Университеттің барлық факультетінде дәріс оқыдым

27 маусым, 2024

Мен 1943 жылы 10 мамырда Қостанай облысының Урицкий ауданы Қараоба ауылында дүниеге келдім. 1960 жылы Қараоба қазақ орта мектебін күміс медальмен бітірдім. Мектепте мате­мати­ка­ны жақсы көре­тін­мін, 10-сыныпта оқып жүргенімде Қостанай қаласында бірінші об­лыстық оқушылар ара­сында математика­лық олимпиада өтті, осы олимпиадаға қатысып, жүлделі орынға ие болдым.

 

Осы жылы С.Киров атындағы Қа­зақ мемлекеттік университетінің ме­ханика-математика факуль­теті­н­е оқуға түстім. Сол жылы жоғары оқу орындарына түсу үшін мектепті алтын және күміс медальмен бі­тір­ген түлектердің барлығы қабылдау емтиханын тапсырды. Мен ме­ханика-математика факультетіне оқу­ға түсу үшін математикадан ауыз­ша және жазбаша, қазақ ті­лінен шығарма, орыс тілінен дик­тант және шет тілінен ауызша ем­ти­хан тапсырдым.

Механика-математика факуль­те­тіне түскеннен кейін біз ауыл­ша­руа­шылық жұмысына бардық. Біздің топты Алматы облысының Қаскелең ауданына көкөніс жинау­ға жіберді. Топта ұстаздардан же­тек­ші болмады, біз өз тобымызды өзіміз басқардық. Арамызда же­тек­шілік етуге ниет білдірген бел­сенді студент болды, ол Павлодар облысынан оқуға түскен Ғахип Уәлиев болып шықты. Жұмысты аяқ­таған соң Алматыға оралып, жатақханаға орналастық. Жатақ­ха­намыз Чайковская көшесінің бойында еді, жуынатын жер, бәрі далада-тын, бөлмеге от жағылады. Бөлмеде 16 қыз тұрдық. Біздің студенттік қызық өміріміз осылай басталды. Таңертең ерте тұрып са­бақ­қа кетеміз, біздің оқу ғимара­тымыз Комсомольская көшесінде (қазіргі Әскери кафедра) болды. Сабақтан кейін кітапхананың оқу залына барып, келесі күнге даяр­ла­намыз. Сабаққа ертерек келіп, бірден оқу залынан орын алып қоямыз.

Біз математикалық талдау, жо­ғары алгебра, аналитикалық гео­ме­трия және сипаттаушы геоме­трия пәндерін оқыдық. Бұл пән­дерді төрт семестр оқып, төрт емтихан тапсырдық. Сөйтіп, 3-курсқа дейін іргелі білім алдық. Бізге осы пәндерден атақты ға­лым-ұстаздар дәріс оқып, ғылым мен білімге жетеледі. Мате­ма­тикалық талдаудан атақты Хасан Ибрашев, жоғары алгебрадан про­фессор Жаңбырбаев, анали­тикалық геометриядан профессор Аяпбергенов дәріс оқыды. Барлық сабақ қазақ тілінде жүрді. Ең бастысы, 1-курста алғашқы сессия ақпанда басталды, өйткені 1 қыр­күйектен қазанға дейін ауыл­ша­руашылық жұмыстарында болдық. Мектептен кейін университеттегі алғашқы емтихан математикалық талдау пәнінен болып еді, бұл пәнді түсіну өте қиын, көп студент емтиханнан өте алмай қалды. Ол кезде 3-курсқа дейін пәнді тап­сыра алмаса, студенттер өздері осы факультетті тастап, басқа ма­ман­дықты таңдайтын.

Жоғарыда бір бөлмеде қазақ то­бынан 16 қыз тұрғанымызды айт­тым ғой, бұлардың барлығы медаль иегерлері, қазіргі таңда үшеуі кандидаттық диссертация қорғаған әрі немере, шөбере сүйіп отырған сүйікті әжелер. Бүгінгі күнге дейін профессор Есентай Алшынбаева адал еңбек етіп жүр.

Үшінші курстан бастап бізде ма­те­матикадан ауқымды түрде дәріс оқылды. Функционалдық талдау, математикалық физика­ның тең­деу­лері, диффе­рен­циал­дық тең­деу­лер, нақты айныма­лы­лар функ­циялары теориясы, күр­делі ай­ны­малылар функция­лары тео­риясы, осы пәндермен қатар, фи­ло­софия, саяси эко­но­мия, атеизм сияқты гуманитарлық пәндер орыс тілінде жүрді.

Біздің қазақ тобында Қазақ­станның әр аймағындағы ауыл­да­рынан жүрек қалауымен келген дарынды студенттер оқыды. Мен бірде ұстазымыз академик Құл­жа­бай Қасымов ағаға: «Біз мате­ма­ти­кадан түрлі арнайы курстарды, сан алуан пәнді тыңдаймыз, бірақ есімізде ештеңе сақталмайтын сияқты, болашақта қандай маман боламыз?» – деген сауал қойдым, сонда ұстазымыз: «Университетте бес жыл оқып, дәріске қатысып, профессорларды тыңдағаныңыз сізге жеткілікті», – деп жауап берді.

Университетті бітіргеннен кейін түлектердің көбі Қазақстанның же­текші жоғары оқу орындарында түрлі қызмет атқарып, кандидат­тық және докторлық диссертация қорғады. Біз механика-математика факультетінің 1965 жылғы түлек­те­ріміз, әлі күнге дейін аралас-құраласпыз, өзімізге «Мехмат-60» деген чат ашып алдық. Курстас­та­рымыздың қатарында Қазақ ұлт­тық политехникалық зерттеу уни­вер­ситетінің профессоры Ермек Хайруллин, есептеуіш-бизнесмен Тайтөлеу Төлтаев, Қазақ ұлттық уни­верситетінің профессоры Құ­рақ­бай Секеев, Қарағанды поли­тех­никалық университетінің про­фессо­ры Аман Жиенбаев, Алматы бизнес академиясының про­фессо­ры Есентай Алшынбаева, Алматы халық шаруашылығы уни­верситетінің доценті Батима Ча­сак­бай, Жетісу университетінің до­центі Гүлжихан Нуриденовалар бар.

Механика-математика факуль­те­тін бітіргеннен кейін тұрмыс құ­рып, жолдамамен еңбек жолымды Павлодар қаласындағы №25 по­литехникалық мектепте мұғалім болып бастадым.

1968 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «Есеп­теуіш машиналар» зерт­ха­насында математик-программист болып жұмысымды бастадым. Ке­йін Есептеу математикасы кафе­дра­сының ассистенті, аға оқы­ту­шысы, қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доцентімін. Қара шаңырақ қабыр­ға­сындағы еңбек өтілім – 55 жыл. Осы жылдары университеттің бар­лық мамандықтарына оқытудың жаңа технологияларын пайдалана отырып, программалау, ақпа­рат­тық технологиялар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, объектілі-бағытталған талдау және жобалау, информатика негіз­де­рі және есептеу техникасы, компью­терлік өңдеу курстарын оқып келдім, әлі де оқып жүрмін.

«Информатиканы оқытудың теориясы және әдістемесі» ма­ман­дығы бойынша педагогика ғылымының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғадым. 2003 жылы «Информатика, есеп­теу техникасы және басқару» ма­ман­дығы бойынша доцент ғылыми атағына ие болдым.

Мамандығым бойынша 34 оқу­лық және оқу-әдістемелік құрал (оның 19-ы қазақ тілінде), 12 элек­тронды оқулық (оның 6-уы қазақ тілінде) дайындадым. Бұл оқу құралдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында тіркелген. «Ғылым», «Қазақ университеті» баспаларында және т.б. ҚР БҒМ ғылыми журналдарында, сондай-ақ шетелдік ғылыми басылым­дар­да 200-ден аса ғылыми мақалам жа­рияланды.

2003 жылы тәуелсіз Қазақстан­ның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстарым мен оның гүлденуіне қосқан зор үлесім үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамо­та­сы­мен марапатталдым. 2014 жылы «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 80 жыл» мерейтойлық медалін кеудеме тақтым. 2018 жылы «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетіне сіңірген еңбегі үшін» күміс ме­да­лімен марапатталдым.

Менің бүкіл саналы өмірім Қазақ ұлттық университетінің қабыр­ға­сында өтіп жатыр. Алдымен сту­денттік өмірім осында өтті, одан кейін оқу ордасында қызметкер болдым, кейін ұстаздық еттім. Менің шәкірттерім Қазақстанның түкпір-түкпірінде әр салада қыз­мет атқарады. Өйткені мен осы уни­верситеттің барлық факуль­тетінде өзімнің мамандығым бо­йынша «Ақпараттық-коммуни­ка­ция­лық технологиялар» пәнін қа­зақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргіземін. Балаларым мен не­ме­релерім де менің жолымды қуып, осы мамандықтың иесі атанды. Ұлым мен келінім математика факультетінің түлектері, немерем Қазақ-Британ техникалық уни­вер­си­тетінің түлегі, IT маманы. Қазір шөбере сүйіп отырған әжемін.

Биыл қара шаңырақ ҚазҰУ-ымыз­дың 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жатырмыз. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар... Университет ұжымын, білім алу­шы­ларды мерейтоймен шын жү­рек­тен құттықтаймын. Қара шаңы­рақ білім ордасының мерейі әр­дайым үстем болсын, абыройы ас­қақтап, даңқы артсын!

Тиыштық ХАКИМОВА,

Компьютерлік ғылымдар кафедрасының доценті, п.ғ.к.