Тарих ғылымының өзекті мәселелері талданды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тарих ғылымының докторы, профессор Уахит Шалекеновтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Археология, этнология және музеология контексіндегі тарих ғылымының өзекті мәселелері» тақырыбында «Шалекенов оқулары – II» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Көрнекті ғалымның мерейтойына арналған іс-шаралар аясында өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды, ҚазҰУ-дың тарих факультетінде У.Х.Шалекенов атындағы этнографиялық мұражай құрылды. Мұражайдың ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, профессор Уахит Шалекеновтің ғылым мен еліміздің жетекші университетінің дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.
«Уахит Хамзаұлы саналы ғұмырын ҚазҰУ-ға арнады. Тарих факультетінің деканы, кафедра меңгерушісі болып жемісті жұмыс атқарып, өнегелі із қалдырды», – деді университет басшысы.
Уахит Шалекенов – археолог, этнолог және қазақ тарихының білгірі ретінде ғылымда өзіндік мектеп қалыптастырып, ізбасар шәкірттер тәрбиелеген тұлға.
Ғалымның түркі және арий өркениеттері жөніндегі еңбектері, ортағасырлық Ақтөбе, Баласағұн қалаларына қатысты зерттеулері ұлттық тарих ғылымының мұрасына айналды. Бүгінде бұл еңбектер шетелдік мамандарды да қызықтырып отыр.
Пленарлық отырыста сондай-ақ: мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ мұнай және газ институты бас директорының кеңесшісі, AERC Қолданбалы экономика ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми директоры Жақсылық Құлекеев, ҚазҰУ ардагерлер кеңесінің төрағасы, химия ғылымының докторы, профессор, академик Зұлхаир Мансұров, тарих ғылымының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов сынды тұлғалар сөй сөйлеп, қайраткер ғалымның еңбектеріне тоқталды.
Конференция жұмысы секциялық отырыстармен жалғасты, онда «Қазіргі кезеңдегі Қазақстан археологиясының ғылыми жетістіктері мен өзекті мәселелері», «Қазақстан этнологиясының даму бағыттары мен перспективалары», «Отан тарихының өзекті мәселелері», «Ұлы Жібек жолы және Еуразия халықтарының этномәдени процестері», «Қазақстандағы мұражай ісінің инновациялық дамуының заманауи мәселелері» сияқты өзекті тақырыптар қаралды.
Конференцияға білікті тарихшылар, этнологтер, археологтер, мұражайтанушылар, өлкетанушылар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі