ҚазҰУ ортағасырлық жазба мұраларын зерттеу мәселесін талқылады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім ордасының 90 жылдығына және белгілі шығыстанушы ғалым Ақбота Ахметбекованың 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ортағасырлық мәдени мұралардың зерттелуі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар қатысты.
Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректор Сәбит Суатай шығыстанушы ғалым, филология ғылымының кандидаты, арабтанушы, қауымдастырылған профессор Ақбота Кәрібайқызын атаулы мерейтойымен құттықтап, оның негізгі еңбегі мен жетістіктерін атап өтті.
Дарынды ғалым, ұлағатты ұстаз, құрметті педагог ғұмырын шәкірттерінің жаңа буынын тәрбиелеуге және ғылымға қызмет етуге арнады. Ақбота Ахметбекованың негізгі ғылыми қызығушылығы Қ.А.Ясауи шығармашылығы, қазақ әдебиетіндегі сопылық бағыт, фольклор және ортағасырлық әдеби ескерткіштермен тығыз байланысты. Ғылыми жарияланымдар арасында маңызды еңбек ретінде бағаланатын «Қожа Ахмет Ясауи» (1998), «Қазақ әдебиетіндегі сопылық поэзия» (2011) атты монографиялары ерекше орынға ие.
Ақбота Ахметбекова оқушылар мен студенттерге арналған оқу бағдарламалары мен оқулықтарды әзірлеуге, жастар арасында қазақ тілі мен мәдениетін насихаттауға бағытталған түрлі білім беру және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мен оны өткізуде белсенділік танытады.
«Ақбота Ахметбекованың шығармашылық қызметі ғылым мен білімге деген адалдықтың жарқын мысалы. Филология, оқытушылық қызмет және қоғамдық белсенділіктің дамуына қосқан үлесі арқасында ол Қазақстанның академиялық қоғамдастығындағы басты тұлғалардың біріне айналды. Ол өз жұмысы негізінде студенттер мен әріптестерін шабыттандырып, қазақстандық ғылым мен мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін», – деді проректор өз сөзінде.
Шараға Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы Баян Жұбатова, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, доктор Мұхаммед әл-Шаххат Абдулхамид Мұхаммед әл-Джинди, арабтанушы, кафедра ардагері Гүлжан Рамазанова, ҚазҰУ профессоры, филология ғылымының докторы Гүлнар Надирова, Египет Араб Республикасындағы ҚР төтенше және өкілетті елшісі Лама Шариф Қайрат Қайырбекұлы және басқалар қатысып, баяндама жасады.
Шара аясында қатысушылар ортағасырлық жазба ескерткіштерін әдеби мұра ретінде зерттеу, ортағасырлық жазба ескерткіштеріндегі теологиялық және философиялық мәселелерді талқылады. Бір айта кетерлігі, конференция материалдары ғылыми жиыннан кейін ұжымдық монография түрінде жарық көреді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі