ҚазҰУ Шеньян университетімен бірлесіп маман дайындайды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Шеньян таланттарды инновациялық оқыту оқу орнының ректоры Гуан Шифенмен кездесті.
Сұхбат барысында екі ЖОО арасындағы байланыстарды нығайту мәселесі талқыланып, бірлесіп магистранттар мен докторанттарды даярлау жұмысы пысықталды.
Кездесуде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың Қытай ЖОО-ларымен ынтымақтастығы туралы ақпарат берді. Сондай-ақ ректор өз сөзінде оқу ордасының базасында Қытай университеттерімен бірге ашылған ғылыми зертханалардың жұмысына тоқталды.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 970 қытайлық студент білім алады. Қытай ЖОО-ларымен байланыс күннен-күнге артып келеді. Шеньян таланттарды инновациялық оқыту оқу орнымен бірлесіп магистранттар мен докторанттарды даярлау жұмысын жаңа оқу жылынан бастағанымыз жөн. Сұраныс артып жатса, білім алушы жастардың да санын арттырамыз», - деді ректор.
Жүздесу барысында Шеньян таланттарды инновациялық оқыту оқу орнының ректоры Гуан Шифен екі жоғары оқу орынның техникалық, ІТ, гуманитарлық ғылымдар бойынша ынтымақтастық перспективаларының мол екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар магистранттар мен докторанттарды дайындау бойынша ортақ жұмыс тобын құрып, келісімшарт жасасуға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі