Қазақстан инженерлік білім берудегі еуропалық бірлестікке мүше болды.
Лиссабонда (Португалия) өткен Еуропаның ұлттық инженерлік қоғамының бас Ассамблеясы «FEANI» отырысында, инженерлік білім беретін Қазақстандық Ассоциация (KazSEE) жоғарыда аталған ұйымға толық құқылы мүше болып қабылданды. «KazSEE» Қазақстанда 2007 жылы құрылған болатын.
«KazSEE» қазақстандық инженерлік білім беру ассоциациясының президенті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов: « «KazSEE»-дің «FEANI»-ге толық құқылы мүше болуы келесідей мүмкіндіктерге: жаратылыстану, инжиниринг және технология саласындағы мамандарға біліктілігін арттыруға, инженерлік карта (Engineering Card) мен еуропалық сертификат алуға және де ең бастысы еуропалық инженерлер реестріне (EurEng) қосылуға жол ашады. Бұл отандық инженерлерге Еуро Одаққа мүше елдерде еркін жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді», - деді.
«KazSEE»-дің әлемдік инженерлік білім беру қауымдастығына қарай жасаған тағы бір нақты қадамы, елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруда оң нәтиже береді деп сенеміз.
1951 жылы құрылған «FEANI»қазіргі таңда Еуропадағы белді кәсіби бірлестіктердің бірі. «FEANI» Дүниежүзілік Инженерлік Ұйымдар Федерациясының (WFEO) негізін қалаушы ретінде ресми мойындалған. Оның UNESCO-да, БҰҰ жанынан құрылған өндірісті дамыту жөніндегі ұйымда және Еуропа кеңесінде консультациялық беделі бар.
Кәсіби бірлестікке әр елден бір ғана ұйым мүше бола алады. Ол сол елдің барлық инженерлік бірлестіктерінің мүддесіне жұмыс жасауы шарт.
«FEANI» бүгінде Еуропаның 32 елінен 4 млн. кәсіби инженерлер мен 350-ге жуық ғылыми инженерлік ұйымдарды біріктіріп отыр.