талантымен халықтың жүрегін жаулады. Оның өлең-жырларымен «КазГУ» қалашығы тербеліп тұратын. Қылышынан қан тамып тұрған Кеңес өкіметі кезінде замандастарының рухын оята білді. Мысалы, Желтоқсан оқиғасынан кейін «Мен бұл күнде құл емеспін, күң емеспін, Азатпын! Енді азатпын, басымыздан өткен талай тозақ күн» деп келетін «Мен қазақпын» өлеңін жазуы үлкен жүректілікті қажет етеді. Табылдының қазақ өнеріне қосқан осындай тың жаңалықтары көпшіліктің көкейінен орын тапты. Жасыратыны жоқ, оның шығармашылық ортасы Алматы еді, аудан оған таршылық еткені рас. Соған қарамастан, елде жүріп те талай өлең жазды, мемлекеттік қызмет жасады. Ақын-жыраудың мұраларын насихаттау әлі талай жалғасын табады деген ойдамын. Жастар барда, біздің жақсыларымыздың аты ешқашан ұмытылмайтынына сенемін!

Серік ЖАНБОЛАТ, курстас досы:

– «Армысың, КазГУ – городок,

Алматы қайда, мен қайда?» – деп шырқаған Табылды бүгін КазГУ-ге қайта оралғандай қуанып тұрмын. 80 жылдардың ортасында, 90 жылдардың басында осы жерде бәріміз думандатып жүретінбіз. КазГУ сонда біз үшін пейіш, нағыз жұмақ болатын. Сол кезде ең көп шырқалатын әндердің бірі – Табылдың әндері еді. «Ұнатамын мен сені», «Қыз махаббаты», «Қара гүл» сияқты әндерді қай жатақханаға барсаң, орындалып жататын. Егер Табылдың өзі ортамызда болғанда, қатты толқыр еді. Неге десеңіз, оның жанартауы жарылып, әндері дүниеге келген жер – осы КазГУ қалашығы. Табылдың бүкіл өнері, махаббаты, сағынышы түгел осында қалып қойды. Ол өмір бойы КазГУ-ді сағынды, достарын іздеді. Биыл шілде айында Табыл досымыз 50 жасқа толуға тиіс еді. Өкінішке қарай, сол елуін көре алмай кетті. Мені өкінтетін ол да емес. Өзі дүрілдетіп кеткен «КазГУ – городогында» кеш өткізіп, сту-денттермен қауыша алмағандығы. Дегенмен жастардың бүгін есіне алып, әндерін насихаттап жатқанына өте қуаныштымыз.

Темірғали КӨПБАЕВ, ақын:

– Ақын-жазушының артында том-том дүние қалуы міндетті деп ойламаймын. Ақын төрт аяғын тең басқан өлеңді жас кезінде болмаса, егде кезінде тек Алланың құдіретімен жарыққа шығарады. Нағыз талант өліп-тіріліп, қайтсем кітап жазамын, қайтсем өлеңдерімнің санын көбейтемін деп тыраштанбайды. Поэзия кітаптың көптігімен, шумақтарының ұзақтығымен өлшенбейді. Әлем әдебиеті классиктерінің қатарына енген Артюр Рембоның бар болғаны 19 өлеңі бар. Бірақ әр өлеңі бір кітапқа татырлық. Сол сияқты Табылды досымыз да жазғысы келсе де, келмесе де өзін қинап, жыр жазған адам емес. Ол тек жүрегі шымырлағанда ғана қолына қалам алатын. Жүректен шыққан сөздері арқылы қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған бірегей ақын деп толық сеніммен айта аламын.

Бижан ҚАЛМАҒАМБЕТОВ, Т. Досымов атындағы қоғамдық қордың директоры:

– Табылдының қай өңірде, қандай кештері өтсе де міндетті түрде қатысуға тырысамын. Ол шағын кітапханада, облыстық деңгейде болса да, шығармашылығының насихатталғанына қатты қуанамын. Табылдыны танитын замандастары, бірге жүрген достары оны ешқашан ұмыт қалдырмайды. Өзі жас кетсе де шәкірт тәрбиелеп, өлмес мұра қалдырып кетті. Маңғыстау облысында Есенбай Құли атты інісі бар. Ұлы Абыл, осы кештің ұйымдастырушысы Тәуірбек Бозекенов сынды өнерлі жастар оның туындыларын ұрпақтан ұрпаққа аманаттап жеткізері анық.

Тәкеңмен өмірден өтер алдында қоян-қолтық араластым. Соңғы бес-алты жылда жолдас болып, қасында бірге жүрдім. Ол ақын, бард, мемлекеттік қызметкер ғана емес, тарихи тұлғаларды түгендеп, зираттарын қайта жаңғыртқан тарихшы да еді. Махамбет бабасының қорын басқарып, кесенесін тұрғызуға атсалысуы – тектілігі, азаматтығы болса керек. Оның елін, жерін қаншалықты жақсы көргендігін патриоттық өлеңдерінен де байқаймыз. Қазаққа рух береді, жігер сыйлайды. Сондықтан меніңше, Табылдың өлеңін жаттап өскен ұрпақ ұлтан болмайды, сұлтан болады!