Табиғи қауіптердің алдын алу маңызды
Қазақта «от пен су – тілсіз жау» деген мәтел бар. Айтып келмейтін табиғи апаттарға қатысты шыққан сөз. Осы апат санатына соңғы кезде жиі орын алып кеткен зілзаланы жатқызуға болды.
Тянь-Шань тау жотасына жақын жатқан Алматы қаласы бірнеше тектоникалық плиталардың қиылысында орналасуына байланысты сейсмикалық белсенділік жиі көрініс беріп отырады. Сейсмикалық бақылаулар нәтижесі бойынша жыл сайын қаланың 80 шақырымдық радиусында 200-ге жуық әлсіз жер сілкінісі болады екен. Тек қала аумағында 30-ға жуық тектоникалық жарылымдар бар. Олардың 60 пайыздан астамы таулы аймақтарда орналасқан. Сейсмологтер 23 қаңтарда Алматыда болған қатты жер сілкінісінен кейін 5000-нан астам жер сілкінісін тіркеді. Дей тұрғанмен сейсмологтер тұрғындарды «жақын арада жойқын жер сілкінісі болмайды» деп сендіруде.
Өңірдегі жоғары сейсмикалық белсенділікті ескере отырып, Алматыдағы ықтимал қауіптер мен жер сілкіністерінің салдарын барынша азайту үшін сақтық шараларын жүзеге асыру өте маңызды. Осы тұрғыда кейбір негізгі стратегияларға тоқталайық:
1. Қатаң құрылыс нормалары мен ережелері: берік құрылыс нормалары мен ережелерін енгізу және орындау ғимараттардың құрылымдық тұтастығын қамтамасыз ете алады. Бұған ескі ғимараттарды жер сілкінісіне төтеп беру үшін қайта жабдықтау және жаңа құрылыстар үшін қатаң нұсқауларды орындау кіреді.
2. Халықты хабардар ету және машықтандыру: жалпы жұртшылық арасында жер сілкінісіне дайындық туралы ақпараттарды тарату өте маңызды. Төтенше жағдайларды жою хаттамалары, эвакуациялау жолдары және үй мен жұмыс орындарындағы ауыр заттарды қорғаудың маңызы туралы түсіндіру.
3. Ерте ескерту жүйелері: ертерек ескертудің тиімді жүйесін әзірлеу және енгізу жер сілкінісі болғанға дейінгі құнды уақыт адамдардың жасырынуына немесе эвакуация процедураларын шұғыл бастауға мүмкіндік береді.
4. Төтенше жағдайға ден қою және дайындық: тұрақты оқу-жаттығу және модельдеу арқылы төтенше жағдайды жою мүмкіндігін күшейту қаланың жер сілкінісі кезінде тиімді әрекет ету қабілетін арттырады. Тұрақты байланыс желілерін құру және эвакуациялау жоспары келісілген әрекетті жеңілдетеді.
5. Үздіксіз мониторинг және зерттеу: жер сілкінісін бақылау жүйелеріне инвестиция салу және үздіксіз зерттеулер жүргізу біздің аймақтағы сейсмикалық әрекеттер туралы түсінігімізді арттырады. Бұл деректерді жер сілкінісінің заңдылықтарын болжау, тәуекелдерді бағалау және саяси шешімдерді ақпараттандыруға болады.
Табиғи және төтенше жағдай кезінде қызмет атқаратын мамандарды даярлайтын география және табиғатты пайдалану факультетінде «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» және «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» бөлімдері бар екенін еске саламыз. Бұл бағыт бойынша оқып жатқан білім алушыларға «Сейсмология негіздері», «Құтқару істерінің негіздері және апаттар медицинасы», «Тіршілік әрекетінің кауіпсіздігі», «Қауіпті табиғи процестер» сияқты пәндер оқытылады. Мұнда білім алушылар жер сілкінісі пайда болуының себебі мен жағдайын, олардың географиялық таралуын, жер сілкіну әсерінен пайда болған сейсмикалық (серпімділік) толқындарды және сол толқындардың жердің ішкі қабаттарында таралуын зерделейді. Қауіпті табиғи процестердің дамуының теориялық аспектілерін сипаттау негізінде қауіп-қатерлерді жіктеу арқылы әлеуметтік қауіп-қатерлерді бағалау және болжау қабілетін қалыптастырады. Яғни болашақ жас мамандар тек білім алып қана қоймай, алған теориялық білімдерін тәжірибемен жетілдіріп, бекіту арқылы нақты өз саласының білікті маманы болып шыға алады.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Сейсмология институты» ЖШС техногендік сейсмикалық зертханасының жетекші қызметкерлері, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» ММ Төтенше жағдайлардың алдын алу және қорғаныс құрылымдарын пайдалану басқармасының мамандары да өз жұмыстарын алдын ала даярлап келген видеороликтер арқылы студенттерге таныстырып, оларды өз мекемелерінен тәжірибеден өтуге және болашақта жұмыс істеуге шақырады. Қазіргі таңда табиғи қауіптердің алдын алу, болжау және қауіптен кейінгі табиғатқа тигізген салдарымен жұмыс істейтін мамандардың тапшылығын тілге тиек етеді.
Мамандардың айтуынша, Алматы 10 баллдық сілкініс болжанатын қалаға жатады. Тек Алматы қаласы емес, соңғы жылдардағы зерттеулер қорытындысы бойынша сейсмикалық қауіпті аймаққа ел аумағының 45 пайызы жатады. Осы себепке байланысты жаңа құрылыс кодексінің жобалау ерекшеліктерінің қосымша ережелерін енгізу қолға алынуға тиіс.
Жыл сайынғы әлемнің көптеген елдерінде шамамен 150 жойқын, 7000-ға жуық күшті, 19 мың орташа, 150 мың әлсіз және бірнеше миллион өте әлсіз жер сілкінісі тіркеледі екен. Былтыр Түркия мен Сирияда, жыл басындағы Алматыда болған жер сілкінісінен кейін төтенше жағдайларға қатысты барлық мекемелер, оның ішінде ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің оқытушылары Ә.Көшім, Г.Жанғұлова мен Е.Орынғожин және т.б. ұстаздар БАҚ-қа сұхбат беріп, жер сілкінісіне қатысты ойымен бөлісті.
Тағы бір айта кетерлік жайт, жер сілкінісін ескере отырып, 1998 жылға дейін кеңестік норма қолданылып, соған сәйкес тау бөктерінде 10 баллдық күрделі құрылысқа мүлде тыйым салынған болатын. 2021 жылы норманың жаңа редакциясы қабылданды да, ол еуропалық стандарттарға сай, әлем бойынша «мұндай аймақтарда биік құрылыстар бар» деп нормаға өзгерістер енгізілгенін ҚазСҒЗИ сарапшысы Е.Шоқбаров мәлімдеген. Бірақ мұндай құрылыстар үшін талаптар өте жоғары және антисейсмикалық шараларды ескере отырып салынуы тиіс.
Алматы қаласының сейсмикалық қауіпті аймақта тұрғанын ескере отырып, дүрбелеңге салынбай, әрбір қала тұрғыны төтенше апатқа дайын болып, төмендегідей сақтық шараларын білуі тиіст.
Жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадам:
1. Жер дүмпуі кезінде үрейленбеңіз.
2. Жер сілкіну кезінде лифті мен баспалдақты қолданбаңыз.
3. Жиhаздан, терезеден аулақ тұрыңыз.
4. Жасырынатын жерді табыңыз, жоғарғы қабаттарда негізгі іргелі қабырғалардың бұрышынан орын алыңыз.
5. Ғимараттан шығыңыз (төменгі қабаттарда), көпқабатты үйлерде жер сілкінісі аяқталған соң ғимараттан шығыңыз.
6. Шығарда суды, газды, электр қуатын өшіріңіз.
7. Дабыл жол сандығын алыңыз (оны алдын ала дайындау қажет).
8. Электр желілерден, ғимарат, ағаштардан аулақ тұрыңыз.
9. Жер сілкінуіне дайын болыңыз.
10. Қарт адамдарға, балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіңіз.
Тағы бір айтарым, жер сілкінісін және оның жойқын күшін болжау әдісі әлі де жоқ, сондықтан қоғамда дүрбелең тудыратын адамды тыңдау қажет емес.
Ақтоты БЕКЖАНОВА,
Картография және геоинформатика кафедрасының оқытушысы