ҚазҰУ-да ғалымдар мен зерттеушілерге арналған тренинг өтті.

16 қазан, 2015

«Ньютон – әл-Фараби» бағдарламасы аясында ҚазҰУ-да «Researcher Connect» атты үш күндік тренинг өтті. Іс-шараға Алматы қаласының 16 жоғары оқу орнының ғалымдары мен зерттеушілері қатысты.

Тренинг қатысушылары тренинг барысында жинаған тәжірибелерімен, алған әсерлерімен бөлісті.

Гүлнар Нәдірова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті, Таяу Шығыс кафедрасының профессоры: «Бұл семинар Қазақстан мен Ұлыбритания үкіметінің ұйымдастыруымен, «Ньютон – әл-Фараби» бағдарламасы аясында өтті. Профессорларға, ғалымдар мен оқытушыларға тренингтер мен семинарлар өткізу бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі болып есептеледі. Тренингті екі қазақстандық және бір канадалық тренерлері өткізді. Үш күндік семинар аясында олар өздерін жоғары білікті маман ретінде көрсетіп, ғылыми ортада байланыс орнатудың түрлі әдіс-тәсілдеріне мысал келтірді. Тренингке жалпы саны Алматының 16 жоғары оқу орнының ғалымдары мен зерттеушілері қатысты. Осы іс-шараның арқасында біз бір-бірімізбен жақын танысып, нәтижелі жұмыс жасауға мүмкіндік алдық»,- деді.

«Оқу тренингінің университетімізге берер пайдасы зор. Біріншіден, ҚазҰУ әлемдік ғылыми қауымдастықпен бірігеді. Бізге тренингте шетелдік ғалымдармен қалай байланыс орнату керектігін көрсетті. Екіншіден, тәжірибе алмастық. Енді біз, осы семинарда алған білімімізбен университетіміздің басқа да ғалымдарымен бөлісе аламыз. Бұл, әрине, біз үшін өте маңызды. Себебі, біз Қазақстандағы ең үлкен әрі жетекші университеттердің біріміз. Ал үшіншіден, біз өзге университет өкілдерімен берік байланыс орнаттық. Сол арқылы алдағы уақытта да бірге нәтижелі еңбек ететін боламыз. «Researcher Connect» аты атап тұрғандай, тренингтің маңызды бөлімінің бірі – байланыс орнату», - дейді Гүлнар Нәдірова.

Өзінің пікірімен Алматы экономика және статистика академиясының ғылым және инновация жөніндегі проректоры Дауыт Мұхамбетов те бөлісті: «Мен бұл тренингте халықаралық жобаларға құжат рәсімдеудің әдіс-тәсілдерін үйреніп, кейін оны өз университетімде жүзеге асырсам деймін», - деп атап өтті.

«Семинар дәл қажет уақытында өтті. Және ол ғылымға енді араласып жатқан жас зерттеушілерге де, тәжірибелі ғалымдарға да бірдей пайдалы. Халықаралық коммуникациялық дағдыларды дамытуға бағытталған интерактивті оқыту курстары ғылыми-зерттеу қызметінің кез келген сатысында жүрген және кез келген академиялық салада жұмыс істейтін зерттеушілерге арналған. Халықаралық әріптестіктегі байланысты дамыту курстың негізгі мақсаттарының бірі. Маған тренингке қатысушылардың, көбі ҚазҰУ өкілдері, кәсіби деңгейі өте ұнады. Олардың барлығы ағылшын тілін еркін меңгерген және өздерінің ЖОО ғылыми жұмыстарды ұйымдастырумен немесе жобаға қатысумен айналысады», - дейді Дауыт Мұхамбетов.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды қабылдаушы жақ ретінде ерекше атап өту керек. Мен осы ЖОО түлегімін. Кезінде физика факультетін тәмәмдағанмын. Қазіргі таңда ҚазҰУ-дағы әріптестеріммен байланысты үзбеуге тырысамын. Университет ұжымы тренингті жоғары дәрежеде ұйымдастырған. Сол арқылы ҚазҰУ-дың әлемдік аренадағы беделі артып келеді. Семинарды ұйымдастырушылардың арасында Британдық Кеңесте жұмыс жасаған доцент Диляра Вудворд та бар.

Қазіргі таңда ҚазҰУ қазақстандық ЖОО ішіндегі жетекші университет екенін айтудың өзі бір ғанибет. Мұнда ғылыми-зерттеу ұйымдарымен байланыс орнатуға, технопаркті дамыту мен технологияларды коммерциялау арқылы нәтижені өндірісте көрсетуге көп көңіл бөледі. Осы жетістіктердің бәрі ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұтановтың инновациялық стратегияларының арқасында жүзеге асып жатқандығын байқауға болады».

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Ұлыбритания мен Қазақстан үкіметі жалпы ұзақтығы 5 жылға жоспарланған, бюджеті 20 миллион фунтты құрайтын «Ньютон – әл-Фараби» әріптестік бағдарламасын жүзеге асырған болатын. Екі жақ жобаны тең деңгейде қаржыландырады.

Бірлескен екіжақты және көпжақты жұмыс аясында Ұлыбритания мен Қазақстан ғылыми-зерттеу және инновация саласында осыған дейін орнатылған байланыстарды ары қарай дамытуға мүдделі.

Жобаға қатысу шарттары туралы қосымша ақпаратты britishcouncil.kz сайтынан оқи аласыздар.