Марқакөлді зерттеу мәселесі өзекті
2011 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы пластмассаларды, соның ішінде микро- және макропластикті жаңадан пайда болған экологиялық мәселе ретінде анықтады. Зерттеу әлі салыстырмалы түрде, өйткені пластмассаға байланысты мәселелер әлі толық анықталмаған. Қазіргі зерттеулер олардың шағын өлшеміне қарамастан, микро- және макропластиктердің үлкен мәселе туғызатынын көрсетеді.
Соңғы уақытта су ортасындағы микро- және макропластикалық ластануды зерттеуге көп ғылыми күш жұмсалды. Мысалы, мақалалардың көпшілігі теңіз ортасының пластикалық ластану тақырыбын зерттеуге бағытталған, ал тұщы су жүйелерінің жайы әлі де қарастырылмаған. Осылайша тұщы су экожүйесінен табылған микропластик олардың токсикалық әсері төмен деп саналған жағдайдың өзінде су биотасын ластап, физикалық зақым келтіруі және қоректік тізбекке енуі мүмкін. Жүйелі зерттеулер қалыптасқаннан бері Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка, Еуропа, Азия және Африкадағы түрлі көлемдегі көлдерде микро- және макропластикалық ластану анықталды. Қазір суқоймаларда, әсіресе маңайында тұрақты халық тұрмайтын шалғай көлдердегі пластикалық ластану туралы дерек іс жүзінде жоқ. Мұндай жағдайларда микро- және макропластика жауын-шашын арқылы тіпті алыстағы қорғалатын аймақтарға да ене алады.
Қазақстанда антропогендік әсерге тікелей ұшыраған және шартты түрде бұзылмаған, бірақ соған қарамастан, микро- және макропластикпен ластануға осал, түрлі көлемдегі биік таулы көлдер бар. Осы уақытқа дейін әдебиеттерде жалпы Қазақстанның жерүсті суларында, соның ішінде бірегей Марқакөл көлінде микро- және макропластиктердің мөлшері туралы деректер болмаған. Ғылыми басылымдар санының көбейгеніне қарамастан, мәселенің бұл жағы біздің елде толық зерттелмеген. Осыған байланысты тұщы су экожүйелерінің пластикалық ластану дәрежесі мен көлемін түсінуді жақсарту үшін бұл тәжірибелік жұмыс судың сапасын бағалауды, морфометриялық сипаттамаларды жаңартуды, сондай-ақ микро- және макропластикалық заттардың құрамын анықтауды қамтитын ғылыми жұмыстардың кешенін орындауды қамтиды.
Зерттеудің негізгі мақсаты – Марқакөл көлінің су экожүйесіндегі микро- және макропластикалық заттардың мөлшерін, кеңістікте таралуын және өзгергіштігін анықтау арқылы қажетті білім деңгейіне қол жеткізу.
Бұл зерттеулер еліміздегі алғашқы зерттеу жұмыстарының бірі. Осындай мәселелерге байланысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті АР 14870595 гранттық қаржыландыру негізінде «Марқакөл көлінің су ортасының жай-күйінің мониторингі және микро- және макропластикпен ластану деңгейін бағалау» гранттық жобасы аясында «География және су қауіпсіздігі» АҚ, Гидрохимия және экологиялық токсикология зертханасы қызметкерлерімен далалық ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында жергілікті тұрғындар және Марқакөл резерват қызметкерлерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тұрғындарға көлдің маңызы және туристік мақсатта дұрыс пайдалану қажеттілігі жайында ұсыныстар айтылды. Мұндай шара Марқакөл көлінің антропогендік әсерден ластанудың алдын алуға көмектеседі.
Сонымен қатар еліміздің жауһар жерлерін сақтаудың өзектілігі туралы жас жеткіншектермен әңгіме-сұхбат жүргіздік. Олардың ойын біліп, қоршаған орта байлығын қорғау жайында тұшымды талқы болды. Туған жерге деген сүйіспеншілік, табиғатқа қамқорлық көрсету керек екені айтылды. Біз өзіміздің іс-әрекеттеріміз арқылы жас буынға үлгі болуға тиіспіз. Шара соңында балаларға сыйлық таратылды.
Алдағы уақытта Мемлекет басшысы мұрындық болған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы негізінде жергілікті тұрғындармен бірге Марқакөл жағалау аймағын және көл бетін пластиктен тазалау жұмыстары жоспарлануда. Елімізде осындай акциялар жиі ұйымдастырылса әрі әр азамат табиғатымызға бейжай қарамай атсалысуы міндетті.
Келер ұрпаққа табиғи жауһарларымызды таза, көркем жағдайда қалдыру – сіз бен бізге аманат.
Азамат МАДИБЕКОВ,
Метеорология және гидрология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD