Осыдан 26 жыл бұрын «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы көптеген қарсылықтарға қарамастан, Семей ядролық сынақ полигонында жоспарланған 18 жарылыстың 11-ін тоқтатқан болатын. Әскери-өнеркәсіптік кешен тек 7 жарылыс жасап үлгерді, оның ең соңғысы 1989 жылы 19 қазан күні орын алған еді. Қазақ жерін дүр сілкінткен осы соңғы ядролық жарылыс күніне орай белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, «Невада-Семей» антиядролық халықаралық қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов пен қозғалыс өкілдері ҚазҰУ ұстаздарымен және студенттерімен кездесті.
«Осы уақыт ішінде үрей басылғанмен, 40 жыл бойы жарылыс жасалып келген аумақ қасіретінен айыға қойған жоқ. Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларының тұрғындары атом бомбасының құрбаны болып, соның зардабын осы күнге дейін тартып келеді», – деп сөз бастады кездесуді ашқан ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанұлы. «Кеңестік тоталитарлық жүйе ядролық сынақтар үшін қандай зұлымдыққа барды десеңізші. Жойқын жарылыстар Абайдай данышпан шыққан, Әуезовтей ғұлама жазушыны берген, махаббаттың мәңгі символына айналған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» ескерткіштері тұрған Семей жерін тоздырып, елін аздырды. Радиациялық жарылыс әсері барша қазақ жерін шарпыды. Осынау қауіпті күшке қарсы алғаш Олжас Омарұлы бас көтерген болатын. 1989 жылы «Невада-Семей антиядролық қозғалысы дүниеге келді. Бұл қозғалыс бүкіл республикада және дүниежүзінде қолдау тапты. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды. Соның арқасында жарты ғасырдай індет ошағы болған дертті аумақ жабылды», – деп атап өтті ректор.
Деректерге сүйенсек, полигонның 40 жылдық тарихында 459 жарылыс жасалды. 1949-1962 жылдары ашық ауада 88 сынақ, жер қойнауында 3 рет бомба жарылды. 1953 жылдың 12 тамызында әлем тарихында алғаш рет термоядролық құрылғы ашық аспан астында сынақтан өтсе, 1955 жылдың 22 қарашасында жер үстінде жарылған сутегі бомбасы жанталаса қаруланған дүниежүзінің державаларын Кеңес Одағының алдында тізе бүгуге мәжбүр етті. Өйткені, бұл сынақ адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған еді. Сондай-ақ, Кеңес елі осы уақыт аралығында ядролық заряды бар 6 құрылғыны жеті қат көкке жуық жоғары биіктікте сынақтан өткізіп үлгерді. Ал, жер қабатындағы тік ұнғымалар мен көлбеу туннельдерде 340-тан астам сынақ жүзеге асырылды. Одан 1.5 миллион адам зардап шекті.
Кездесу барысында сөз алған қозғалыс президенті, белгілі ақын Олжас Сүлейменов алдымен туған университет табалдырығын аттаған сайын ерекше сезімде болатынын атап өтті. Қызықты студенттік жылдарын еске ала келе, ол: «Осы қозғалысты бастағанда, ең алымен, бізге үлкен көмек көрсеткен студенттер болды. Олар бір-екі апта көлемінде 2 миллионнан астам қол жинады. Бұған дейін әлем бойынша мұндай ауқымды әрі нәтижелі қозғалыс болмаған еді. Олардың көбі митинг, науқандармен шектелген болатын», – деп, қозғалысты алға жылжытудағы жастардың рөлін ерекше атап өтті. Ақынның айтуынша, халық дипломатиясы мен парламент дипломатиясының бірігуі нәтижесінде дүниежүзілік деңгейдегі жетістікке қол жеткен. Осылайша, қозғалыс мыңдаған жарылыстарды тоқтатты.
«Алайда, бүгінгі таңда әлемде орын алған әскери-саяси жағдай ядролық қару қаупін сейілтпей отыр. Сондықтан біз келер жылы Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығына орай «Әлем сайлаушылары – ядролық қаруға қарсы» деген ұранмен Астана қаласында халықаралық конгресс өткізуді жоспарлап отырмыз. Егер біз халықаралық және парламентаралық референдумға қол жеткізсек, бұл барша адамзаттың жеңісі болмақ. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін, әрине, жастардың күш-қайраты мен белсенділігі қажет», – деген Олжас Омарұлы жастарға үлкен сенім артатынын айтты.
Өз кезегінде ҚазҰУ жастары қазақтың ардақты азаматы, ақиық ақын Олжас Сүлейменовке үлкен алғыстарын білдіріп, әлемдегі бейбіт өмір үшін оның бастамаларына қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
Әйгерім ӘУЕЗХАН