ҚазҰУ мен Франция институты бірлескен зертхана құру туралы келісімге қол қойды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Францияның экология және қоршаған орта институты «Орталық Азияны зерттеу жөніндегі археозоологиялық орталық» атты зертханасын құру туралы келісімге қол қойды. Бұған француз делегациясының ҚазҰУ-ға жұмыс сапары аясында қол жеткізілді.
Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов пен Франциядағы Экология және қоршаған орта институтының директоры Стефан Блан кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында тараптар орталықты ашу, зертхананы материалдық-техникалық базамен толықтыру мәселелерін талқылады, сондай-ақ оның негізгі қызмет бағыттарын айқындады.
Құрметті қонақтарды қарсы ала отырып Еркін Дүйсенов ҚазҰУ-дың Франция жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Сонымен қатар проректор серіктестікті одан әрі арттыру үшін бірлескен орталық құру маңызды екенін атап өтті.
«Бүгінде Қазақ ұлттық университеті Францияның 21 жоғары оқу орнымен тығыз қарым-қатынаста. Біздің ЖОО-да «Геоэнергетика» қазақ-француз ғылыми-білім беру орталығы жұмыс істейді. 2022/23 оқу жылында 36, 2023/24 оқу жылында 71 білім алушы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Францияда білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтіп, жазғы мектептерге қатысты. Жаңа орталықтың қызметі өңірлердегі өзекті табиғи проблемаларды шешуге және ғалымдардың ғылыми-зерттеу жобаларының санын арттыруға мүмкіндік береді деп санаймын», – деді проректор.
Өз кезегінде Францияның Экология және қоршаған орта институтының директоры Стефан Блан қонақжайлылық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, ҚазҰУ-мен бірлескен орталық құруға қуанышты екенін жеткізді.
«Халықаралық зертхананың негізгі мақсаты – ұзақ уақыт бойы адам мен жануарлар арасындағы қарым-қатынас динамикасының призмасы арқылы адамзат қоғамдарының өткенін зерттеу (археология). Орталықта жүргізілген зерттеулер зертханалық талдауларға, бүкіл Орталық Азия өңірі бойынша халықаралық далалық миссияларды басқаруға негізделетін болады», – деп қорытындылады өз сөзін құрметті қонақ.
Жүздесу соңында тараптар ғылыми зертхананы ашу жұмыстарын жүйелі атқаруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі